Әнші, саятшы Серәлі Құсман дала заңын ұстанатынын айтады
Әнші, саятшы Серәлі Құсман Семей қаласындағы өзінің саяжайында бүркіт ұстап, қасқыр асырап отыр. Бұл туралы ол «Қуат Ахметжанов» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Бөрінің аты – Ноян. Серәлі оны жаралы кезінде тауып алып, емдеген екен. 5 айлық Ноянның ақылды екенін, балаларымен ойнайтынын, көршілердің бәрі оны еркелететінін айтады.
«Бұған дейін де менің қасқырларым болған. Көбіне бөрілерді жаралы күйінде тауып, алып келіп, емдедім. Кезінде бес қасқырдың күшіктерімен ойнап өскенмін. Екі ұлым да осындай киіз үйде қасқырды құшақтап өсті. Қасқырды өсе келе, далаға қоя береміз. Қанша айтқанмен, даланың аңы ғой, 2 жастан асқан соң олардың мінезінің шатақтығы шыға бастайды», - дейді Серәлі Құсман.
Сонымен қатар ол саяжайында бүркіт пен түйенің ботасын да асырап отырғанын айтады.
«Бұрын Тоғысай деген бүркіт ұстағанмын. Тоғысай деген бүркітті Махамбет Өтемісұлы ғана үйреткен екен. Ол таулы бүркіт, шағын денелі келеді. Дора деген бүркітіміз – Шығыстағы ең ірі бүркіт. Қыстың күндері аңға шығамыз. Қоян аулап, өзінің азығын табады. Ал мен үшін ол – ермек. Қазір ол 2 жаста. 5-ке толған кезде міндетті түрде далаға қоя береміз. Бір қой сойып, бір жамбасын жегізіп, қалған етін көрші-қолаңға таратамыз. Ақпан айларында бүркітті арнайы тауға апарып ұшырамыз. Себебі оның сол кезде аналық сезімі оянады. Жұп табады да, өмір бақи сол жұбымен болады. Оны 6-7 жыл, 10 жыл ұстауға болмайды. Дала заңын мүлде бұзуға болмайды. Бүркітшілердің 99 пайызы солай жасайды. Өйткені дала заңын жақсы сақтайды. Дора деген біздің батыр қызымыз, аңшы. Қазір түлекте отыр. Келесі айдың ортасы түлектен шығады. Түлеп отыр. 2 жаста. Оны тірнек дейміз. Енді 3 жылдан кейін қоя береміз», - дейді саятшы.
Серәлі Құсман көпшілікке скиф атымен белгілі. Сақ-ғұндардың салтын жаңғыртып, саяжайына қазақ үйі мен бағзы замандардағы шатыр тігіп қойған. Оған алыс-жақыннан келетін туристерді тегін қабылдайды.