Оның өндірісімен Ақмола облысында «Тыныс» деген кәсіпорын айналысқан
Калашников автоматының Қазақстандағы өндірісі неліктен тоқтап тұр? Бұл сауалға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген пікірінде айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Бірнеше жыл бұрын елімізде АК-74 автоматтары өндірілетіні туралы ақпарат жарияланған. Ал ары қарайғы бұл өндірістің тағдыры беймәлім.
Вице-министрдің айтуынша, Ақмола облысында «Тыныс» деген кәсіпорын автомат өндірісімен айналысыпты.
«Сіз айтып отырған өндіріс сол жерде ұйымдастырылды. Алайда қазір белсенді шығарылып жатқан өнім жоқ. Өйткені нарық пен қажеттілік шектеулі», — деді вице-министр.
Өз сөзінде ведомство өкілінің айтуынша, жоспарға сәйкес зауыттағы өндірістің жергілікті үлесі жыл сайын артып отыру керек болған көрінеді.
«Бірақ қажеттілік шектеулі. Қазіргі таңда елімізде қару-жарақ экспортына шектеу қойылғанын білесіздер. Сол себепті өндіріс уақытша тоқтап тұр», — деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.