Малави вице-министрі ұшақ апатынан қаза болды

Ол соңғы 10 жылда елдің вице-президенті қызметін атқарды

Админ
12/06/2024 - 10:35

Фото: Malawi24

Фото: Malawi24

Малави билігі вице-президент пен оның серіктері ұшақ апатынан қаза тапқанын растады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құтқарушылар құлаған ұшақтың сынықтарын тапты, оның бортында президенттің орынбасары және басқарушы коалициядағы серіктесі, 51 жастағы Саулос Чилима болған, деп мәлімдеді ел президенті Лазарус Чаквера.

Апат салдарынан борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелері – барлығы 10 адам қаза тапты.

Вице-президент мінген әскери ұшақ ел астанасы Лилонгведен көтерілген. Ол төрт күн бұрын қайтыс болған бұрынғы министр Ральф Касамбараны жерлеуге жіберілген үкіметтік делегацияның жетекшісі ретінде Малавидің солтүстігіне, Мзуза қаласына ұшып бара жатқан.

Ұшу үшін ауа райы қолайлы болмаған, сол сияқты ұшақпен байланыс мезгіл-мезгіл үзілген. Көп ұзамай ұшақ Чикангава қорығы аймағында диспетчерлердің радарынан жоғалып кетті.

Олар армия бөлімшелерін жұмылдыра отырып, жоғалғандарды күндіз-түні іздеді.

Қорғаныс күштерінің қолбасшысы президентке іздеу-құтқару операциясы аяқталғанын хабарлады: ұшақтың сынықтары табылды, бортта аман қалғандар жоқ.

Жерлеу рәсіміне вице-президент Чилима мен әскерилерден бөлек, Малави ұлттық ассамблеясында соңғы уақытқа дейін депутат болып отырған елдің бұрынғы бірінші ханымы Патрисия Шанил Джимбири де аттанған.

Президент Чаквера қайғылы оқиғаға қатты қайғырып, өзінің орынбасарын ізгі адам, үлгілі әке және мықты вице-президент болғанын айтты.

«Ол менің орынбасарым және кеңесшісім болғанына қатты қуанамын», - деді ел президенті.

Чилима соңғы 10 жылда елдің вице-президенті қызметін атқарды. Франс-пресс агенттігінің хабарлауынша, Малавиде өте беделді саяси қайраткер болған, әсіресе жастар арасында танымал болған.

2022 жылы Чилима сыбайлас жемқорлық жасап, мемлекеттік келісімшарттар үшін елдегі бизнес құрылымдарынан пара алды деген айыппен ұсталған. Алайда өткен айда сот бұл шешімнің себебін түсіндірмей, вице-президентке тағылған айыптардың барлығын алып, істі жауып тастады.

Саулос Чилиманың артында әйелі мен екі баласы қалды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91