«Мырыш табытпен үйлеріне жіберіліп жатты»: Ауған соғысының ардагері басынан кешкен оқиғамен бөлісті

Естен кетпес отты жылдар

Жанель Нұрболатқызы
13/09/2023 - 22:12

Ауғанстанда он жылға жалғасқан сұрапыл соғыстың қайғысы мен қасіреті ел жадынан өшкен емес. Талай адамның тағдырын тәлкекке салып, саясаттың құрығына түсірген қанды майданның шындығы қандай болса да, оған қатысқан уыздай жас жауынгерлердің биліктің ізгі ниетіне имандай сеніп, туған жер үшін кеудесін оққа тосуға даяр болғаны ақиқат. Біз сондай сарбаздардың бірі, кезінде ауған жерінде оқ пен оттың арасында жүріп, жүздеген жауынгердің өміріне араша түскен Әділжан Кужбановпен әңгімелескен едік. Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта ардагер бір сәтке майдан шебіндегі күндеріне оралып, өткені жайлы айтып берді.

Әділжан Кужбанов 1959 жылы Хромтау қаласында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Көпбалалы әулетте өсіп-өніп, еңбекке жастайынан араласқан ол 1977 жылы мектепті аяқтап, Дөң тау-кен байыту комбинатына орналасады. Кейіпкеріміздің егіз ағасы Әлжан да еңбек жолын цехтан бастайды. Цех ұжымы ағайындыларды қуана қарсы алып, жұмыс барысында жас мамандарға бағыт-бағдар беріп отырады. Мұнда олар тұтас қондырғыларды құрастыру реттілігін шебер меңгеріп алады. Алдағы уақытта, соғыс кезінде дәл сол дағдылар Кужбановтардың ел шекарасынан қиыр, таулы жерде кәдесіне жарап, ажал апанынан аман сақтап қалған еді. «»

​Араға екі жыл салып, ағайындылар әскерге шақыртылады. Бастапқыда олар үшін әскери қызмет темірдей тәртіпке, болаттай беріктікке баулитын шыңдалу ортасы ғана болды. Кенеттен елден жыраққа кетуге мәжбүр болып, соғысқа аттанатындарынан бейхабар болған жас жігіттер мерзімді міндеттерін орындауға ерекше құлшыныспен кірісті. Олар күрделі дағдыларды тәжірибелі командир-тәлімгерлерден үйреніп, лезде игеріп алатын.

Ағайындылардың әскердегі күндері жаттығулармен, қашықтыққа жүгірумен, оқу-жаттығу жиындарымен өтіп жатты. Барлығы ойдағыдай жалғаса бергенде әскери қызметін ынта-ықыласымен орындап жүрген сарбаздар көп ұзамай үйлеріне еш қиындықсыз оралар еді. Бірақ 1979 жылдың 28 желтоқсанында оған дейін бірқалыпты болған жағдай өзгерді.

«Кешкі сағат жетілер шамасында соғыс дабылы соғылды. Кеңес үкіметінің жарлығымен кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға жол жүруге жедел дайындықты бастады. Үш сағаттан кейін платформаға «БМП» машиналары мен танктер бекітілді. Бірінші қаңтарда машиналар Өзбек КСР-нің Термез қаласына түсірілді. Төртінші қаңтарда «Өзбек КСР-Ауғанстан» шекарасынан өттік. Ең алдымен көліктерімізді дайындауға кірістік. Алда қиын өткел күтіп тұрғанын білгендіктен, бұл іске бар күш-жігерімізді салып кірістік. Жазық далада өскен бізге таулы аймақтардан, беткейлер мен жартастардан өту қиынға түсті. Межелеген орынға жеткенше іштегі алаңдаушылық та үдеп отырды. Өйткені жолға бізден бұрын шыққан жерлестеріміздің түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп жатқанынан хабардар болдық. Командирлердің нұсқаулығы бойынша бізге әңгіме айтуға тыйым салынды. Бір артық қимылдың өзі басқалардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді. Сондықтан біз барынша қырағы болуға тырыстық.

​Мен 66-шы десанттық бригаданың құрамында болдым. Біздің басты міндетіміз – әскери бекет күзеті және 40-шы әскердің құрамын материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз ету барысында колонналарды үздіксіз өткізу, душмандар шабуылынан қорғау еді. Менің Т62-ші әскери машинам жарылғыштарды іздеп табу мен жоюға арналған құралмен жабдықталған болатын. Соғыс барысында маған алғы шепте жүріп, әскердің, техникалардың қауіпсіз өткізу, жолды жарылғыш заттардан тазартып отыру секілді тапсырмалар берілді», – дейді Әділжан Кужбанов.

Осылайша, тағдырдың тосын сыны туған жерінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарды майдан даласынан бір-ақ шығарды. Олар үшін ауған жеріндегі әрбір күн құдды бір ұзаққа созылған қорқынышты түс секілді еді.

Сөз арасында ардагер алғашқы ұрыс жайында айтып берді. Естігеніміз оқиғаның бір ғана бөлігі болса да, соның өзі сарбаздардың бастан өткерген қайғы-қасіретінен сай-сүйекті сырқыратып жіберерліктей бір үзік сыр болды.

«Бұйрық берілді. Алғашқы ұрысқа бара жатырмыз. Оның алдында ағам Әлжан екеуміз жақындарымыздан келген суреттерге көз жүгіртіп отырғанбыз. Сол сәтте бақытты болу үшін көп нәрсенің қажет емес екенін, жақындарыңмен өткізген күндерге ештеңе жетпейтінін түсіндік.

​Бірінші қарулы шайқасым Мазари-Шариф қаласында душмандардың артиллериялық полкымен кездесуден басталды. Мен Т-62 танкісімен тікелей шабуыл жасап, душмандардың жаяу әскерге қарсы қолданатын екі зеңбірегін істен шығардым. Ұрыс кезінде бірде-бір сарбаз ар-ожданынан аттап кетпеді.  Өміріне қауіп төніп тұрса да жауынгер жолдастарына қол ұшын созудан қашқандар болмады. 

​Душмандардың бірінші жеңілісінен кейін өз өзімізге келуге, ойымызды жинақтауға уақыт пайда болды. Кеше ғана жаттығу жасауға бірге жүгіріп шығып жүрген жолдастарымыздың қайтыс болғаны, мырыш табытпен үйлеріне жіберіліп жатқаны жанға ауыр тиді», – дейді ардагер.

​Әділжан Кужбанов соғыс барысында бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, әскери міндеттерін мінсіз орындаған. Мәселен, ол 1980 жылдың ақпан айында душмандардың шабуылына тап болып, істен шыққан машинаны дер кезінде қауіпсіз жерге алып шыққан. Оның бұл әрекеті жүздеген жауынгерді ажалдан аман алып қалды. Сондай-ақ ол дәл сол жылдың мамыр айында әскери қолбасшының тапсырмасымен Т-62 танкісін жөндеуге Термез қаласына жеткізу керек болды. Жол бойын торуылдаған душмандар көп болғандықтан, таулы жерлермен жүруге тура келген. Ол жолдағы қиындықтарға қарамастан, техниканы бастапқы қалпында және уақытылы жеткізді. 

​Әділжан Кужбановтың әскердегі қызметін абыроймен атқарғаны туралы командир Василий Юзвак та өз кітабында айтып өткен.

«В роте в должности механик-водителя танка проходили службу два брата близнеца Кужбановы Адильжан и Альжан. Братья как две капли воды были похожи друг на друга. Но сходство их было не только внешним. Они были примером для всего личного состава подразделения. Отличники боевой и политической подготовки. Их мастерству вождения танка могли позавидовать все механики подразделения. Не отличались и их боевые машины. Всегда технически исправны, и в полной боевой готовности. Отличие их было только в башенных номерах», – деп жазады В. Юзвак.

Соғыстан оралғаннан кейін Әділжан Кужбанов оқуға түсуге шешім қабылдап, Ақтөбе индустриалды-педагогикалық техникумында техник-механик мамандығы бойынша білім алады. Одан кейін әуелдегі жұмыс орны Дөң тау-кен байыту комбинатына қайтадан жұмысқа орналасып, сонда ұзақ уақыт бойы қызмет етіп, өткен жылы зейнетке шықты.

Қазір ардагер өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатын патриоттық шараларға белсене қатысады. Жақында оған Астана қаласында Ресей Федерациясының елшілігі «Қызыл жұлдыз» орденін табыстады.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41