Іргетасын қалауға дайындық жүріп жатыр: Құлсарыда салынатын үйлердің құрылысы күзде аяқталады

Алғашқы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынады

Sarbaz.kz редакторы
23/05/2024 - 12:44

Фото: Атырау облысының жедел штабы

Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 150 үй салынады. Тұрғын үйлердің құрылысын күзде аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Атырау облысы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, қазір құрылыс компаниялары 80 жеке үйдің іргетасын қалауға дайындық жүргізіп жатыр. 

«Құлсары қаласының «Болашақ» шағын ауданындағы алғашқы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынады. Тұрғын үйлердің құрылысын бастау үшін топырақты тегістеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оған үш мердігер компаниядан 30 жұмысшы мен 20 арнайы техника жұмылдырылды», – деді Нұрберген Құсайынов. 

Оның сөзінше, шағын ауданда іргетас құю жұмысымен қатар жол инфрақұрылымын салу жүргізіледі. Ал өзге инженерлік коммуникациялар реттеліп тұр.

«Атырау облысының әкімдігімен арада қол қойылған меморандумға сәйкес, жергілікті атқарушы орган жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін су баспайтын қауіпсіз аумақтан бөлуді қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы орган құрылыс жүргізу мерзімі мен техникалық талаптардың сақталуын, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды», – деп мәлім етті Нұрберген Құсайынов.

Типтік үлгідегі жаңа үйлердің ауданы – 80 шаршы метр. Тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланған. Сондай-ақ шағын аллеялар да салынады. 

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Құлсарының 357 тұрғыны өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойған. 

×

Редакция

$ 450.79  482.21  5.05