Алдағы жаздан бастап әуе көлігін 2-курс курсанттары тізгіндейді
Әуе қорғанысы институтында L-410 жаңа көлік ұшағы алғаш рет әуеге көтерілді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Чехияда шығарылған екі ұшақ өткен жылдың желтоқсан айында аталмыш институтқа жеткізілген. Әзірге бұл ұшақтармен ұшқыштар ұшып жүр. Бірақ алдағы жаздан бастап оны 2-курс курсанттары да тізгіндемек.
Аталмыш оқу орнының баспасөз хатшысы Андрей Кузнецовтың айтуынша, курсанттардың жұмысы жеңілдеді. Енді түрлі әскери бөлімдерге барудың орнына институт аумағында жаттығатын болады.
L-410 – 19 жолаушыны, жүкті тасымалдауға немесе нақты тапсырмаларды орындауға арналған екі турбовинтті қозғалтқышы бар ұшақ. Ұшақ арнайы конструкция бойынша жасалғандықтан -50°C-тан +50°C-қа дейінгі температура аралығында экстремалды климаттық жағдайларда жұмыс істей алады.
L-410 ұшағы қысқа ұшу-қону жолақтарында ұшып-қона алады. Бұл ұшақтың бірнеше нұсқасы бар, оның ішінде жолаушыларға, санитарлық және жедел медициналық көмекке, жүк және парашютке арналған нұсқалары бар. Әуе көлігі бүгінде 50-ден астам елде қолданылады.
Чехияның Let Kunovice (Қазіргі Aircraft Industries) авиациялық компаниясы әзірлеген L-410 Turbolet – аймақтық тасымалдауға арналған қос моторлы, жеңіл турбовинтті ұшақ. Оны құру идеясы 1960 жылдардың аяғында Чехословакияда басталды, 1973 жылы сынақтардан сәтті өткеннен кейін коммерциялау басталды. L-410 алғашқы рейсінен бастап өзінің сенімділігі мен үнемділігі арқылы танымал болды.
1990 жылдарда қызығушылық айтарлықтай төмендеген. Алайда 2008 жылы ресейлік «Орал тау-кен металлургия компаниясы» Let Kunovice (Aircraft Industries) акцияларының 51% сатып алғаннан кейін L-410 Turbolet өндірісі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда бұл ұшақ әртүрлі елдердің аймақтық авиациясында қолданылып жүр.