Техникалардың бір бөлігі жалға алынады
Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыс пен Африкадағы операцияларына қатысу үшін қазақстандық бітімгерлер өздерімен бірге 26 бірлік түрлі техника алып барады, олардың бір бөлігін жалға алады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Kursiv-ке сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, 26 бірлік техниканың ішінде тек «Арлан» мен «КамАЗ» броньды машиналары Қазақстан армиясында бар. Ал қалған көліктер жалға алынады. Жалға алынатындар арасында техникаларды миссия аймақтарына тасымалдайтын ИЛ-76 жүк ұшақтары да бар.
«Контингент мынадай әскери техникаларды пайдаланады: 15 бірлік отандық «Арлан» броньды дөңгелекті машинасы, алты «Тойота» жоғары өтімді автомобиль, төрт КамАЗ және бір шағын автобус», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Министрлік сондай-ақ БҰҰ-ның қазақстандық әскерилердің миссияға қатысуы үшін төлейтін төлемдері жылына шамамен 4,9 миллион долларды құрайтынын, оның 2,4 миллионы жеке құрамға, ал қалған 2,5 миллионы техника, қару-жарақ пен мүлікті жалға алуға төленетінін атап өтті.
Осыған дейін әскери техниканы тасымалдауға 8 млн доллар жұмсайтыны және ол жекеменшік ИЛ-27 ұшағымен тасымалданатыны хабарланған болатын.
Айта кетейік, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингентіне әскери қызметкерлер жұмылдырылатынын мәлім еткен болатын.
Басылымның хабарлауынша, қазақстандық әскерилер төрт операцияға қатысады – Голан биіктерінде, Оңтүстік Судан Республикасында, Абьейде, сондай-ақ Палестина мен Израиль арасындағы бітімгершілік шартының орындалуын бақылайды.
Қазақстандық бітімгерлер Таяу Шығысқа бару үшін қандай дайындықтан өткені осыған дейін хабарланған болатын.