Сенат жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды

Заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын және «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2023 жылғы 10 наурыздағы № 140 Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді

Sarbaz.kz редакторы
23/05/2024 - 11:50

Фото: Parlam.kz

Фото: Parlam.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын және «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2023 жылғы 10 наурыздағы № 140 Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету ескерілген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сонымен қатар, «Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылып, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісімен айқындалады. 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылды.

«Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады», - делінген Сенат ақпаратында.

Жалпы, бұл құжат азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, сондай-ақ резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға бағытталған. Мұнымен қоса, істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады.

Сонымен қатар Заңды екінші оқылымда талқылау барысында Бас комитеттің, басқа комитеттер мен Сенат Аппараты бөлімдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- «электрондық банктік қарыз» ұғымы қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында көзделгендіктен, жаңа ұғымды енгізу алып тасталады;

- запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру үшін Заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту. Бұдан басқа, осы түзетуге байланысты ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптарды қолданбау ұсынылды;

- заңды тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жүргізу мүмкін еместігіне байланысты жеке тұлғаларға ғана биометриялық сәйкестендірусіз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды қолдану;

- банк және микроқаржы омбудсманын сайлау кезінде қосымша талаптар белгілеу;

- мемлекет қатысатын кредиттік бюролардың қызметін регламенттейтін нормаларды нақтылау, сондай-ақ коллекторлар кредиттік бюроға ұсынатын қосымша мәліметтерді көздеу;

- ломбардтармен шарт жасасу кезінде олардың қызметінің ерекшелігіне байланысты кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормаларды сәйкес келтіру;

- Қазақстан экономикасына инвестициялауға қосымша мүмкіндік беру мақсатында синдикатталған қаржыландыруға қатысуға рұқсат етілген тұлғалар тізбесінің синдикатталған кредит беруге қатысушылар құрамын резидент емес банктер филиалдарымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықтыру. Сонымен қатар, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша талаптар нақтыланады;

- Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкес келтіру;

- осы Заңды қолданысқа енгізуді көздейтін Заңның 2-бабын пысықтау.

×

Редакция

$ 450.79  482.21  5.05