Мемлекет басшысы: Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет

Президент Алматы облысындағы «Батыл тойтарыс – 2023» оқу-жаттығу жиынына қатысты

Sarbaz.kz редакторы
05/09/2023 - 21:23

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы «Батыл тойтарыс – 2023» оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейіне оң баға берді. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Сонымен қатар Президент бұл оқу-жаттығу жиындары күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.

«Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша ел әскерінің кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.

«Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығына Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94