Келісімшарт құны - 3,6 миллиард доллар
Канадалық әскерилердің MQ-9 дрондарын сатып алуы, дрондардың Арктика аймағында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін қосымша тәжірбиелік-конструкторлық жұмыс жүргізу үшін кейінге қалдырылды, Sarbaz.kz тілшісі DefenseNews-қа сілтемемен хабарлайды.
Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйенің жобасында 2025 жылы Канада Корольдік Әуе күштеріне дрон паркін жеткізу қарастырылған. Дегенмен енді алғашқы дрон 2028 жылы жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Канаданың Қорғаныс министрлігінің өкілі Андре-Анн Пуленнің айтуынша, дрондар елдің әуе күштерінің талаптарына сәйкес жетілдіруді қажет етеді.
Оттава бюджеті 5 миллиард канадалық долларды (3,6 миллиард АҚШ доллары) құрайтын жоба General Atomics MQ-9B Reaper сатып алуға бағытталған. Компания осы жылдың соңына немесе келесі жылдың басына дейін келісімшарт жасайды деп үміттеніп отыр.
Канада Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, дрон бұрын қолданылмаған навигациялық құралдар мен басқа жүйелерді енгізуді талап етеді.
General Atomics компаниясы түсінік беруден бас тартты.