Бұл – 4,5 шақырымнан аз қашықтықтан ұшырылатын зымырандарды, шағын дрондарды, мультикоптерлерді және миналарды ұстауға арналған «жарық қалқаны» жауынгерлік лазері
Израиль әлемде алғаш болып зымырандарға қарсы лазерлік жүйелерді қолданады. Лазерлік қарудың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар? Толығырақ Sarbaz.kz материалында.
Қазір Израиль ХАМАС ұшыратын зымырандарға қарсы лазерлік жүйелерді қолдануға дайындалып жатыр. Бұл туралы Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) израильдік әскери шолушы Гилель Битон Розен жазды.
«Израиль әлемде алғаш рет жедел тестілеу үшін лазерлік жүйені орналастыруға дайындалып жатыр, ол біздің елге қарай ұшырылған зымырандарды бастапқы мерзімінен бұрын ұстап алуға көмектеседі», - деп жазды шолушы.
ИЗРАИЛЬДІҢ ЛАЗЕРЛІК ҚАРУЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
2022 жылдың сәуір айының екінші жартысында әйгілі «Темір күмбез» жүйесін жасаушы израильдік Rafael компаниясы «Жарық қалқаны» деп аталатын жаңа лазерлік қаруды сынақтан сәтті өткізді.
Жауынгерлік лазердің прототипі Израиль Қорғаныс министрлігінің біріккен органы және ЦАХАЛ-дың ғылыми-зерттеу және технологиялық инфрақұрылым кеңсесінің қолдауымен шығарылды. Жаңа қару Израильді зымыран қаупінен қорғау жүйесін толықтыруы керек еді. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл ПРО жүйесі күрделі радиолокациялық бақылау жүйесін қолдана отырып, ұшатын зымырандарды атып түсіре алады. Бұл қару Таяу Шығыстағы соңғы қақтығыстар кезінде жақсы нәтиже көрсетті.
«Жарық қалқаны» – нысанды жарық жылдамдығымен түсіріп, оны 5 секунд ішінде 7 км-ге дейін жоя алатын лазер. Жаңа қарудың басты артықшылықтарының бірі – оның бір оғының құны жабдықтың құнын есептемегенде бар болғаны 1 доллар болуында. Соған орай электр қуаты болған кезде оқ-дәрі мөлшері шектеусіз болады. Бұл лазерлерді жердегі қондырғыларға да, ұшу аппараттарына да орналастыруға болады. Сондай-ақ олар бір уақытта бірнеше мақсатқа қол жеткізе алады әрі «Темір күмбез» жүйесімен бірге жұмыс істейді.
Жауынгерлік лазер 4,5 шақырымнан аз қашықтықтан ұшырылатын зымырандарды (оның ішінде басқарылатын танкке қарсы), шағын дрондарды, мультикоптерлерді, миналарды ұстауға арналған.
ИЗРАИЛЬ – ЛАЗЕРЛІК ҚОРҒАНЫС ЖҮЙЕСІ БАР ӘЛЕМДЕГІ БІРІНШІ ЕЛ
Биылғы тамыз айында The Jerusalem Post Израиль әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері үшін ішінара лазерлік қорғанысты келесі жылға қарай жүзеге асырады, деп хабарлаған болатын. Rafael Advanced Defence Systems өкілі Юваль Штайництің айтуынша, Израиль авиациядан, дрондардан және жаудың снарядтарынан осындай қорғаныс жүйесі бар әлемдегі бірінші ел болады.
«Бұл лазерлік қару бізді оңтүстікте де, солтүстікте де қорғайды», - деген болатын Штайниц тамыздағы мәлімдемесінде.
Биылғы ақпанда аталмыш елдің қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды шенеунігі, отставкадағы бригадир Дэнни Голд Израильдің әуе қорғанысы лазерлері толық дайын болған кезде Иран Ресейді Украинаға қарсы пайдалану үшін жіберетін дрондарды атып түсіре алады деп мәлімдеді. Тель-Авив университетінде өткен жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде әскери қызметкер хабарлағандай, Израиль Қорғаныс министрлігі лазерлердің келесі буынын пайдалану технологиясын әзірлеу үстінде.
Генерал зымырандарды өте күрделі лазерлік қару жүйесімен жоятын көптеген сәтті сынақтар туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, бұл лазерлік жүйелер Ресей Украинаға жіберетін миномет снарядтарымен, зымырандармен және ирандық ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күреседі.
ЛАЗЕРЛІК ҚАРУДЫҢ ҚАНДАЙ КЕМШІЛІГІ БАР?
Лазерлік қарудың бір кемшілігі бар. Ол ауа райына негізделген. Күн бұлтты болғанда және шаң болған кезде лазерлік қаруды пайдалану қиындық тудырады.
14 қазан күні ЦАХАЛ Газа секторының жанына әскери техниканың соққы колоннасын жинады. Израильдің броньды көліктері ЦАХАЛ-дың терроризмге қарсы операциясына қатысуға дайындалып жатыр. Көліктердің бір бөлігі ашық жерде тұрса, тағы бір бөлігінің бағыты белгісіз.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Израильдің жарты ғасыр жасырған ядролық орталығына шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.