FPV дрондары соғыстың көрінісін қалай өзгертті

FPV дрондар әр түрлі оқтұмсықтармен жабдықталуы мүмкін

Ануар Маратов
07/11/2023 - 22:52

Желіде қолдан жасалған камикадзе дрондары бронды машиналарға, кейде тіпті жеке әскери қызметшілерге соққы беретін видеолар көбейіп келеді. Мұндай техникалар FPV дрондары деп аталады. Sarbaz.kz тілшісі аталмыш дрондардың бүгіні мен болашақтағы адам ойына келмейтін әдіс-тәсілдеріне тоқталып шығады.

2022 жылдың аяғынан бастап Украинадағы майдан даласында дрондардың жаңа түрін қолдану жағдайы жиілеп кетті және оларды пайдалану көрсеткіші ай сайын артып келеді.

FPV ДРОН ДЕГЕН НЕ?

FPV – бұл First Person View («бірінші адамның көрінісі») аббревиатурасы. Мұндай дрондардың өзгелерден басты айырмашылығы – оларды басқару тәсілі. Егер кәдімгі коптер оператор планшеттің, смартфонның немесе басқа гаджеттің экранына қарап бақылайтын болса, онда FPV ұшуы үшін видеосигнал қабылдағышы бар арнайы көзілдірік қажет. Сигнал таратқыш дронның өзінде орналасқан, оны басқару үшін оператор көзілдірік киюі қажет, ал дрон камерасы «көргенінің» бәрін бақылайды.

Бұл тәсіл ұшқышсыз ұшу аппараттарының кеңістіктегі орнын өзгертуі – планшет экранын бақылауға қарағанда әлдеқайда жылдам әрекет етуге және тіпті күрделі траекторияларда жоғары жылдамдықпен ұшуға мүмкіндік береді. Дронды джойстикпен басқара отырып, кедергілерді зергерлік дәлдікпен айналып өтуге болады, сондықтан FPV дрондары жарыс аппараты ретінде сұранысқа ие болды – мұндай коптерлердің ұшу жарыстары бүкіл әлемде ұйымдастырылады.

Негізінде, FPV таратқышын кез келген дронды жабдықтауға болады. Алайда, әдетте, жарыс модельдері белгілі бір сипаттамалар жиынтығымен жасалады: дрондағы камера әдетте сапасы жағынан әлсіз, бірақ қозғалтқыштары тезірек қозғалу үшін күштірек болып келеді. FPV моделінің басты кемшілігі аз уақыт қана ұша алады. Шамамен 10 минут қана, батареясы ұзақ уақытқа шыдамайды.


FPV дронның камера интерфейсінің нұсқасы

ЖАРЫС ДРОНЫ СОҒЫСТА НЕЛІКТЕН ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Украинадағы қақтығыс басталғалы бері арзан коммерциялық дрондар үйде жасалған шағын бомбалаушылар ретінде пайдаланылды. Құрылғының астына бір немесе бірнеше бомбаны (мысалы, қол гранатасын немесе оқпан астындағы гранатометке арналған гранатаны) лақтыруға арналған құрылғымен іліп қою, нысанның үстіне ұшып келу және жүкті жіберуі жеткілікті. Нысанаға дөп тисе, жау шығынға ұшырайды. Бұл әдістің қарапайымдылығы мен тиімділігіне қарамастан кемшілігі де жоқ емес. Мәселен коптер қарсыластың үстіне ұшып келіп, гранатаны техникаға немесе жауынгерлерге дәл түсіруі керек. Ал қарсылас оны жылдам байқап, естіп қалып, сытылып кетуі мүмкін. Сол сияқты оны электронды соғыс күштерімен құлатуға немесе жерге атып түсіруге де болады.

Жарыс дроны камикадзеге айналып, ол жабдықталған оқтұмсықты үлкен жылдамдықпен нысанға ұшқандағы әңгіме мүлдем бөлек. Шабуылға жұмсалатын уақыт бірнеше секундпен ғана есептеледі.

Әдетте көңіл көтеру үшін қолданылатын FPV дрондары арзан – әрқайсысы мың долларға жетер-жетпес. Себебі, дронда қымбат ешнәрсе жоқ. Себебі оған өте арзан камераны қоюға болады.

FPV дрондар әр түрлі оқтұмсықтармен жабдықталуы мүмкін. Мысалы:

Танкке қарсы гранаталар – РПГ-7 арналған гранаталары және РКГ-3 танкке қарсы қол гранаталары.

Жаяу әскерге қарсы оқтұмсық ретінде көбінесе жаяу әскерге қарсы миналар немесе қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар қолданады.

Барлық жағдайда оқтұмсықты қолдан жасалған пьезоэлетрлік жарғыш іске асырады.


РКГ-3 танкке қарсы гранатамен жабдықталған дрон


РПГ-7 арналған ПГ-7 гранатасымен жабдықталған дрон


Қолдан жасалған жарылғыш құрылғысымен жабдықталған дрон

Бұл дрондарды қақтығыстың екі жағы да қолданады және оларды жаппай қолдану қарсыласты техниканы қорғаудың әртүрлі тәсілдеріне жүгінуге мәжбүр етті. Әртүрлі техникада қорғаныс торлар және күнқағарларды қолдану жиілей бастады.


Т-72БЗ. Штаттық антидронды күнқағар шеңбер бойымен қолдан жасалған торларымен қосымша жабылған


Қорғаныс торлармен жабылған украиналық БМ-21

Ресей-Украина соғыс майданында FPV-дрондар алғаш 2022 жылдың жазында екі жақ та қолдана бастады. Бастапқыда бұл дрондардың қолданылуы бірен-саран жағдайда ғана кездессе, 2022-2023 жылдардың қысында осы типтегі дрондардың қолданылуы күрт өсті.

FPV дрондардың жиі қолдануының себебі де белгілі – жоғары дәлдіктегі қарудың арзан баламасы болып саналады. Қазіргі уақытта олардың өндірісі екі жақта да жиілеген, айына жүздеген, мүмкін мыңдаған дрондарға жетеді.

Жоғарыда айтылғандай, FPV дронның бағасы – бірнеше мың доллар, мысалы Javelin танкке қарсы кешенінің бір зымыранының бағасы 200 мың - 250 мың АҚШ долларын құрайды.

Бұл дрондардың қарапайымдылығы мен арзандығы оларды әлемнің түрлі армияларында, түрлі қарулы құрылымдарға дейін танымал болуына әкелді. Мысалы, Суданда және Сирияда FPV дрондарын қолдану жағдайы 2023 жылдың қырқүйек-қазан айларында алғаш тіркелді.

Қорытындылап айтқанда, FPV дронның арзандығы және жоғары дәлдіктігі оны өте қауіпті қару етеді.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94