Олар: экипаж командирі әрі көздеуші кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күнжәмила Талқанбаева, радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева
Соғыс кезінде Т-34 танк экипажы қазақ қыздары болғаны неге жасырдын болды? Sarbaz.kz 4 қазақ қызының ерлігі туралы тарихшы Бақытжан Абдул-Түменбайдың мақаласының ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынады.
1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде жалғыз Т-34 танк экипажының мүшелері қазақ қыздары болғандығы 80 жылдан бері жасырын болды. Соғыс жылдарында майданда соғысқан 800 мыңнан астам әйелдің тек 20-ы ғана бронды-танк әскер сапында болған. Оның 13-і славян халқының өкілі болса, 4-уі қазақ қызы, 3-уінің аты-жөні аталмайды, соған қарағанда олар да қазақтың қыздары болуы мүмкін. Енді 13-нің фамилиялары: В.С.Баратова, А.С.Бойко, В.А.Грибасова, Л.Н.Калинина, Е.С.Лагунова, И.Н.Левченко, М.В.Октябрьская, Е.А.Петлюк, А.Н.Ращупкина, А.Г.Санусенко, О.Д.Сотникова, Н.И.Ширяева. Олар 13 болғанмен танк зкипажы бола алмаған. Жұбайларының қасында біреуі радист, екіншісі атқыш, үшіншісі жүргізуші болған.
Ал 4 қазақ қызы бір танк экипажы болды. Олар: экипаж командирі әрі көздеуші кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күнжәмила Талқанбаева, радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева. 1944 жылы 22 тамызында Қарағанды облыстық «Советтік Қазақстан» газетінде «дала почтасы № 28054-0» әскери бөліміндегі сержант Топатай Жүнісовтің «Қазақтың танкист қыздары» атты мақаласында Т-34 танк экипажы бірыңғай қарағандылық қыздар екенін, олардың Курск шайқасында бір ұрыста ғана жаудың бес нүктесін жойғандығын айтып ерлігін жазбағанда бұл қазақтың төрт батыр қызын да білмеуіміз мүмкін еді. Кейін белгілі болғандай, мақала авторы Топатай Жүнісовтің өзі де Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан болып шықты. Жерлестері туралы жазбағанда біз төрт қызымызды мүлдем білмейді де екенбіз. Осы мақаланы оқыған майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев 1975 жылы 9 мамыр санындағы «Қазақ Әдебиеті» газетінде осы төрт танкист қазақ қыздарының Балтық бойындағы шайқастарда қаза тапқанын және танитындары болса, газет редакциясына хабарласуын сұраған еді, ешкімнен хабар түскен жоқ.
Бар білетініміз қарағандылық қыз Жамал Байтасова соғыс басталғаннан бастап майданға өз еркімен бару үшін военкомат есігін тоздырады, «майданға санитарка болып барасың» дегеніне көнбей, тракторшылар курсын бітіргендігін алға тартып, танкист болғысы келетінін айтып, дегенінен қайтпайды. 1942 жылы маусым айында КСРО Қорғаныс Наркоматы № 0459 бұйрығы шығады, онда адам ресурстарының жетіспеушілігіне байланысты бронды техника әскер қатарына әйелдерді де алуға рұқсат етті. Сол кезде өзіндей қарағандылық қыздар Күлкен Тоқбергенова, Күнжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаева мен Жамал Байтасова танк экипажына қажетті әскери мамандарды дайындайтын қысқа мерзімді курста жолығып танысып, сол кезде төртеуі естелік фотоға түсуі, батыр қыздарымыз туралы өкінішке қарай жалғыз ғана дерек болып қалды. Қалған құжаттар қызғаныштан жойылып жіберілуі мүмкін. Тек курсты жүргізген лейтенант Осипованың төрт қызымызға танк экипажы бола алатыны туралы рапорты ғана сақталған. Онда:
«Экипаж жедел курсты жақсы меңгерді, танкінің техникалық жағдайын қарай және жөндей алатын дәрежеде. Тактикалық әдіс нұсқауларды, топографиялық карта бойынша ориентация жасауды өз дәрежесінде біледі. Қашықтықтан және жақыннан ату полигонында да үздіктер қатарында болды» делінген.
Конструктор Кошкиннің сол кездегі озық техникасы болып табылатын Т-34 танкісін азиялық ұлт өкілі қазақ қыздарының игеруі, олардың екінші дүниежүзілік соғыстағы ең үлкен Курск шайқасы кезіндегі Прохровха түбіндегі екі жақтан мың жарым танктің шайқасына қатысып, аман шығуының өзі үлкен ерлік емес пе? Жамал Байтасованың майданға кетер алдында соғыстағы әкесі Асанға жазған хатын оқымасақ, біз бұл туралы да еш уақытта білмейтін едік. Хатта:
«Әке, өз міндетімді орындап, жеңіспен үйге оралуға уәде беремін. Қасымдағы үш құрбым да қазақ қыздары. Құшақтап бетіңнен сүйдім. Қызың Жамал» делінген.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист