«Мешітте салют атып, жұмыстан кеткенмін»: экс-имам дінге көзқарасын білдірді

Бұрын медреседе оқып, имам болған Серәлі Құсман дінге деген көзқарасының өзгеруіне не себеп болғанын айтты

Нұрдәулет Кәкіш
25/09/2023 - 21:53

Дала заңын ұстанып, өзін соңғы скиф санайтын Серәлі Құсман кез келген дінді желілік маркетингпен қатар қоятынын мәлім етті. Бұл туралы ол «Қуат Ахметжанов» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Құнанбай қажы медресесін бітірген соң Асубұлақ деген жерде имам, кейіннен Өскеменде наиб-имам болдым. Одан кейін Семейдегі Орталық мешітте азаншы болдым. Бізді, 4 музыкантты азаншы болуға дайындады. Ол жерде маған басты ұнамаған тақырып домбыраға қатысты еді. «Домбыра – шайтан» деді бізге бір күні ұстаздарымыз. Ал біз домбырамен ән айтамыз. Содан мен оларға: «біздің салт-дәстүрімізде харам деген дүниенің бәрі – арам» дедім. Дау туындады. Ортамызда діни білім алып жүрген әртүрлі ұлттың өкілі адамдардың неге табынатынын сөз қылып, соның дұрыс емес екенін айтады. Мен де әңгімеге араласып: «біз де қара тасқа табынып жүрміз емес пе?» дедім. Олар сол арқылы Жаратушыға жол табатындарын алға тартады. Жоқ, әркім өзінше бір нәрседен бойына қуат алады ғой», - деді Серәлі Құсман.

Оның айтуынша, діннен ақшаны алып тастасаң, дін түкке жарамай қалады. Алайда ол қандай да бір дінді жамандап отырмағанын, барлық дінді құрметтейтінін тілге тиек етті. 

«31 желтоқсан күні мешітте кезекшілікке қаламыз. Бізді үлкендер қалдырып кетеді. Бізге де мейрам керек, мұнараның үстінен салют атып, ішінде шампан атып, ұсталып, жұмыстан кеткенмін. Дін адамның жеке мәселесі ғой, кейіннен өзіме дала заңы жақын екенін, өзімнің құл емес, Жаратушының ұлы екенімізді, алып та дархан даламызда дала заңымен, табиғи тазалықпен өмір сүру керек екенін ұғындым», - деп қосты ол.

Сондай-ақ ол скифтердің ешқашан ештеңеге табынбағанын сөз етті.

«ХХ ғасырдың тілімен айтқанда, кез келген дінді мен желілік маркетингпен қатар қоямын. Өйткені біз ешқашан бір нәрсеге табынған емеспіз. Біз табынбаймыз, біз құрметтейміз. Табыну мен құрметтеудің аражігін айырып алу керек. Кейде «скифтер отқа табынған екен» деп жатады. Олар ешқашан отқа табынбаған, құрметтеген. Суды, отты, табиғатты, жер ананы, аруақты құрметтеген. «Әруақ!» деп атқа қонған. Сондықтан ата-дәстүріміз ең биік тұғырда тұруы керек. Өйткені Франция, Германия, Англия елдерінің ғылыми институттары зерттеу жасаған кезде бүкіл діннің біздің скифтердің дала заңынан алынғаны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал біздегі кірме діннің бәрі салт-дәстүрімізден төмен тұрады», - деді Серәлі Құсман.

Айта кетейік, ол қазір Семей қаласындағы өзінің саяжайында бүркіт ұстап, қасқыр асырап отырғанын айтты.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4