Олар мұнай өңдеу зауытының жанында орналасқан «Сасық сай» булану алаңына қонды
Атырауға Қызыл кітапқа енген бір топ қоқиқаз ұшып келді. Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, байырғы тұрғындар мен орнитолог мамандар бұл ерекше құсты қала маңынан, мұнай өңдеу зауытының жанынан көру сирек кездесетін құбылыс екенін жеткізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Күз мезгілінде жылы жаққа ұшар кезде қоқиқаздар тобының демалатын орны Атырау қаласының маңындағы мұнай өңдеу зауытының жанында орналасқан «Сасық сай» булану алаңы болған. Қазір булану алаңында әкімдік пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «Tazalyq» экологиялық жобасын іске асыруда. Жоба Атырау қаласының экологиялық ахуалын жақсартып, қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған.
Орнитологтар құстардың ұшу кезінде демалу үшін булану алаңын таңдауына алаңдауға негіз жоқ екенін айтады, бұл жерде оларға қажет табиғи тағам – ұсақ шаянтәрізділер бар.
«Қоқиқаздардың қонуына қарағанда, демек сол алаңда қоректері бар деп болжауға болады. Ол жерде қоқиқаздарға азық болатын өсімдіктер мен микроағзаларды өсіретін микробиологиялық процестер жүріп жатыр», - дейді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығы ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Илья Бофонов.
Қызыл кітапқа енгізілген жабайы құстар тобының пайда болуы булану алаңындағы экологиялық жағдай жақсарғанының белгісі болуы да мүмкін.