Әскерге барған жастар ЖОО-да тегін оқуы үшін не істеуі керек?

Әскерге көктемде шақырылған 1500 жауынгер тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болды

Админ
23/06/2023 - 18:21

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери борышын өтеген соң жастар өздері таңдаған жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндіктері бар. Бұл жеңілдіктерге сарбаздар қалай ие болады? Жастар еліміздің қандай оқу орындарында тегін білім ала алады? Sarbaz.kz тілшісі шағын шолу жасап шықты.

Қорғаныс министрлігі 70-тен астам жоғарғы оқу орнымен келісімшарт жасаған. ЖОО есебінен мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға 100 пайыз жеңілдікпен 3 мыңдай орын берілген.

Тегін білім сарбаздардың бәріне бірдей берілмейді. Ол үшін:

  • жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі;
  • жеке тәртібі;
  • тәуліктік нарядта  арнайы міндеттерді толық орындауы;
  • психологиялық жай-күйі ескеріледі.

Бұл дерек Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылған «Срочник 2.0» платформасында ай сайын жарияланады. Жоғары нәтижеге қол жеткізген сарбаз 3 жоғары оқу орны мен білім бағдарламасын таңдап, Қорғаныс министрлігінен ұсыным алады. Кейін ЖОО-ға құжат ұсынып, әңгімелесуден өтуі керек. Әскерден кейін екі жыл ішінде оқуға түсе алады.

Қандай құжаттар қажет?

  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • білім туралы құжаттың көшірмесі;
  • әскери қызмет өткергені туралы анықтама;
  • әскери билеттің көшірмесі;
  • 075 анықтамасы (медициналық анықтама).

Әскери борышын өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктер:

  • 2 жыл ішінде ҰБТ тапсырмай ЖОО-ға ақылы оқуға түсу;
  • анағұрлым лайықты әскери қызметшілер үшін ЖОО-лардың есебінен тегін бакалавриат және магистратурада білім алу;
  • емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу;
  • офицер атағын алу үшін ЖОО-ның әскери кафедрасына емтихансыз грант негізінде түсу мүмкіндігі.

Әскерге көктемде шақырылған 1500 жауынгер тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болды. Конкурстық іріктеуге 2022 жылғы көктемде әскерге шақырылып, Қарулы күштерде, Мемлекеттік күзет қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде және Ұлттық ұланда қызмет өткерген 12  мыңнан астам қатардағы жауынгер қатысқан.

Бұл игі жоба жылына екі рет ұйымдастырылады. Енді екіншісі өткен жылы күзде шақырылған сарбаздар арасында өткізіледі.

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88