Ресейге қарсы соғыста Украинаға қолдау көрсететін ТОП-5 ел

Қай ел қандай көмек көрсетуде?

Нұрдәулет Кәкіш
20/02/2024 - 18:43

Фото: dzen

Фото: dzen

Ресейге қарсы соғысып жатқан 2 жыл ішінде Украинаға қай елдер жақтасып жүр? Соғыс басталғаннан бері Украинаға әлеуметтік, әскери және басқа да салалар бойынша үздіксіз көмек көрсетіп келе жатқан ТОП-5 ел туралы толығырақ Sarbaz.kz порталында.

АҚШ

Украинаға әлеуметтік жағынан және әскери қару-жарақ, техника жағынан қолдау көрсету бойынша Америка Құрама Штаттары көшбасшы болып саналады. Соғыстың о басында АҚШ Украинаға қару-жарақ кіретін 1 миллиард долларлық көмек пакетін бөлді. Осыдан кейін көмек ағыны тоқтаған жоқ.

Жалпы, 2022 жылдың 24 ақпанында соғыс басталғаннан бері АҚШ тарапынан Украинаға әскери көмек ретінде 60-тан аса транш жасалған. Оның мөлшері Мемлекеттік департаменттің есебіне сәйкес (2023 жылғы желтоқсан), $44,2 млрд-қа жетті. Конгресстің зерттеу қызметінің мәліметтері бойынша (2023 ж. желтоқсан) 2022 және 2023 қаржы жылдарында Украинаға берілген әскери көмек 48,7 млрд долларды құрады. Ол үш арна бойынша ұсынылды: президенттік өкілеттіктер желісі бойынша 25,93 млрд, Қорғаныс министрлігін қаржыландыру бағдарламасы бойынша 18 млрд, Мемлекеттік департамент бағдарламасы бойынша 4,73 млрд бөлінді. Киль әлемдік экономика институтының бағалауы бойынша (2023 жылдың қазанына) 2022-2023 жылдары америкалық көмектің жалпы көлемі 75,4 млрд құрады, оның ішінде 46,33 млрд әскери көмек ретінде, 26,37 млрд - экономикалық, 2,71 млрд - гуманитарлық көмек ретінде берілді.

Соңғы көмек пакеті 2023 жылдың желтоқсан айының аяғында бөлінді. Ол 2022 жылы Конгресс мақұлдаған қаражаттың 250 миллион долларына бағаланды.

Германия

2022 жылдан бастап Германия Украинаға бірқатар әскери техника табыстады. Соның ішінде бронетранспортерлер, өздігінен жүретін қондырғылар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бар.

Германия Украинамен қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімге қол қойған екінші ел болды. Ол он жылға созылады.

16 ақпанда Германия канцлері Олаф Шольц пен Украина президенті Владимир Зеленский Берлинде Германия Киевке беруге дайын қауіпсіздік кепілдіктері туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы басталған күні болды.

«Украина мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы қауіпсіздік және ұзақ мерзімді қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» құжаты Украина президентінің сайтында жарияланды. Ол сегіз бөлімнен тұрады – әскери көмек және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, экономикалық көмек және тұрақты даму, реформалар мен саяси ынтымақтастық, болашақ агрессия, екіжақты қатынастар мен еуропалық интеграция.

Украина президентінің сайтында жазылғандай, осы келісім бойынша Берлин Киевке «Өзін қорғауға және аумақтық тұтастығын қалпына келтіруге» көмектесу үшін «қажетінше» қолдау көрсетпек. Құжатта 2024 жылы ГФР Украинаға €7 млрд-тан астам сомаға әскери көмек көрсететіні және Киевке он жыл бойы қолдау көрсететіні, бұл осы мерзім ішінде күшін жоймайтыны жазылған.

Ұлыбритания

Ұлыбритания – Украинаға бүкіл әлемді үнемі қолдауға шақырғандардың бірі. Лондон Киевке ұзақ қашықтықтағы Storm Shadow зымырандары сияқты ең жаңа қару-жарақтарды ұсынудың бастамашысы болып саналады. Сондай-ақ Ұлыбритания алғашқылардың бірі болып F-16-ны қоса алғанда, Украинаны 4-буын истребительдерімен қамтамасыз етуді жақтады.

Елдің премьер-министрі Риши Сунак бұған дейін 2022 жылы Ұлыбритания Украинаға көмек ретінде 2,3 млрд еуро бөлгенін айтқан болатын. Bloomberg есептеулері бойынша, 2023 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін Лондон Киевке әскери қажеттіліктерге 6,6 млрд € бөлді.

Сондай-ақ Ұлыбритания 2024-2025 жылдары Украинаға 2,5 млрд еуро (3,2 млрд доллар) сомасында әскери көмек көрсетеді. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Киевке жасаған сапары барысында мәлімдеді. Үкіметтің сайтында бұл сома 200 миллион фунт стерлингке алдыңғы екі жылда бөлінген көмектен асып түсетіні көрсетілген.

Қаражат ұзақ қашықтықтағы зымырандарға, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарына, Артиллериялық оқ-дәрілерге және теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

Сапар барысында Сунак пен Украина президенті Владимир Зеленский қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасты, оны қауіпсіздік кепілдігі туралы құжат деп те атауға болады. Бұл G7-ден мемлекет тарапынан жасалған алғашқы келісім, оның мүшелері өткен шілдеде Киевке екіжақты деңгейде қауіпсіздік кепілдігін беруге уәде берді.

Ұлыбритания үкіметінің хабарламасында бұл құжат Украинаның әскери қолдау шараларын (қорғаныс және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық, барлау, киберқауіпсіздік, медициналық және әскери дайындық) бекітетіні көрсетілген. Сонымен қатар Лондон егер Украинаға «Ресей шабуыл жасаса», Киевпен кеңесуге және оны қорғауға «тез және тұрақты» көмек көрсетуге уәде берді.

Франция

Франция G7-ден Украинамен қауіпсіздік кепілдігі туралы келісім жасасқан үшінші ел болды. Франция президенті Эммануэль Макрон мен Украина президенті Владимир Зеленский Париждің Киевке беруге дайын қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімге қол қойды.

«Біздің Украинаға деген адалдығымыз өзгермейді. Бұл біз қол қойған Келісімнің мәні», - деді Франция президенті.

Сонымен қатар Макрон Украинаға көмектесуге инвестиция сала отырып, Еуропа елдері өз қауіпсіздігіне инвестиция салатынын атап өтті. Келісім он жылға жасалды. Париж осы уақыт ішінде Киевке үздіксіз қолдау көрсетпек. 10 жыл бойы бұл құжат күшін жоймайды.

Соғыс басталғалы бері Франция Украинаға 2022 жылы €1,7 млрд және 2023 жылы €2,1 млрд көмек көрсеткен. Ал 2024 жылы Париж бұл соманы €3 млрдқа жеткізуге уәде берді.

«Украина мен Франция арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» құжаты Украина президентінің сайтында жарияланған. Ол қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа, Украинаға шабуыл жасалған жағдайда кооперацияға, қорғаныс-өнеркәсіп және азаматтық салалардағы ынтымақтастыққа қатысты жеті бөлімнен тұрады. Украинаға шабуыл жасалған жағдайда іс-әрекетке қатысты III бөлімде Ұлыбритания мен Германиямен жасалған шарттардағыдай тұжырымдар: тараптар алғашқы 24 сағат ішінде консультация өткізуге келісті, ал Франция әскери-техникалық көмек көрсетуге уәде берді, бірақ Украина тарапынан қақтығысқа түсуге міндеттеме алған жоқ.

Польша

Украинаға Польшаның да көмегі орасан. Варшаваның жалпы көмегі әртүрлі салаларда шамамен 7 миллиард еуроны құрайды. Осылайша, поляктар босқындарды бірінші болып қабылдады. Үнемі гуманитарлық көмек жіберіп отырды. Саяси аренада да қолдап, қару да жіберді.

Польшаға 2022 жылдың 24 ақпаны мен 2024 жылдың 4 наурызы аралығында барған Украина азаматтары уақытша қорғауды осы жылдың 30 маусымына дейін пайдалана алады. Сонымен қатар гуманитарлық көмек көрсететіндер үшін салықтық жеңілдіктерді жыл соңына дейін кеңейтті.

Заң Украина азаматтарына ұлттық визалар мен уақытша рұқсаттың мерзімін ұзартуды, сондай-ақ украиндықтардың Польша аумағынан кету және Украина азаматтарының ерікті түрде оралу мерзімін ұзартуды қарастырады.

Сондай-ақ шетелдіктердің жеке басын куәландыратын поляк құжаттарының және Украина азаматтарына берілген «толерантты болуға рұқсат» құжаттарының қолданылу мерзімі ұзартылады. Шенген визасы негізінде украиндықтардың Польша аумағында жүруі де заңды болып саналады.

Тегтер

×

Редакция

$ 439.43  473.31  4.82