Бұл Ресей президентінің 20 жылдан астам уақыт ішінде Солтүстік Кореяға жасайтын алғашқы сапары болуы мүмкін
Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Чхве Сон Химен кездесуінде Пхеньянға баруға дайын екенін айтты. Бұл кездесу Ресейде өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Владимир Путин сонымен қатар Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ынды өз еліне шақырғаны үшін алғыс айтты. Бұл Ресей президентінің 20 жылдан астам уақыт ішінде Солтүстік Кореяға жасайтын алғашқы сапары болуы мүмкін.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің Солтүстік Кореяға сапары жуырда болады деп үміттенетінін айтты. Бірақ бұл кездесу жайлы әзірге ешқандай келісім жасалмаған.
Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Чхве Сон Хидің сапарында Украинадағы соғыста қолдауы мен ынтымақтастығы үшін Ресей КХДР-ға алғыс айтты, деп хабарлады Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі.
Мәскеу мен Пхеньян сонымен қатар АҚШ пен оның одақтастарының Солтүстік Кореяның егеменді құқықтарына қарсы әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдайды шешуде ынтымақтасуға келісті, делінген хабарламада.
Пхеньян мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастық БҰҰ жарғысына және басқа да халықаралық заңдарға сәйкес келеді, деп мәлімдеді агенттік.
1999 жылы Борис Ельциннің орнына келген Владимир Путин 2000 жылдың шілдесінде Ким Чен Ынның әкесі Ким Чен Ирмен кездесу үшін Пхеньянға барған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын Ресейге арнайы сапармен барған. Өз кезегінде Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Солтүстік Кореяға сапарлаған. Осындай жоғары деңгейдегі кездесулер елдер арасындағы әскери ынтымақтастықтың жандануына және Ресей Федерациясының Қарулы күштеріне Солтүстік Кореядан артиллериялық оқ-дәрілер мен баллистикалық зымырандарды жеткізудің басталуына себеп болды.