«Бір кітаппен бүтін бір халықтың рухын көтерді» дегенге сену қиын, әрине. Дегенмен уақыт пен кеңістіктің өлшеміне қарамастан жанам деген мыңдаған, миллиондаған жүрекке от беріп, Израиль әскерін рухтандырған қазақ батыры туралы кітапты білесіз бе? Sarbaz.kz тілшісі қазақ батыры туралы кітапқа тоқталып шықты.
Ол – Александр Бектің Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Волоколамск тас жолы» кітабы. Дәл осы «Волоколомск тас жолы» кітабын Израиль Қорғаныс минисирлігі қастерлі еңбектер қатарына қосқан екен. Сонымен қатар әрбір Израиль сарбазына мылтық тарату рәсімінде мылтықпен бірге осы Момышұлы жайлы «Волоколомск тас жолы» кітабын бірге беретін дәстүр де бар деседі.
АҚШ-тағы «Біріккен Алаш» қорының президенті Ұланбатыр Бақытханұлының сөзінше, Израиль офицерлерінің «біз «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып өстік» деген сұхбаттары бар.
«Израильдің мемлекеттік, әскери қайраткерлері өздерінің тұлғалық болмысына «Волоколамск тас жолының» кейіпкері Бауыржан Момышұлы ықпал еткенін ашық айтады. Бүгінде отаншылдығымен, ұлтшылдығымен, идеологияға беріктігімен әлем назарын аударып отырған еврей халқы үшін осыншалықты қастерлі болған кітап кейіпкері Бауыржан Момышұлы әлемдегі батырлық пен өрліктің, ерекше тұлғалық болмыстың үлгісі екені даусыз. Сондықтан батыр жайлы зерттеуге ден қойған ғалымдар әлемнің жер-жерінде табылады деп айтуға болады. Ал Александр Бектің еңбегінің арқасында Бауыржан Момышұлын еврей халқы қатты құрметтейтінін білдім», - дейді АҚШ-тағы «Біріккен Алаш» қорының президенті.
Ұланбатыр Бақытханұлы Бауыржан Момышұлы жайлы кітаптың үш тілдегі нұсқасын да терең ыждаһаттылықпен оқып шыққанын, алайда үш тілдегі нұсқасында аздаған айырмашылық бар екенін айтады.
«2013 жылы Ресейдегі Губкин атындағы мұнай-газ университетіне ауысып, оқу бағдарламасымен бардым. Сол жолы университет кітапханасынан батыр туралы осы кітапты тауып алдым. Кейін 2017 жылы мұнай компаниясы арқылы Қазақстанға, Алматы қаласына жұмысқа барғанда осы кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын оқыдым. Кейін 2018 жылы жұмыс бабымен Нью-Йоркке көшіп келдім. 2019 жылы Нью-Йорк кітапханасына барғанымда «Волоколомск тас жолының» ағылшын тіліндегі нұсқасын көргенде ерекше қуандым. Сонда бірден электронды нұсқасын көшіріп алдым.
Бірақ бір байқағаным қазақша кітапта батырдың қазаққа тән ұлттық рух беретін жалынды сөздері толық аударылмаған екен. Бәлкім, Бауыржан Момышұлы жайлы кітапты қазақшалап бастырғанда Кеңес Одағының цензурасы батырдың ұлттық рухты айшықтаған сөздері берілмей қалған шығар. Ол жағын нақты білмедім. Бірақ кітапқа енбей қалған сөздері барын аңғардым. «Кітаптың ағылшынша нұсқасы үйімде тұрсыншы» деген оймен іздестіріп едім, Amazon дүкенінде бір данасы ғана бар екен, қуана сатып алдым. Бауыржан атамыз жайлы бұл кітап қазір Нью-Йорктегі біздің «Біріккен Алаш» қоры (United Alash Foundation) кітап клубының қоржынында тұр», - дейді Ұланбатыр Бақытханұлы.
Ал сіз батыр Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Волоколомск тас жолы» кітабын оқыдыңыз ба?