Нигерия Қытайдан «Томпақ қыз» атты әуе көлігін сатып алуы мүмкін

Қазіргі уақытта өндірілетін ең үлкен әскери ұшағы несімен ерекше? 

Ануар Маратов
11/01/2024 - 20:52

Y-20. Фото: wikipedia.org

Y-20. Фото: wikipedia.org

2023 жылдың желтоқсанында Дубайда болған әуе шоуынан кейін Қытайдың Y-20E көп мақсатты көлік ұшағы экспортқа шығарылмақ. «Томпақ қыз» деген лақап атқа ие болған ең үлкен әскери ұшақ Нигерияға ұсынылып отыр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Eurasian Times-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ұшақ АҚШ-тың C-17 Globemaster техникасымен бір деңгейде. Осылайша Қытай АҚШ пен Ресейден кейінгі жеке өзі шығаратын көп мақсатты әскери-көлік ұшағы бар үшінші елге айналды.

Y-20 ұшағын Қытайдың мемлекеттік аэроғарыштық компаниясы Xian Aircraft Corporation жасап шығарған, әуеде 100 тонна жүкті көтеріп ұша алады. Қазіргі уақытта шығарылатын ең ірі әскери ұшақтардың бірі.

Бұл ұшақ Қытай әскери әуе күштерінің көлік паркінің негізін құрайтын ресейлік Ил-76-дан да үлкен. Бірақ көлемі жағынан Boeing C-17 Globemaster III техникасынан кішірек. Дегенмен, оның өндірісі 2015 жылы тоқтағанын айта кеткен жөн.

Y-20E экспорттық нұсқасы Бейжіңге келген Нигерияның Қорғаныс министрі Мұхаммед Бадар Абубакарға көрсетілді. Қытайдың Ordnance Bоustry Science Technology журналы өткен аптада Y-20BE (экспорттық модель) халықаралық нарыққа 2023 жылдың қарашасында Нигерияның Қорғаныс министріне көрсетілгеннен бастап шығарылғанын хабарлады.

Y-20 компоненттерінің 90 пайыздан астамы роботты манипуляторлар мен жоғары дәлдіктегі лазерлік құрастыру арқылы жасалады.

Y-20 Мүмкіндіктері

Мүмкіндіктері бойынша Y-20 ұшағы америкалық C-17 әскери әуе көлігіне ұқсас.

АҚШ-тың стратегиялық ұшағы континенттер арасында әскерлер мен оқ-дәрілерді еш қиындықсыз тасымалдай алады. Ал Y-20 ұшағы сынақ барысында Қытайдың ең үлкен ZTZ 99 танкісін, сондай-ақ басқа көліктер мен керек-жарақтарды қиналмай тасымалдады.

Жоғары қуаттылығынан бөлек, WS-20 турбожелдеткішті қозғалтқыш Y-20-ға қысқа қашықтықта ұшып көтерілу мүмкіндігін және ұзақ қашыққа ұшуды қамтамасыз етеді. Көлік құралы ретінде пайдаланудан бөлек, Y-20 басқа әскери ұшақтарға жанармай құю станциясы ретінде пайдаланылуы мүмкін, сол сияқты жауынгерлер мен дрондарды шайқаста үйлестіру үшін стратегиялық командалық орталық ретінде де пайдаланылуы мүмкін.

 

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88