ҰҰА-ның басқарылатын ұшақтан ең маңызды артықшылығы неде?
ҚР ҚК Бас штабының ұшқышсыз авиациялық жүйелерін дамыту және қолдану департаментінің бастығы Решат Ескендіров әскери ҰҰА-ның басқарылатын ұшақтан артықшылығы туралы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Әскери ҰҰА кең ауқымды міндеттерді шешу үшін қолданылады. Атап айтқанда, нақты уақыт режимінде әуеден барлау (бақылау), электрондық кедергілерді орнату, жердегі/жер үсті нысаналарына соққы беру, басқа қаруларға арналған нысананы белгілеу, сондай-ақ оларды пайдалануды реттеуге пайдаланылады. Бүкіл әлемде ҰҰА қолданудың тиімділігі соғыс тактикасының өзгергенін дәлелдейді. ҰҰА басқарылатын ұшақтан ең маңызды артықшылығы оның салыстырмалы арзандығы және жаппай қолжетімділігі болып саналады», - деді Решат Ескендіров Dalanews.kz-ке берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қымбат емес барлау құрылғыларының саны ондаған ғана емес, жүздеген болуы керек.
«Әрине, мұның бәрі қаржыландыруды, әзірлеушілер мен саланың жұмыс көлемін ғана емес, сонымен қатар білікті ҰҰА операторларын даярлау жүйесінің пайда болуына ықпал етуде. Сонымен қатар шуға төзімділік пен сенімділік тұрғысынан барлық қажетті параметрлері бар қарулы күштердің мүддесі үшін ұшқышсыз ұшақтарды басқарудың қуатты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Біз ҰҰА дамытудың болашағы зор деп сеніммен айта аламыз. Қарулы Күштерде қазіргі заманғы аэробарлау құралдарымен жабдықталған, жоғары дәлдіктегі нысананы жою, профилактикалық және реактивті асимметриялық әрекеттерге дайын бөлімшелердің болуы мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне төнетін қатерлерге тежеу және барабар жауап ретінде қызмет етеді», - деді ол.