Украинаға қарсы соғыста Ресейді қолдайтын ТОП-4 ел

Қай ел қандай көмек көрсетуде?

Нұрдәулет Кәкіш
21/02/2024 - 15:13

Фото: hvylya.net

Фото: hvylya.net

Украинаға қарсы соғыс бастаған 2 жыл ішінде Ресейге қай елдер жақтасып жүр? Sarbaz.kz  әскери және басқа да салалар бойынша Ресеймен одақтас ТОП-4 ел туралы ұсынады.

Беларусь

Украинамен соғыста Ресейді қолдайтын бірден-бір ел – Беларусь. Бұл екі ел – ежелден бір-бірімен біте қайнасып кеткен тамырлас, бауырлас ел.

2022 жылға дейін Беларусь Украинамен және батыс елдерімен арақатынасын жақсартуға тырысты. Ресей мен Украина арасындағы келіспеушілікті келіссөздер арқылы реттеуге өз алаңын да ұсынды. Бірақ бұл әрекет нәтижелі болмады.

Батыс пен Ресей арасындағы өткір дағдарыс жағдайында 2022 жылдың ақпанында «Союзная решимость – 2022» Ресей-Беларусь әскери жаттығулары өткізілді. Әдетте мұндай жаттығулар күздің басында өтіп, оны өткізу туралы алты айдан аса уақыт бұрын жарияланатын-ды. Ал бұл жаттығулар басталуына аз уақыт қалғанда ғана белгілі болды. Осы оқу-жаттығу кезінде Ресейден Беларуссияға көп әскери қызметшілер жеткізілді. Шолушы Артем Шрайбманның айтуынша, тіпті посткеңестік кезең тарихында Беларусь аумағында ресейлік мұнша әскер болмаған. НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг олардың санын 30 мыңға жуық деп бағалады. Батыс елдері бұл жаттығудың соңы Ресей әскерлерінің Украинаға басып кіруіне айналуы мүмкін деп қауіптенді. Өз кезегінде Украинаның Қарулы Күштері бүкіл ел бойынша «Метель – 2022» жаттығуын бастады.

14 ақпанда Украинаның Қорғаныс министрі Алексей Резников пен Беларуссияның Қорғаныс министрі Виктор Хренин украиналық әскери атташе «Союзная решимость – 2022» жаттығуларына, ал өз кезегінде Беларусь Қорғаныс министрлігінің өкілі «Метель – 2022» жаттығуларына қатысуға, сондай-ақ қорғаныс саласындағы байланыстарды жалғастыруға келісті. Резниковтың айтуынша, Хренин оны Беларусь Республикасының аумағынан Украинаға қауіп төнбейтініне сендірді.

«Союзная решимость – 2022» жаттығуы 10-20 ақпан аралығында өтуі керек еді. 16 ақпанда Беларуссияның Сыртқы істер министрі Владимир Макей Ресей әскерлері жаттығудан кейін Беларуссияда қалмайтынын, ешбір елге шабуыл жасалмайтынын мәлімдеді. Алайда 20 ақпанда Беларусь пен Ресей «Донбасстағы жағдайдың шиеленісуі» деген сылтаумен әскери жаттығулардың ұзартылатынын жариялады. 24 ақпанда Ресей Украинаға Беларусь елінің территориясынан да шабуыл жасады.

Содан бері Беларусь одақтасы ретінде Ресейге ашық жақтасып келеді. Украинаға соғысқа (Ресей тарапы «арнайы әскери операция» деп атайды) аттанған ресейлік әскерилерге Беларусьте өндірілген тонна консервілер гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілді.

2022 жылдың желтоқсан айының басында Ресейдің Беларуссиядағы елшілігінің қызметкерлері соғыста жүрген ресейлік әскери қызметшілерге қолдау көрсету үшін өздерінің бір айлық жалақыларын аударды. Оның алдында Минск облысы Смолевич ауданының Ардагерлер ұйымының өкілдері Ресей әскери қызметшілеріне арналған жаңа жылдық сыйлықтарды елшілікке тапсырған.

Беларусь Ресеймен бірге АҚШ пен Еуропа елдерінің санкциясына ілікті.

Солтүстік Корея

Солтүстік Корея 2023 жылы миллионнан аса артиллериялық снарядтарды Ресейге жіберді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі Ұлттық барлаудың жабық брифингіне қатысқан Оңтүстік Корея шенеунігі Ю Санг Бумға сілтеме жасап хабарлады.

Ю Санг Бумның айтуынша, Оңтүстік Корея барлау қызметі 2023 жылдың тамыз айынан бастап КХДР Ресейге он партия қару жіберген. Сонымен қатар Солтүстік Кореяның оқ-дәрілерді пайдалану жөніндегі кеңесшілері де Ресейге жөнелтілген.

Бұл артиллериялық снарядтарды Ресей армиясы Украинаға қарсы соғыста қолданды.

Сол жылы қазан айының басында спутниктік суреттерге сілтеме жасаған Вeyond Parallel аналитикалық жобасы Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның Ресей Федерациясына сапарынан кейін Ресей мен КХДР арасындағы жүк тасымалы күрт өскенін хабарлады.

Қазан айында АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби қыркүйек айының басынан бастап КХДР Ресейге 1000-нан астам әскери техника мен оқ-дәрі контейнерлерін жібергенін айтты.

Кейінірек британдық корольдік қорғаныс ғылыми-зерттеу институты спутниктік суреттерге негізделген есеп шығарды. Онда Ресей мен КХДР теңіз жеткізу маршрутын құрған. Соның аясында Солтүстік Кореядан контейнерлері бар кемелер Приморск өлкесіндегі РФ Тынық мұхиты флотының базасына жеткен. Осыдан кейін контейнерлер Ресей мен Украина шекарасынан 200 км қашықтықта орналасқан Краснодар өлкесінің Тихорецк қаласындағы оқ-дәрі қоймасына жіберілген.

Қытай

Ресейді ашық қолдамаса да, Қытай тарапы бұл соғыста Ресей Федерациясына жақтасатыны белгілі. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Шығыс Азия және Тынық мұхиты істері жөніндегі көмекшісі Дэниел Критенбринк Украинадағы бейбітшілікті қолдайтындығын мәлімдеген Қытай билігі Ресейге арнайы әскери операцияны өткізуге жасырын түрде көмек көрсетіп жатыр деп айыптаған болатын.

Ал ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай Ресейді өз мүдделерін, қауіпсіздігі мен дамуын қорғауда қолдайтынын айтты. Бұл туралы ол Бейжіңдегі «Бір белдеу – бір жол» форумының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Қытай Ресей халқын ұлттық Қайта өрлеу мен мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздік пен даму мүдделерін қорғаудың таңдаған жолымен жүруде қолдайды», - делінген ҚХР төрағасының мәлімдемесі Қытайдың Орталық телеарнасы (CCTV) таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар ол Қытай Ресеймен, атап айтқанда, БҰҰ-да, Шанхай ынтымақтастық ұйымында (ШЫҰ) және G20-да өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

Бұл ретте АҚШ әкімшілігі Ресейдің Украинадағы қақтығыстарға көмектесуіне күдікті қытайлық компанияларға санкциялар салу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бұл туралы CNBC телеарнасында АҚШ конгрессмендері мәлімдеді. Мұндай санкциялар Бейжіңге қатысты «алғашқы тікелей айыптау» болмақ.

Иран

Иран да Ресейді қолдайтын елдердің бірі. Алайда тараптар Иран мен Ресейдің әскери саладағы ынтымақтастығы Украинадағы қақтығыспен байланысты еместігін алға тартуда. Бұл туралы жақында Иран Ислам Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Реза Талай-Ник мәлімдеді.

«Иран мен Ресейдің әскери және басқа да салалардағы ынтымақтастығы әлдеқашан басталған және Украинадағы қақтығыспен ешқандай байланысы жоқ», - деген Талай-Ник екі ел арасындағы өзара іс-қимыл өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

17 ақпанда Мюнхен қауіпсіздік конференциясының алаңында СІМ басшылары жеті топ Иранға Украинадағы қақтығыста «Ресей армиясына көмек көрсетуді тоқтатуға» шақырды. Олар сондай-ақ барлық елдерден «Ресейдің әскери күш-жігерін қолдауға арналған» ирандық ұшқышсыз өндіріс бағдарламаларына компоненттердің жеткізілуіне жол бермеуді талап етті.

Мәскеу мен Тегеран Украинада қолдану үшін Ресейге ирандық дрондарды жеткізу туралы нұсқаларды бірнеше рет жоққа шығарды. Иран СІМ басшысы Хосейн Амир Абдоллахиян 17 қаңтарда Тегеран ешқашан Украинада пайдалану үшін Мәскеуге ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарды жеткізбегенін айтты. 2022 жылы Иран дипломатиясының басшысы республика дрондарды Ресейге жеткізгенін, бірақ аз мөлшерде және Украинада арнайы операция басталғанға дейін бірнеше ай бұрын жеткізілгенін айтты. АҚШ пен ЕО өз кезегінде Иранға қарсы санкциялар енгізе бастады. Өйткені соғыс басталғаннан кейін Ираннан Мәскеуге дрондар жіберіле бастағаны расталған.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Ресейге қарсы соғыста Украинаны қолдайтын ТОП-5 ел туралы жарияланған болатын.

×

Редакция

$ 439.43  473.31  4.82