Зеленский: Ресей шекара маңында жаңа әскер тобын жасақтап жатыр

Харьковте Ресей соққысынан 14 адам қаза тапты

Sarbaz.kz редакторы
27/05/2024 - 10:29

Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің шекара маңында жаңа әскер тобын жинап жатқанын айтты. Бұл мәлімдемені президент сенбі күні Харьковте жүргенінде айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, Харьковте Ресей соққысынан 14 адам қаза тапты.

Президент Владимир Зеленский жексенбі күні Харьковтегі ірі құрылыс материалдары дүкеніне жасалған әуе соққысынан қаза тапқандар саны күрт өскенін негізге ала отырып, Ресей Украинаның солтүстік шекарасында шабуылды күшейтуге дайындалып жатқанын ескертті.

Сенбі күні түстен кейін Украинаның екінші үлкен қаласын бомбалау нәтижесінде 14 адам қаза тауып, 43 адам жараланды, деп хабарлады Харьков облыстық әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов.

Харьковтен жолдаған видеоүндеуінде Зеленский Ресей бұл қаладан солтүстік-батысқа қарай 90 шақырым жерде шабуылдау әрекеттерін дайындап жатқанын айтты. Оның айтуынша, ресейліктер Украина шекарасына жақын жерде тағы бір әскер тобын жинап жатыр.

«Агрессияның бірден-бір көзі Ресей болып саналады және соғыстың ауқымын үнемі кеңейтуге тырысады. Қазір біз осы жерден 60 шақырым солтүстік-шығысқа қарай тұста Ресейдің кезекті шабуылынан қорғануға мәжбүрміз.

Ресей осы жерден солтүстік-батысқа қарай 90 шақырым жерде шабуыл жасауға әрекеттеніп жатыр. Осыған байланысты шекарада тағы бір әскер тобы жасақталуда. Мұның бәрін жоспарлаған адам тыныштықты қаламайтыны анық.

Ресей диалогты қалайды ма? Украина Ресеймен келіссөз жүргізу барысында көп алданды», – деді Владимир Зеленский.

Зеленский ресейлік күштердің қай жерде жасақталып жатқанын нақты атаған жоқ. Бірақ Украина шенеуніктері Сум облысына қатысты алаңдаушылық білдірді. 250 мыңдай халқы бар Харьков пен Сум Ресей шекарасынан 25 шақырымдай жерде орналасқан.

Соңғы апталарда Ресей әскері ауқымды шабуыл нәтижесінде Харьков облысындағы бірнеше ауылды басып алды. Сарапшылардың пікірінше, олар қалаға оқ атуға тырысуы мүмкін. 10 мамырда шабуыл басталғаннан бері Украина билігі аймақтан 11 мыңнан астам адамды эвакуациялады.

«Ресей күштері бүкіл 1000 шақырымдық майдан шебінде, оның ішінде соғыс қарқыны өте жоғары Донецк облысының Часов Яр ауданында шабуыл операцияларын жүргізуде. Қорғаныс күштері жаудың алға жылжуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауда», – делінген Украина бас штабының мәлімдемесінде.

Жексенбіге қараған түні Ресей Украинаның көп бөлігіне зымыран мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы соққы жасады. Украина шенеуніктерінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері Николаев, Одесса, Днепропетровск, Полтава, Запорожье, Хмельницкий, Кировоград, Винница және Чернигов облыстарына ұшырған Ресейдің 31 шахед ұшқышсыз ұшағы мен 12 қанатты зымыранын атып түсірді.

«Ресей жалпы 14 зымыран мен 30-дан астам ұшқышсыз ұшақ ұшырған», – делінген Украина әуе күштерінің мәлімдемесінде.

Өз кезегінде Украинамен шекарада орналасқан Белгород облысының губернаторы украиналықтардың түнде жасаған шабуылдарынан төрт адамның жараланғанын айтты. Бір күн бұрын бұл аймақта атылған оқтан 4 адам қаза тапқан. Ресей қорғаныс министрлігі Курск облысында 7 ұшқышсыз ұшақ, ал Белгородтың солтүстігінде орналасқан Орловскаяда тағы үшеуі атып түсірілгенін мәлімдеді.

×

Редакция

$ 452.92  484.99  5.12