«Әйелім украинша үйреніп жүр»: Украинада тұратын қазақ ол жақтағы тіл жағдайын айтты
Қазіргі таңда Украина халқы негізінен қай тілде сөйлейді? Ал Украинада тұратын қазақтар ше? Соғыс басталғаннан бері орыс тілінің ығыстырылғаны рас па? Бұл сұрақтарға Украинада 21 жылдан бері тұратын этникалық қазақ, бүгінде волонтер ретінде Киевтен Херсон, Донбасс сияқты көптеген аймаққа қажетті заттар тасымалдап жүрген Марат Дәрменов жауап берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Шыны керек, мен өз басым қазақша тек ағаларыммен ғана сөйлесемін. Оның өзінде де екі ағам ғана қазақша жақсы сөйлейді. Туысқан ағаларым Қызылордада орыс мектебінде оқыған. Басқалары қазақша дұрыс білмейді. Біз осында көшіп келгенде үлкен ұлым 4-те болатын. Ол кезде ол, керісінше, орысша да, украинша да мүлде білмейтін. Тек қазақша сөйлейтін. Одан кейін балабақша да, мектеп те – бәрі украин тілінде болды. Жалпы, өзара негізінен орысша сөйлесеміз. Украина демократиялы ел болғандықтан, бұл жақта кім қай тілде сөйлеп жатса да, аса қатты сынамайды. Әркім өзі біледі. Орысша сөйлейтіндерге ешкім шүйлікпейді», - деді ол.
Оның айтуынша, 2022 жылы соғыс басталғаннан бері Ресейге ренжігендіктен, бұрыннан орыс тілінде сөйлеп жүрген жергілікті украиндардың көпшілігі украин тіліне ауысқан.
«Оларды ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ, өз еріктерімен ана тілдерінде сөйлеуге көшіп жатыр. Көшеде орысша сөйлесіп келе жатсақ, әсіресе, бізге ештеңе демейді. Өйткені ұлтымыздың украин емес, басқа екенін түрімізден көреді ғой. Балаларымның бәрі украинша жақсы түсінеді, сөйлейді, оқиды, жазады. Келіншегім де украинша сөйлеуге, үйренуге тырысып жүр. Ал өз басым шыны керек, украинша көп сөйлей бермеймін. Егер екі украиндық өзара орысша сөйлессе, бәлкім, біре-міреу украинша сөйлеу керек деп ескерту жасауы мүмкін. Егер біз украинша сөйлесек, ризашылықтарын білдіріп, қуанады. Жалпы, тіл жағынан еш мәселе жоқ. Бізге, яғни қазақтарға да ешкім қысым көрсетпейді», - деді Марат Дәрменов Sarbaz.kz тілшісіне берген сұхбатында.