Бүгін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толды

Мерейтойға орай Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтау жариялады

Sarbaz.kz редакторы
25/05/2024 - 10:10

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін біз Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының туғанына 100 жыл толуын атап өтудеміз. Бұл – Қазақстан тарихында жарқын із қалдырған тұлғаға көрсетілген құрмет. Батырдың есімі мәңгі жадымызда.

Сағадат Қожахметұлы әскерилердің ғана емес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы әскери ведомстволарының барлық басшыларының ерекше құрметіне ие.

Отанға адал қызмет етудің үлгісі болған армия генералы Нұрмағамбетов 18 жасында ақ ел қорғау қызметіне араласты, 1943 жылы Солтүстік Кавказ майданында жас офицер ретінде жауға қарсы күресті. 

Соғыс жылдарында Сағадат Қожахметұлы Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты. 1945 жылы 27 ақпанда «Польша аумағында жаудың мықты бекінісін бұзып өтіп, қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін, сонымен қатар көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін» қазақ халқының ұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сағадат Нұрмағамбетов басқарған батальон Гитлердің рейхскеңсесінің ғимаратына шабуыл жасады. 

Соғыстан кейінгі 1946–1989 жылдары Сағадат Қожахметұлы Түркістан әскери округі штабының жедел басқару офицерінен бастап Орта Азия әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

1992 жылы 7 мамырда генерал Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

1992 жылдан 1995 жылға дейін министрлікті басқарған Сағадат Қожахметұлы армиямыздың қалыптасуы жолында ерен еңбек етті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1994 жылғы 23 мамырда оған № 1 «Алтын жұлдыз» табыс етіле отырып, Халық қаһарманы атағы берілді.

Қызметін аяқтағаннан кейін Сағадат Қожахметұлы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды. 

Соғыс батыры өмірінің соңына дейін ел игілігіне жұмыс істеді. 

Ол бірнеше рет Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Сағадат Қожахметұлының өмірбаяны барша қазақстандықтарға Отан қорғаушылардың бүгінгі буынының ажырамас байланысын, борышқа, жауынгерлік антқа және халыққа қызмет етуге адалдығын көрсетеді.

Қазақ даласы қашанда өзіне сенімді, әркез ел қорғаны бола алатын, рухы өр, батылдық пен әділдікті ту еткен батыр ұлдарымен белгілі.

Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі Астана қаласындағы әскери колледжге берілген, армия генералы Нұрмағамбетовтің есімімен Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты аталады. Аталған оқу орындарының аумағында аты аңызға айналған батырға арналған ескерткіштер орнатылған. Курсанттар мен ұландар оның өмірбаяны мен жауынгерлік жолын өнеге етеді. Бүгін Ақмола облысының Ақкөл қаласында оның құрметіне ескерткіш пен алаң ашылып отыр.

Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай ардақты соғыс ардагерлеріне бейбітшілік үшін, ашық аспан үшін, бақытты өмір үшін шын жүректен алғысымды білдіремін! 

Қарулы күштердің ардагерлеріне, барлық әскери қызметшілерге, азаматтық персоналға және еліміздің азаматтарына зор денсаулық, ырыс-ынтымақ және ашық аспан тілеймін!

Құрметпен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов

×

Редакция

$ 452.92  484.99  5.12