Қыздар да әскери борышын өтеуге міндетті: Израиль армиясының сыры

Израиль жер көлемі бойынша 148-орында, ал халық саны бойынша 96-орында тұр

Нұрдәулет Кәкіш
08/08/2023 - 20:13

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Қарулы күштерінің қуаттылығының арқасында Израиль бүгінде әлемнің азулы елдерінің арасында едәуір ықпалдылыққа ие. Бұл елдің әскери жүйесі қандай? Ерекшелігі неде? Sarbaz.kz тілшісі осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылдың 29 қарашасындағы шешімі негізінде 1948 жылдың 14 мамыры күні Израиль өз тәуелсіздігін жариялаған. Оған бұрынғы Палестина жерінің 56 пайызы (14 мың шаршы шақырым) берілген. Жаңа мемлекет құрыла салысымен оған қарсылық ретінде бірнеше араб мемлекеті басып кіреді. Соғыс 1 жылдан аса уақытқа созылып, Израильдің пайдасына шешілген. Содан бері айналасындағы елдермен талай мәрте қарулы қақтығыстар болған. Жылдар бойы жан-жақты келіссөздер жүргізіліп келсе де жанжалдар әлі күнге дейін толық тыйылған жоқ. Айналасындағы елдермен әлі де қырғи-қабақ танытып, оқтын-оқтын оқ атып, қару кезеніп тұрады.

Израиль жер көлемі бойынша 148-орында, ал халық саны бойынша 96-орында тұр. 2022 жылдың 31 желтоқсанындағы санақ бойынша Израиль халқының саны бар болғаны 9,5 миллионнан асады. Алайда халық санының аздығына қарамастан сыртқы күштерден қорғану үшін Израиль өз армиясын күшейтуге қатты мән берген. Бұл елдің қорғаныс күштері «ЦАХАЛ» деп аталады. Олардың басты міндеті – шекараларды қорғау және ел мен оның азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Израиль қорғаныс армиясы құрлық, теңіз және әуе күштерінен тұрады. Олардың бөлімшелері танктер, ұшақтар, тікұшақтар, кемелер, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қоса алғанда, озық қару-жарақпен және техникамен жабдықталған. Ел аумағын Газа секторының тұрақты зымырандық атыстарынан қорғайтын «Темір күмбез» әуе қорғанысының тактикалық жүйесі бар.

ЦАХАЛ-дың басты ерекшеліктерінің бірі – әскерге шақыру жүйесі. Израильдегі әскери қызмет ер жігіттер мен қыздар үшін де міндетті болып саналады. Олар әскерге 18 жасынан бастап шақырылады. Ерлердің қызмет ету мерзімі – 30 ай болса, қыздар үшін 24 ай. Әскердегі мерзімі аяқталған соң олар резервке ауысады. Онда да жайбарақат жүрмейді, кез келген уақытта қызметке шақырылуы мүмкін. Елде жыл сайын 45 күнге дейін резервтегілер үшін әскери жиындар өтіп тұрады.

The Military Balance басылымының дерегінше, 2022 жылғы есеп бойынша Израиль жауынгерлерінің саны 169 500-ді құраған. Ал резервтегілердің саны – 465 000, әскерилендірілген құрылымдағылардың саны – 8 000. Жалпы сарбаздар мен запастағы әскерилер саны – 642 500.

Айта кетсек, бұл тізімде Қарулы күштері бойынша сан жағынан Қытай (жауынгерлері – 2 035 000) көш бастап тұрса, Үндістан (жауынгерлері – 1 460 350) екінші орынға, АҚШ (жауынгерлері – 1 395 350) үшінші орынға, Солтүстік Корея (жауынгерлері – 1 280 000) төртінші орынға, Ресей (жауынгерлері – 900 000) бесінші орынға жайғасқан.

Ал Йеменнен кейін, Болгариядан ілгері тұрған Қазақстан тізімдегі 152 елдің ішінде 70-орынға тұрақтаған.

Израиль армиясының тағы бір ерекшелігі – басқа елде туып, тарихи отанына оралғандардың да әскер қатарына шақырылуы. Алайда 20 жастан асқан қыздар мен 30 жастан асқан үйлі-баранды азаматтар әскери міндеттілер санатына жатпайды.

Әскери міндеттілер санатындағы оралмандар пошта арқылы Израиль қорғаныс армиясының шақыру пунктіне тіркелетін хабарлама алады. Егер пошта арқылы хабарлама келмесе, олар сол елге қоныстанғаннан кейін алғашқы алты айдан соң шақыру пунктіне өз бетінше жүгінуі тиіс.

20 жасқа дейінгі үйленбеген жастар әскерде 24 ай отан алдындағы борышын өтейді. 28 жастан асқан жастар ерікті қызметке қосыла алмайды. Кем дегенде 1 баласы бар ерлер мен тұрмыстағы келіншектер және 30 жастан асқандар қызметтен босатылады. Ал резервте тұрғандар әскерге шақырылмайды, бірақ шұғыл қажет болған жағдайда жұмылдырылады.

Израильге 2018 жылдың 30 маусымына дейін барған 33 жасқа толмаған дәрігерлер мен сол жылдың 30 маусымынан кейін барған 30 жасқа толмаған стоматологтар 18 айға міндетті түрде тұрақты негізде қызметке шақырылады. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін тарихи отанына оралған 27 жасқа толмаған дәрігерлер мен стоматологтар міндетті түрде 24 ай мерзімге, 27-28 жастағылар 18 айға тұрақты қызметке шақырылады.

Тарихи атақонысына оралғандардың әскери қызмет мерзімі бірнеше параметрге байланысты анықталады.

01.06.2020 жылдан кейін Израильге барған ерлер мен қыздарға арналған мерзімді қызметтің ұзақтығы:

Израильге 2015 жылдың мамырынан кейін 31.05.2020 жылға дейін келген жігіттер үшін мерзімді қызметтің ұзақтығы:

Израильге 2015 жылдың мамырынан кейін 31.5.2020 жылға дейін барған қыздарға арналған мерзімді қызметтің ұзақтығы:

Израильге 2015 жылдың мамырына дейін барған жігіттер үшін мерзімді қызметтің ұзақтығы:

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Израиль әскерін рухтандырған қазақ батыры жайлы кітап туралы материалды жариялаған болатынбыз.

Ол – Александр Бектің Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Волоколамск тас жолы» кітабы. Дәл осы «Волоколомск тас жолы» кітабын Израиль Қорғаныс министрлігі қастерлі еңбектер қатарына қосқан көрінеді. Сонымен қатар әрбір Израиль сарбазына мылтық тарату рәсімінде қарумен бірге осы Момышұлы жайлы «Волоколомск тас жолы» кітабын бірге беретін дәстүр де бар деседі.

АҚШ-тағы «Біріккен Алаш» қорының президенті Ұланбатыр Бақытханұлының сөзінше, Израиль офицерлерінің:

«Біз «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып өстік» деген сұхбаттары бар.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41