Ресейді қару-жарақпен қай елдер жабдықтап отыр?

Ануар Маратов
09/01/2024 - 21:39

Фото: РИА Новости

Фото: РИА Новости

Ресей-Украина соғысында техникалар азаятын деңгейге жетті. Бұл екі тарапқа да қатысты. Бәрімізге мәлім, бұл ретте Украина тарапы Батыс елдерінің қару-жарақтарына сүйенеді. Ал Ресей қару-жарақ өндірісін ұлғайтқанына қарамастан, өзге елдердің көмегінен бас тартпайды.  

5 қаңтар күні Батыс елдерінің БАҚ-тары Ресейдің Украинаға қарсы соғыста Солтүстік Корея еліне тиесілі баллистикалық зымырандар қолданғаны туралы жазды. Бұл осы соғыста Ресейдің шетелдік қаруды қолдануының алғашқы жағдайы емес. Sarbaz.kz тілшісі БАҚ беттерінде жарияланған ақпаратқа сүйеніп, Ресейдің өзге елдерден қандай қару-жарақ алғанына шолу жасап өтті.  

Иран

CNN басылымы 2022 жылдың маусым айында Ресей өкілдері ирандық дрондардарды меңгеру үшін Иранға кемінде екі рет келгені туралы хабарлаған және дәлел ретінде спутниктік фотосуретті көрсеткен болатын. 

Фото: CNN 

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Салливан CNN-ге берген мәлімдемесінде былай деген еді.

«Бізге Иран үкіметі Ресейге бірнеше жүз ұшқышсыз ұшақтарды, соның ішінде қару алып жүруге қабілетті дрондарды беруге дайындалып жатқаны туралы ақпарат түсті», - деді.

Сонымен қатар, Иранның Pouya Air және Qeshm Fars Air әуе компанияларының ұшақтары Ресейге жасаған жиі рейстері ерекше назар аударды. Бұл екі әуе компаниясы да Ислам революциясының сақшылар корпусымен байланысты және АҚШ-тың санкциясына іліккен.  

Pouya Air әуе компаниясының Ил-76 (EP-PUS) ұшағы Мәскеудің Внуково әуежайында. 2022 жылыдың қараша айы. Фото: t.me/milinfolive 

Түптеп келгенде, Ресейдің ирандық дрондарды қолданғаны туралы алғашқы дәлелді мәлімет 2022 жылдың қыркүйегінде пайда болды. 

Ирандық Shahed-136 (ресейлік атауы – Герань-2) камикадзе-дронын қолданудың алғашқы оқиғаларының бірі. 2022 жыл, қырқүйек айы. Фото: t.me/milinfolive 

Осыдан кейін Shahed-136 техникасының кішірейтілген нұсқасы болып саналатын Shahed-131 (Герань-1) камикадзе-дрондарын қолдану басталды.  

Ресей Иранның Mohajer-6 дрондарын да қолданды, бірақ сәтсіз болды. Тіпті осындай дрондардың бірі Украин тарапының қолына түсті. 

Қолға түскен Mohajer-6 дроны. Фото: Militarnyi 

Артиллериялық снарядтар тақырыбын қозғасақ, Иранның снарядтарды Ресейге жеткізу туралы нақты ақпарат 2023 жылдың маусым айында пайда болды. 

Ұлыбританияның Sky News басылымы 5 маусым күні Иран және Ресей арасындағы оқ-дәрі экспорты туралы келісімшарттың фотосуреттерін жариялады. Келісімшарт 2022 жылдың қыркүйегінде жасалған.  

Құжат "Алла атынан Иран Қарулы Күштерінің қорғаныс және логистика министрлігі мен Рособоронэкспорт арасындағы оқ-дәрілерді жеткізу келісімшарты" деп аталған. Фото: SkyNews 

Фото: SkyNews 

Келісімшартқа сәйкес, Ресей Ираннан 122 мм, 152 мм, 125 мм артиллериялық және танк снарядтарын, 122 мм және 125 мм ұңғыларды және өзге жабдық сатып алды. Келісімшарттың жалпы сомасы шамамен 2 миллион долларды құрады. 

«Военный Осведомитель» Telegram арнасы 2023 жылдың маусым айында 122 мм және 152 мм ирандық снарядтардың фотосуреттерін көрсетті:  

Ирандық 122мм снаряд. Фото: t.me/milinfolive 

Фото: t.me/milinfolive; Ирандық 152 мм снаряд. Қытай иероглифтері де көрініс тапқан. «Военный Осведомитель» арнасының талдауына сәйкес, бұл снарядтар Қытайдан ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында Иранға жеткізілген, қазір Иран оларды Ресейге қайта экспорттауда.  

2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресейде жарияланған ішінара мобилизация кезінде жеке қорғау құралдармен жабдықтау мәселелеріне байланысты ирандық дулыға мен броньды кеудешелерді жеткізу фактілері болды.  

Rouin-3 броньды кеудешесі және дулыға. Екеуін де ирандық Milad Industrial компаниясы шығарған. Фото: t.me/milinfolive 

Қару-жарақпен көмектескені үшін Ресей Иранға заманауи жойғыштар мен тікұшақтарды сату туралы келісім жасаған болуы мүмкін деген болжам бар.

Мьянма

2023 жылдың шілдесінде Ресей Қарулы Күштері Мьянмада шығарылған 120 мм мина атқыш миналарын қолданғаны байқалды. Мьянма хунтасындағы дереккөздер The Irrawaddy-ге Мьянма қорғаныс өнеркәсібі басқармасы шығарған мина атқыш миналарын Ресей пайдаланғанын және үкімет оқ-дәрінің түрін Ресейге жеткізетінін растады. 

Мьянмалық 120 мм мина. Украина, 2023 жыл. Фото: Ukraine Weapons Tracker 

«Ukraine Weapons Tracker» жүргізген талдау нәтижесінже тергеу таңбалар мен жарғыштар арқасында 120 ER миналары Мьянмада өндірілгенін анықтады.  

Минаның құйрығындағы таңбаларды салыстыру. Фото: Ukraine Weapons Tracker 

Миналарды салыстыру. Фото: Ukraine Weapons Tracker

Корей Халық Демократиялық Республикасы 

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейге қыркүйек айындағы сапарынан кейін батыстық барлау қызметтері КХДР мен Ресейдің әскери ынтымақтастығы туралы көбірек жаза бастады. Атап айтқанда, Ақ үй, 2023 жылдың қазан айында Пхеньян Ресейге «әскери мүлкі бар 1000-нан астам контейнер» жеткізгенін мәлімдеді. 

The Washington Post жариялаған спутниктік фотосуреттерде, Солтүстік Кореядан жеткізілген контейнерлер Ресей-Украина шекарасынан алыс емес жердегі қоймаларға жиналғанын көрсетті.

Солтүстік Корея портындағы ресейлік кемелерге контейнерлерді жүктеу. Фото: The Washington Post 

Ресей-Украина шекарасынан алыс емес жердегі қоймаларға контейнерлерді жеткізу. Контейнерлер порттағы контейнерлермен сәйкес келеді. Фото: The Washington Post 

Сондай-ақ, жоғарыда аталған «Военный Осведомитель» Telegram арнасында КХДР өндірген артиллериялық снарядтардың суреттері пайда бола бастады. Суреттерге сүйенсек, КХДР Ресейге 122 мм және 152 мм артиллериялық снарядтарды, 120 мм миналарын жеткізді. Солтүстік Корея снарядтарын қара көк түсімен ажыратуға болады. 

КХДР өндірген 122мм артиллериялық снарядтар Фото: t.me/milinfolive 

КХДР өндірген 152мм артиллериялық снарядтар Фото: t.me/milinfolive 

Солтүстік Кореяда жасалған баллистикалық зымырандарды жеткізу ерекше назар аударады. Олар туралы алғаш рет 2 қаңтарда Украинаға жаппай зымыран шабуылынан кейін айтылды. Харьковқа зымыран шабуылынан кейін табылған зымыран сынықтары КХДР шығарған KN-23 зымыранына өте ұқсас болды. 

Зымыранның сынықтары KN-23-пен салыстырылды. Фото: t.me/war_home 

Зымыран сынықтары. Фото: Суспільне Харьків

Зымыранның ұқсас бөлігі. Фото: Кореяның орталық телеграф агенттігі 

Осыған байланысты Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби:  

«Біз Ресей мен Солтүстік Корея осы шабуылдардан сабақ алады деп күтеміз. Ресей Украинаның азаматтық инфрақұрылымын жойып, жазықсыз азаматтарды өлтіру үшін Солтүстік Корея зымырандарын пқосымша айдаланғанын көріп отырмыз. Біз өзге елдердің Ресейдің әскери машинасына жасырын түрде көмектесуіне жол бермейміз», - деп мәлімдеді.

Осыған байланысты АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шақырды және бұл мәселені 10 қаңтардағы брифингте көтереді. Бұл қадамның Ресей мен КХДР үшін қандай салдары болатыны белгісіз. 

Ресейге қару-жарақ жеткізу аясында ирандық баллистикалық зымырандардың жағдайы әзірге белгісіз.

Қорытындылай келе, Украинадағы қақтығыста артиллерияның маңыздылығы белгілі болды деп айтуға болады. Кеңес заманынан қалған "түбі жоқ қоймалар" туралы пікір қате болып шықты. Ал Ресейге тағы қандай елдер қару беріп жатқанына тек болжам жасауға болады.  

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88