Путин Солтүстік Кореяға 18-19 маусым күндері барады

2023 жылдың соңынан бері Солтүстік Корея Ресейге 11 мың контейнерге жуық оқ-дәрі жіберген

Админ
17/06/2024 - 17:53

Фото: Kremlin.ru

Фото: Kremlin.ru

Кремль Владимир Путиннің КХДР-ға сапарының мерзімін жариялады. Ол 18-19 маусым күндеріне белгіленді. Путин КХДР-ға осыған дейін 2000 жылы барған болатын. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл сапар Украина мен Батыстың Солтүстік Кореяны Ресейге үлкен көлемдегі оқ-дәрілер – артиллериялық снарядтармен, баллистикалық зымырандармен қамтамасыз етті деген айыптауы аясында өтеді.

Осы жылдың басында Украина қауіпсіздік қызметі 2023 жылдың соңынан бері ресейлік әскерилер Украинаға Солтүстік Кореяның 20-дан астам қаруын қолданғанын, оның ішінде 2024 жылдың 2 қаңтарында Харьковке Hwasong-11 зымыранымен шабуыл жасағанын хабарлады.

Жалпы, АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы миссиясы басшысының орынбасары Трейси Ньюэллдің мәліметі бойынша, 2023 жылдың соңынан бері Солтүстік Корея Ресейге 11 мың контейнерге жуық оқ-дәрі жіберген.

Солтүстік Корея ядролық бағдарлама жасап, баллистикалық зымырандар шығарғаны үшін 2006 жылдан бері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясына ұшырады.

Оқ-дәрілерді жеткізуге жауап ретінде АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мәліметі бойынша, Ресей санкцияларды айналып өтіп, КХДР-ға мұнай өнімдерін жеткізіп отыр.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43