Ол ауа райына байланысты әуеде 90 минутқа дейін ұша алады
Астанада Bet Sky компаниясы өндіріп шығарған «Хиуаз» дроны антидрон мылтығымен бірге сынақтан өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Сынақтар түрлі қашықта және қолайсыз ауа райы жағдайында жасалды. Оператордың пультінен басқару сигналы жоғалғанына қарамастан дрон ұшу орнына өз бетінше орала алды. Дронға қарсы Cleverest Tech компаниясының отандық BEREN антидрон мылтығы қолданылды.
«Хиуаз» дроны – гексакоптер, яғни 5 ауа винті арқылы қозғала алады. Ұшу радиусы – 20 км және ауа райына байланысты әуеде 90 минутқа дейін ұша алады. Жүк көтергіш қабілеті – 15 кг. Тапсырмаларға байланысты камералар мен дауыс зорайтқыштардан бастап, миналар, гранаталар және басқа да қару-жарақ сияқты түрлі жабдықтармен жабдықталуы мүмкін. Дрон қазақтың тұңғыш ұшқышы, Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың құрметіне аталған.
Сынақ кезінде Bet Sky компаниясының директоры Әбілқайыр Олжабаевтың айтуынша, дрондар өндірісі локализациялаудың жоғары деңгейі бойынша Оңтүстік Корея лицензиясымен шығарылады. Bet Sky компаниясының зауыттарында карбондық, пластикалық бөлшектер, баспа тақталар шығарылады, ал бағдарламалық жасақтамамен компанияның IT мамандары айналысады.
Жақында компания жаңа дрондармен осындай сынақтар жүргізеді деп күтіліп отыр.