Зеленский: Путиннің құрдымға кетуіне сену қиын, бірақ бұл іс қолымыздан келеді

Ол Германияда депутаттар алдында сөз сөйледі

Админ
12/06/2024 - 10:58

Фото: Bild

Фото: Bild

Украина президенті Владимир Зеленский Берлинде Бундестагтың 650-ге жуық депутаты алдында сөз сөйледі. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Еуропа бөлінген шақта бейбіт күн кешкен емес, ал Германия екіге бөлінгенде ешқашан бақытты болған емес», - деді Зеленский.

Оның айтуынша, Германияның Украинаны ерекше қолдауы да осы себептен болып отыр.

«Берлин қабырғасының құлауынан бір-екі жыл бұрын мұндай жағдайды ешкім күтпеген еді. Сол сияқты қазір Путиннің құрдымға кетуіне де сену қиын, бірақ бұл іс қолымыздан келеді. Біз мұны біріккен жағдайда ғана жасай аламыз.

Біз бұл соғысты балаларымызға қалдырмаймыз, оны өзіміз аяқтаймыз, өз шарттарымызбен аяқтаймыз. Украина халқы соғысты тоқтатып, бейбітшілікте өмір сүруге лайық. Мәмілеге келу уақыты аяқталды. Ресей біздің қалаларымызды бомбалай бастағаннан бері бәрі аяқталды», - деді Украина президенті.

Зеленскийдің айтуынша, Путин тек қиратуды ғана біледі.

«Ресей Алеппоны қиратты, Молдова мен Грузияны екіге бөлді, Беларусьті тізе бүктірді, Грозныйды бомбалап, күлге айналдырды», - деді ол.

Айта кетейік, Владимир Зеленский Германияда канцлер Олаф Шольцпен және ел президенті Штайнмайермен келіссөздер жүргізді.

Осы кездесуде Германия канцлері олаф Шольц Украинаға әуе шабуылына қарсы үшінші Patriot қорғаныс жүйесін, IRIS-T, Gepard қондырғыларын, зымырандар мен оқ-дәрілер беретінін мәлімдеді.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91