Өскемен қаласындағы әскери қызметшілерге деген ізгі тілегін жеткізді
«Бүркіт» кинокартинасында басты рөлді сомдаушылардың бірі танымал актер Дәурен Серғазин «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөліміне бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері үндеуінде ел игілігі жолында тайсалмай, жауынгерлік қызметтің жауапты жүгін арқалап жүргендерге құрметінің бөлек екендігін тіліне тиек етті. Сонымен қатар өз міндетін абыроймен атқарып жүрген Өскемен қаласындағы әскери қызметшілерге деген ізгі тілегін жеткізді.
«Еліміздің тыныштығын күзетудегі жұмыстарыңыз табысты болсын! Жолдарыңыз ашық болсын! Сәттілік тілеймін!» - деді Дәурен Серғазин.
Өнер саңлағының жылы лебізіне бөленген 6699 әскери бөлімі дән риза. Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінің орынбасары кинодағы актер шеберлігіне жіті тоқталды. Дәуреннің сомдаған рөлі қоғамдағы шиелініске толы қылмыстық топтың бетін ашып, әмбе шытырман оқиғаның шарықтау шегінде культтік сипатқа ие болғандығын алға тартты.
«Дәурен Серғазин бірнеше кинокартинада өнер көрсеткен тәжірибелі актер. «Алдар көрсе», «Брат или брак» фильмдерінде көрермен көңілінен шыққан өнер саңлағы бұл жолы да өзін жаңа қырынан таныта білді. «Бүркіт» фильмі арқылы әскери қызметтің қыр-сырына көпшілік қауым әбден қанық болғандай. Қызметке деген тастай берік қайраттылық, жора-жолдасқа деген адалдық көзі қарақты көрерменді гуманизмдік өлшемінің биігіне жетелейтіндей», - дейді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасары майор Саибжан Сагдуллаев.
Айта кетейік, қазақ өнерінде өзіндік орыны бар театр және кино актерінің бейнеүндеуі 6699 әскери бөлімінің Instagram парақшасында жарияланған болатын.