Әзербайжан мен Түркия KAAN жойғыш ұшағын бірлесе әзірлейді

Әзербайжан Әуе күштерінің флоты ресейлік МиГ-29 жауынгерлік ұшақтарынан тұрады

Ұлас Үсенбай
27/07/2023 - 23:15

Жоба Ыстанбұлда өтіп жатқан Халықаралық Қорғаныс өнеркәсібі көрмесі (IDEF-2023) шеңберінде екіжақты келісіммен ресми рәсімделетін болады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Yeni Şafak сайтына сілтеме жасап.  

Әзербайжан қорғаныс өнеркәсібі министрлігі мен Түркияның Turkish Aerospace Industries (Türk havacılık ve Uzay Sanayi A.S., TUSAŞ) арасында бесінші буын KAAN жойғыш ұшағын әзірлеу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады.

Әзербайжан Әуе күштерінің флоты ресейлік МиГ-29 жауынгерлік ұшақтарынан тұрады. Әзербайжан осыған дейін Пәкістан мен Қытай бірлесіп жасаған JF-17 Thunder-ге біраз уақыт қызығушылық танытқанымен, сатып алмаған. Осы себепті бесінші буын KAAN жойғыш ұшағын бірлесіп жасаудағы ынтымақтастықты Әзербайжан әскери-әуе күштерін модернизациялаудағы маңызды қадам ретінде қарастыруға болады.

Жойғыш ұшақ алғашқы рейсін биыл жасайды деп жоспарланып отыр. Ал оның сериялық өндірісі 2028 жылға қарай жоспарланбақ.

Бесінші буын KAAN жойғыш ұшағы Түркияда 2017 жылдан бастап «Ұлттық жауынгерлік ұшақ» бағдарламасы аясында жасалады. Түркия билігі бұған дейін тактикалық-техникалық сипаттамалары бойынша KAAN америкалық F-35-тен асып түсетінін және болашақта республиканың Әскери-әуе күштерінде қызмет ететін F-16 ұшақтарының орнын ауыстыратыны туралы мәлімдеме жасаған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91