2010-2019 жылдар аралығында әлемнің 20 елінде кассеталық оқ-дәрілерден 4315 адам қаза тапқан
Бұл әскери қару аса қауіпті болып саналады. Кассеталық оқ-дәрілер – снаряд, зымыран, бомба ішінде жасырылған шағын бомбалар. Қысқаша айтқанда, кассеталық бомба – ұсақ бомбалармен толтырылған снаряд. Sarbaz.kz тілшісі аталмыш қарудың қауіптілігі жайлы қозғап өтпек.
Мұндай бомба әуеде жарылып, кең көлемдегі территорияға ұсақ жарылғыш снарядтар шашады. Жарылған шағын бомбалар қарша борап, қарсыластың жауынгерлерін жаппай жер жастандырады. Тіпті жеңіл бронды көліктерді де тесіп өте алады. Тек танк, терең блиндаж сияқты анағұрлым қорғалған жерде тығылған адамдар ғана аман қалады.
Кассеталық бомбалар соғыс қимылдары кезінде тиімді болғанымен, ол өте қауіпті. Себебі кассеталық ұсақ бомбалардың бір бөлігі кейін жарылатындай етіп программаланады. Яғни жерге түскеннен кейін бірден жарылып кетпейді, орнында көптеген жылдар бойы мина секілді жерде жата береді. Тіпті аймақта бейбітшілік орнағаннан кейін де адамдарға төнетін қауіп сейілмейді. Осылайша бейбіт тұрғындарға зардабын тигізуі мүмкін.
Кассеталық бомбаларды алғаш рет Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1943 жылы немістер қолданған. Қазіргі таңда кассеталық оқ-дәрілерді шығаратын ең ірі елдер – АҚШ, Ресей және Қытай.
Біріккен Ұлттар ұйымының статистикасына сүйенсек, 2010-2019 жылдар аралығында әлемнің 20 елінде кассеталық оқ-дәрілерден 4315 адам қаза тапқан. Олардың 80%-ы Сирияда болған. Сол сияқты Сирияда балалардың 40%-ы осы қаудың салдарынан зардап шеккен.
Атап өтетін жайт, бұл қаруды пайдалану адамзатқа қарсы жасалған қатыгездік деп танылды. Осылайша НАТО-ның біраз елі кассеталық снарядтарды қолдануға, өзге елге беруге және жинақтауға тыйым салатын халықаралық конвенцияны ратификациялады. Кассеталық оқ-дәрілер жөніндегі конвенция 2010 жылы күшіне енді. Оған 113 ел қол қойды, оның 84-і ғана ратификациялады. Алайда бұл халықаралық шартқа қол қоюдан бас тартқан мемлекеттер де бар. Мысалы, АҚШ, Ресей, көрші Қытай.