«Ұлым екі рет жараланды»: Украинада тұратын қазақтардың ахуалы қалай?

«Соғыстың алғашқы күндері Киев облысының аспанында қара түтіннен күн көзі көрінбей қалды»

Нұрдәулет Кәкіш
26/03/2024 - 11:44

Фото: Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

Фото: Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

Украинада қазақтар Наурыз мерекесін қалай атап өтті? Қазір елде ахуал қалай? Азық-түлік тапшылығы жоқ па? Жалақы, зейнетақы уақтылы төлене ме? Украиналықтар бүгінде негізінен қай тілде сөйлеп жүр? Sarbaz.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтар бойынша Украинада 21 жылдан бері тұрып жатқан қандасымыз, қарапайым халықтың ортасында жүрген волонтер Марат Дәрменовпен сұхбат құрды.

– Марат Қайсарұлы, Украинада Наурызды қалай атап өттіңіздер? Қанша адам жиналды? Жергілікті украиндар да болған шығар? Толығырақ айтып өтсеңіз.

– Киевте Наурыз мерекесі жақсы өтті. Әрине, жергілікті халық көп болды. Тіпті жиналғандардың басым көпшілігі жергілікті украин халқы болды. Өйткені біздің киіз үй Киевтің қақ ортасындағы Шевченко саябағында орналасқан. Наурызға дайындалып жатқанымызды көп адам көрді. Қазақ қандастарымыз да біраз жиналды. Осы Украинада тұратын тәжік жігіті де келіп, бізге палау пісіруге көмектесті. Жалпы үш қазан палау пісірсек, соның бірін тәжік бауырымыз пісірді, қалған екеуін өзім әзірледім. Одан бөлек, ағаларымның көмегімен осындағы жеңгелеріміз, қарындастарымыз екі қазан бауырсақ пісірді.

Фото Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

Оркестр өнер көрсетті. Екі елдің Гимні орындалды. Ең алдымен Украинаның Гимні, содан кейін Қазақстанның Әнұраны шырқалды. Украинаның қазақ халқына деген құрметінің ерекше екенін осыдан да байқауға болады. Адамдар өте көп жиналды. Үш қазан палаудан 800 адам дәм татты. Бір реттік пайдалануға арналған 1 000 тәрелке сатып алғанбыз. Соның 200-і ғана пайдаланылмай қалыпты. 800 адамның дәм татқанын осылай есептедік.


Фото Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

Қазақ үйді Шевченко саябағына қоюымыздың бір себебі әріде жатыр. Тарихқа үңілсек, кезінде Тарас Шевченко жер аударылғанда басында Қызылорда облысы Арал ауданы Қаратерең ауылында болып, одан кейін Ақтауға ауыстырылған ғой. Соған орай Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының атауы әлі де солай. Ал Қызылорда облысындағы Қаратерең ауылында тал өспеген екен. Содан Тарас Григорьевич Шевченко сол Қаратереңде бір көшет отырғызыпты. Кейіннен ол үлкен тал болып өскен. Баяғыда әкелеріміз бала күнінде сол жалғыз талды киелі тұтып, қасынан өткенде бастарын иіп өтуді үрдіске айналдырыпты. Сонау талдың шыбығы әкелініп, осындағы Шевченко саябағына отырғызылған. Сол себепті де біраз уақыт бұрын қазақ үйімізді осы саябаққа орналастырғанбыз.


Фото Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

– 800 адамды қонақ етуге үлкен дайындық та, біраз қаражат та қажет екені белгілі. Мұндай ауқымды іс-шара ұйымдастыруға кімдер қолдау көрсетті?

– Жалпы, бұл іс-шараны өткізуімізге Сергей Владимирович Нагорняк есімді депутат қолдау көрсетті. Сонымен қатар, жергілікті бизнесмендер де демеушілік жасады. Өткен жолы Қазақстаннан да ірі компаниялардың өкілдері келіп кеткен. Олар да қол ұшын созды. Осында тұратын Нұртай деген кісіге өзім хабарласып, осы мерекеге қонақ болыңыз деп шақырғанмын. Ол кісі бірден қандай көмек керек екенін сұрады. Палау дайындамақ жоспарымызды айтып едім, ол етпен қамтамасыз ететін айтты. Үш қазан палаудың 45 келі етін сол Нұртай деген кісі берді. Онысына рақмет. Содан кейін саябақтағы киіз үйді екі жыл бұрын тез-тез құрғанбыз. Оның ұзақ тұратынын білмедік. Осы қазақ үйде талай адамға шай берілді. Бір рет пайдалануға арналған стақандардың санымен есебін шығарсақ, былтырдан бері киіз үйімізге 50-60 мың адам кіріп шыққан екен. Содан да болар, едені тозып кетіпті. Нұртай аға соған да ақша жіберіп, қазақ үйдің еденін жаңарттық. Монтаж, де монтаж сияқты жұмыстары жасалды. Жалпы, осы кісілер қолдау көрсетті. Ал Наурыз өткізген күні ағаларым мен інілерімді де көмекке шақырдым. Қазан-ошақ құру сияқты басқа да шаруаларға көмектесті. Дәрменовтер әулетінен волонтер болып жүрген мен ғана. Дегенмен осындай іс-шаралар кезінде ағаларым мен інілерімді көмекке шақырып тұрамын. Олар бастан-аяқ жүріп, көмектеседі.

– Жалпы, Украинада, Киевте шамамен қанша қазақ тұрады? Украинадағы қазақ диаспорасы ұйымшыл ма? Жиі бас қосып тұрасыздар ма?

– Шынымды айтсам, ресми диаспорамен аса байланысымыз жоқ. Осында 5-6 қазақ отбасы жақын араласамыз. Ал диаспора өкілдерін іс-шараларымызға шақырсақ, олар онымызды аса елей бермейді. Дегенмен іс-шара ұйымдастыратын кезде біз де өзімізді жергілікті билікке «қазақ қауымдастығы» деп таныстырамыз. Жалпы, Украинада қанша қазақ тұратынын нақты білмеймін. Бұрын көп болатын. Соғыс басталғалы бері көбісі елге қайтып кетті.

– Қателеспесем, Украинада тұрып жатқаныңызға 20 жылдан асыпты. Қазір қай қалада тұрасыз? Украинада туыстарыңыз көп пе? Қазақстанның қай өңірінен боласыз? Елге қайту ойыңызда жоқ па?

–  Менің марқұм ең үлкен ағам кезінде 1982 жылдары осы Украинада әскерде болған. Ол кезде мен баламын. Содан ағам Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін осында қалып қойды. Осы жақта жүріп, үйленді. Жеңгем украин қызы. Кейін ақырындап бізді де осында, қасына шақырды. Өзі 1963 жылғы еді, 2020 жылы қайтыс болды. Соңында жалғыз ұлы қалды. Әкем екі ағайынды-тұғын. Бүгінде әкем де, інісі де о дүниелік. 1985 жылы інісі бақилық болған соң әкем екі отбасын аяқтан тұрғызған. Қазір Украинада екі немере ағам, бір туған ағам тұрады. Тағы бір ағам елде, Қызылордада тұрып жатыр. Жалпы, қазіргі таңда Украинада аға-жеңге, бала-шағаның бәрін қосқанда Дәрменовтер әулетінен 26 адамбыз. Бір ауылмыз деуге болады. Қызылордада туып-өскенмін. Кіші жүздің Әлім руынан боламын. Ата-анам – аралдықтар.

Украинаға 2003 жылдың қыркүйек айында көшіп келгенмін. Отбасымда екі ұл, бір қызым бар. Ұлдарым Қазақстанда туған. Қызым осы жақта дүниеге келді, қазір 9 жаста. Жоғарыда айтқанымдай, әулеттің 26 адамы осында тұрып жатырмыз. Соғыс басталғалы ешқайда көшіп кетпедік. Киевтің іргесінде Белогородкада тұрамын. Бұрын Киевтің орталығында көпқабатты тұрғын үйде тұрғанбыз. Кейіннен қаланың іргесінен жер алып, үй салып алдық. Бұрын Қызылордада да жер үйде тұрғанмын. Ақыры көпқабатты үйде тұра алмадым. Оның үстіне, қаланың орталығында кептеліс, көп уақытың көліктің ішінде өтеді. Сол үшін де қаланың сыртына көшіп кеттім. Қазіргі таңда әлемге әйгілі болған Буча қаласы бізден тас жолымен есептегенде 20 шақырым, тікелей әуе арқылы 12-15 шақырым қашықта орналасқан. Яғни біз тұратын жер – Киев облысы Буча ауданы Белогородка селосы. Бучаға атқыланған снарядтар Белогородкаға да жетер еді. Ресейлік танктер Бучадан да өтіп кетті. Біздің ауылдың маңайында Гореничи деген елдімекен бар. Сол елдімекеннен Киевке қарай өте алмады. Сол жердегі көпірді ресейлік танктер өтіп кетпес үшін біздікілер әдейі жарып жіберді. Ресейдің танктері, әскери көліктері – барлығы сол жерге келіп тірелген. Кептелістің ұзындығы шамамен 60 шақырымға дейін созылған деседі. Ал сол көпір тас жолы арқылы менің үйіме 3-ақ шақырым, тікелей – 1,5 шақырым. Содан Украинаның Қарулы күштері сол нөпірді түріктің Bayraktar деп аталатын ұшқышсыз ұшақтарымен атқылағанда әскери көліктер қоңыз сияқты жан-жаққа қашқан. Әртүрлі елдімекендерге бірнешеден әскери көліктер кіріп кеткен. Белогородкаға да БМП бронды машина өтіп кетіпті. Оны біздің тұрғындар аңға шығатын қарумен жойды. Алдымен Молотов коктейлін шашқан. Сол кезде өртенген көліктен экипаждары қашып шыққанда оларды мылтықпен жер жастандырған.


Фото Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

Украинаның азаматтығы бар бізді, яғни 60 жасқа толмаған ер адамдарды қазіргі таңда елден ешқайда шығармайды. Өткен жылы жазда Астанадағы қазақтардың құрылтайына бармақ болғанмын. Осындағы бір бизнесмен менің ұшаққа барыс-қайтыс билетімді, қонақ үйдің ақысын төлеп берген. Оған маған елден шығуға рұқсат етілмей, бара алмадым.

– Сонда соғыстың бел ортасында жүрсіздер ме? Қазақтар арасынан қаза тапқандар жоқ па?

– Құдайға шүкір, қазақтардың бәрі аман-есен. 2022 жылдың 24 ақпанында соғыс басталған сәттен бастап осындамыз. Бәрін өз көзімізбен көріп келеміз. Орыстың әскерлерімен бетпе-бет келмесек те, жарылыстың бәріне куә болып жүрміз. Әсіресе, 2022 жылдың 27-28 ақпан күндері Киевтің айналасын қара түтін басып, қатты өрт болды. Әртүрлі ғимараттар, қоймалар өртенді. Қара түтіннен тіпті күн көрінбей қалды. Түтін аспандағы бұлт сияқты торуылдады. Бүкіл Киев облысының аспанын қара түтін басып кетті. Жарылыс бізге жақындай бастағанда Бучадағы сияқты қатты жарылыстар болса, ешқайда шыға алмай қалмас үшін елдімекен тұрғындары уақытша жан-жаққа кеттік. Бір айдан аса туыстарымыздың үйінде жүрдік. Бәрі ептеп тынышталған соң үйімізге қайттық. Қазіргі уақытта волонтер болып жүрмін. Херсонға барып тұрамын. Өткенде Донбасс жаққа досымның көлігін апарып тастадым. Сол жақтан баламның көлігін жөндетуге сүйреп алып келдім. Қаншама ауылды жерлер қирап, қалалар қаңырап бос қалған.


Фото Марат Дәрменовтің жеке мұрағатынан

Солардың ортасынан өтемін. Қарауға жүрегің ауырып, денең түршігеді. Херсонға айына 2-3 рет барып тұрамыз. Ол жақтың көрнісі адам қарайтындай емес.

– Дәл қазіргі уақытта Украинада, Киевте ахуал қалай? Халықтың көңіл күйі қалай? Алай-дүлей ме, әлде жағдайға әбден бейімделіп алды ма? Соғыс бейбіт тұрғындардың өмірін қаншалықты өзгертті?

– Соғыстың аты соғыс. Соғыс болып жатқан жерде жағдай белгілі ғой. Бірақ Қазақстанға, Ресейге қарағанда Украинада демократия әбден орнаған. Әркім жалпақ тілмен шындықты айта алады. Жалпы Украинадағы соғыс тек екі жыл бұрын басталған жоқ. Негізі 2014 жылдан бері соғыс жүріп жатыр. 2022 жылы ауқымды соғыс басталды. Алматыдағы «Қаңтар оқиғасы» кезінде интернет істемей, банкоматтарда, банктерде ақша болмай жатқанынан әлеуметтік желілер арқылы хабардар болдық. Ал Украинада ауқымды соғыстың алғашқы күнінен бері интернет сөнген жоқ. Банкоматтар да істеп тұрды. Дүкендерде негізінен банктік картамен төлем жасауға нұсқады. Өйткені инкасаторлар жетіспей қалды. Олардың көбі, жалпы қолына қару ұстай алатын азаматтың бәрі соғысқа аттанып кетті. Сондықтан телеарналар мен радиолардан халыққа неғұрлым сауданы тек банктік картамен жасауға үндеді. Содан кейін кассаларда банктік картадан белгілі бір лимитпен ақша шешуге мүмкіндік берілді. Әлбетте, картасы жоқтардан қолма-қол ақша да алынды. Содан соң таңқалғаным адамдар да бір-біріне қол ұшын беріп, көмектесе бастады. Бұрын «соғыс басталса, украиналықтар жан-жаққа қашып кететін шығар» деп ойлайтынмын. Жаңылысыппын, ауызбіршіліктері бірден күшейіп кетті.

– Соғыс басталғалы жалақы, зейнетақы уақтылы төленіп жатыр ма? Кешіктіру болмай ма? Қымбатшылық сезіле ме? Азық-түлік тапшылығы жоқ па?

– Шүкір, азық-түлік тапшылығы жоқ. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің жалақысы да тоқтаған жоқ. Ал коммерциялық жағдай әртүрлі. Жақсы қарқынмен жұмыс істеп жатқандар да бар. Тұралап қалғандар да жоқ емес. Ел президенті электр жарығын, коммуналдық қызметтің тарифін қымбаттатпауға тырысып жатыр, яғни қымбаттатуға рұқсат бермей жатыр. Харьковтың арғы жағы, Донбасс жақ, жалпы, Ресейге жақын орналасқан шекара аймағындағы қалалардың көпшілігі бомбалаудың астында қалып, біразы қирап қалған. Бірақ ол қалаларға да электр жарығы әлі де беріліп тұр. Алайда олардың арасында коммуналдық қызмет ақысын төлеп жатқандар да бар, төлей алмай жатқандары да көп. Оған шамасы да келмей жатқандар жетерлік. Соған қарамастан президент ол аймақтардағы электр жарығын өшірмеу туралы бұйрық беріпті. Әйтеуір, күнкөріс бар.

– Былтыр сұхбатыңызда жиһаз цехыңыздың барын айтқан едіңіз. Әлі де сол кәсіппен айналысасыз ба? Кәсібіңіз қалай жүріп жатыр? Соғыстың салқыны қаншалықты тиіп жатыр?

– Жоқ, өкінішке қарай жиһаз цехының жұмысы тоқтады. Жиһаз саудасы бұрынғыдай емес. Қалада кеңселеріміз бар болатын. Қазіргі уақытта сол кеңселерімізді жалға беріп отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, осындағы әулеттің 26 адамына, яғни 5 отбасыға жалға беру ақысынан түскен қаражатты бөлісеміз. Содан кейін де шетелге қыдыруға, жаңадан көлік сатып алуға бұрынғыдай мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ ол үшін еш өкініш жоқ. Бастысы соғыс аяқталып, бейбітшілік орнаса, бәрі болады.

– Өткен жылғы сұхбатыңызда ұлыңыздың Украинаны қорғауға соғысқа барғалы жүргенін айтқан едіңіз. Жалпы, былтырдан бері елде, айналыңызда қандай өзгерістер болды?

– Иә, үлкен ұлым соғыста жүріп, екі рет жараланды. Ол осы жолғы Наурыз мерекесіне жарты күнге келіп кетті. Бірнеше күн бұрын «2-3 сағатқа кел» деп шақырғанмын. Шүкір, рұқсат алып, келуге мүмкіндігі болды. Ол өткенде қаруластарымен бірге жарылыстан жарақат алып, қазір емделіп жүр. Жарақат болғанда, жарылыстың толқыны көзіне қатты әсер еткен екен. Өзінің бала күнінен көзі нашарлау көретін. Жарылыс салдарынан -2-ден -5-ке дейін түсіп кетіпті. Қазір көзәйнек тағып алыпты. Бұрын тақпайтын. Өткен жылы жарылыстан тізесінен жарақат алған болатын. Ол кезде де окопқа секіріп бара жатқан кезінде жарылыстың толқыны оны тасқа соғып, тізесі сынған. Қазір балдақты тастап, ақсаңдамай жүр. Дегенмен бронды киім кигенде тізесінің әлі де ауыратынын айтады. Қазір әзірге осында, Киевте емделіп жүр. Соған қуанып жүрмін. Мерекеде қауышып, бір мәре-сәре болып қалдық. Аман-есен көргенімізге қуандық. Жалпы, оның бөлімшесі Харьковтың арғы жағында, Ресейге жақын аймақта орналасқан. Өкінішке қарай, қасындағы біраз қаруласы қаза тауыпты. Олардың көбісі былтырлары демалысқа шыққан кездерінде ұлыммен бірге үйге келіп, дастарханымыздан талай рет дәм татқан. Ұлымның айтуынша, бүгінде олардың жартысы тірі қалмапты. Ұлым өзі 24-те. Қаза болған қаруластарының бәрі кілең 23-25 жастағы жап-жас балалар еді. Амал қанша?!. Өткенде үйге тағы бір жолдасы келіп, сәлем беріп кетті. Жасы 23-те ғана, оң қолынан айырылған. Орнына робот-протез қол салыпты. Яғни саусақтары қимылдайды. Телефон, кесе сияқты жеңіл-желпі заттарды ұстай алады. Түнде телефон қуаттағандай, токқа қуаттап қойып, таңертең тағып алады екен. Бірақ өзінің қолына не жетсін, шіркін?!

– Әулеттің ішінде өзара қазақша сөйлесесіздер ме? Жалпы, қазір Украинада көбіне қай тілде сөйлейсіздер, украинша ма? Соғыс басталғаннан бері орыс тілі ығыстырылды ма? Орысша сөйлейтіндерге көпшілік жақтырмай қарайды деген рас па?

– Шыны керек, қазақша тек ағаларыммен ғана сөйлесемін. Оның өзінде де екі ағам ғана қазақша жақсы сөйлейді. Туысқан ағаларым Қызылордада орыс мектебінде оқыған. Басқалары қазақша дұрыс білмейді. Біз осында көшіп келгенде үлкен ұлым 4-те болатын. Ол кезде ол, керісінше, орысша да, украинша да мүлде білмейтін. Тек қазақша сөйлейтін. Одан кейін балабақша да, мектеп те – бәрі украин тілінде болды. Жалпы, өзара негізінен орысша сөйлесеміз. Украина демократиялы ел болғандықтан, бұл жақта кім қай тілде сөйлеп жатса да, аса қатты сынамайды. Әркім өзі біледі. Орысша сөйлейтіндерге ешкім шүйлікпейді.

Дегенмен 2014 жыл емес, әсіресе, 2022 жылғы ауқымды соғыс басталғалы бері Ресейге ренжігендіктен, бұрыннан орыс тілінде сөйлеп жүрген жергілікті украиндардың көпшілігі өздері украин тіліне ауысып жатыр. Оларды ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ, өз еріктерімен ана тілдерінде сөйлеуге көшіп жатыр. Көшеде орысша сөйлесіп келе жатсақ, әсіресе, бізге ештеңе демейді. Өйткені ұлтымыздың украин емес, басқа екенін түрімізден көреді ғой. Балаларымның бәрі украинша жақсы түсінеді, сөйлейді, оқиды, жазады. Келіншегім де украинша сөйлеуге, үйренуге тырысып жүр. Ал өз басым шыны керек, украинша көп сөйлей бермеймін. Егер екі украиндық өзара орысша сөйлессе, бәлкім, біре-міреу украинша сөйлеу керек деп ескерту жасауы мүмкін. Егер біз украинша сөйлесек, ризашылықтарын білдіріп, қуанады.

Өткенде Наурыз кезінде маған сөз берілгенде көптеген адамның алдында орысша сөйлеп, біздің мейрамға келгендеріне рақметімді айттым. Содан өзімнің волонтер екенімді, үнемі Херсон жаққа зат апарып, жергілікті халыққа көмек көрсетіп жүргенімізді айта бастағанымда көпшілік қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді. Айта кету керек, әсіресе, Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе облысынан Украинаға қаржылай көмек жиі келіп тұрады. Қазақстаннан келген қаражаттың арқасында былтырдан бері Ингулецте судан зардап шеккен адамдарға үй салып беруге көмектестік. Көбінің үйі суға ағып кетіпті. Қазақтардың атынан 5-6 үй салып бердік. Олардың қысқа дейін күн суытпай үйлеріне кіріп, аяқтан тұруына септесіп, демедік. Қазір барсақ, бізді олар құшақ жая қарсы алады. Әлі де көмектесіп жатырмыз. Осындай көмек көрсетіп жатқаннан кейін бізге «украинша сөйле» деп қалай айтсын?! Жалпы, тіл жағынан еш мәселе жоқ. Бізге де, яғни қазақтарға ешкім қысым көрсетпейді.

– Сұхбатыңызға рақмет! Аман болыңыздар!

Тегтер

×

Редакция

$ 439.43  473.31  4.82