Ресей Солтүстік Кореяның қандай зымырандарын қолданып жүр?

Мәскеу Пхеньяннан тағы қандай зымырандар сатып алуы мүмкін?

Ануар Маратов
12/01/2024 - 15:53

Sarbaz.kz жуырда Украинаға қарсы соғыста Ресей Солтүстік Кореяның қару-жарақтарын қолданғаны туралы хабарлаған. Сонымен іргеміздегі ел Ким Чен Ын жетекшілік ететін КХДР-дың қандай техникаларын қолданып жүр?

KN-23

Ресейдің Украинада нақты қолданған техникаларының бірі – KN-23 зымыраны. KN-23 (Хвасон-11Га) – тактикалық баллистикалық зымыран.

KN-23 алғаш рет 2018 жылы Солтүстік Кореяның әскери шеруі кезінде жұрт назарына ұсылынған және 2019-2020 жылдары аралығында әскери техникалардың қатарына қабылданған. Бұл Солтүстік Кореяның зымыран әлеуетіндегі айтарлықтай алға жылжуын білдіреді. KN-23 Ресейдің «Искандер» техникасына ұқсас. Ресей мен Қытайдың көмегімен жасалған. 

Ұшу қашықтығына тоқталар болсақ, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) деректері бойынша KN-23 690 км-ге дейін ұша алады.


KN-23. Фото: missilethreat.csis.org

Ресей КХДР-дың қандай зымырандарын қолдануы мүмкін?

Reuters басылымы жариялаған ақпаратта, Ақ үй өкілі Джон Кирби Ресей Украинаға қарсы соғыста Солтүстік Кореяның KN-23, KN-24 және KN-25 зымырандарын қолдануы мүмкін екенін айтты. Сонымен бұл зымырандар туралы не белгілі? 

KN-24

KN-24 – АҚШ-тың MGM-140 (ATACMS) тактикалық зымыран жүйесіне ұқсас, Солтүстік Кореяның арсеналындағы тағы бір маңызды баллистикалық қару. Ол – Солтүстік Кореяның қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыраны, алғаш рет 2019 жылдың тамызында сынақтан өткен. Зымыран квази-баллистикалық траектория бойынша ұшады. Ал болжамды ұшу қашықтығы – 410 км.

Қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыран ретінде KN-24 әдеттегі баллистикалық зымырандарға қарағанда жайпақ траекториямен ұшады. Сол себепті Солтүстік Кореяның әскери әлеуетіндегі стратегиялық активке айналды әрі мемлекеттің зымыран технологиясын жетілдіре түсті.


KN-24. Фото: Кореяның орталық ақпарат агенттігі

KN-25

KN-25 – Солтүстік Кореяның қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыраны. Ұшу қашықтығы – 380 км. Алғаш рет 2019 жылдың 25 тамызында сынақтан өткен. KN-25 дүркіндетіп ату реактивті жүйелерімен жабдықталған.

2019 жылдың 31 қазанында Солтүстік Кореяда жүйені сынау кезінде 370 км ұшып, 90 км биіктікке жеткен. Сол кезде КХДР-дың екі зымыраны қатар ұшып, сынақтан сәтті өткен болатын.


KN-25. Фото: Кореяның орталық ақпарат агенттігі

Айта кетейік, Sarbaz.kz тілшісі БАҚ беттерінде жарияланған ақпаратқа сүйеніп, Ресейдің өзге елдерден қандай қару-жарақ алғанына шолу жасап өтті.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88