«Шабуылға»: Смоленск түбіндегі шайқаста қаза болған қазақ батыры

Батырдың денесі неміс фашистерінен азат етілуіне өзі жол ашқан Смоленск облысының Селивонколь деревнясына жерленді

Sarbaz.kz редакторы
05/07/2023 - 20:24

Ұлы Отан соғысының өрті баяғыда басылғанмен, миллиондаған жүректердің дерті әлі де сейіле қойған жоқ. Себебі Ұлы Жеңіс жолында 20 миллионнан аса адам опат болды. Sarbaz.kz соғыс даласында ерлікпен қаза тапқан қазақ батыры Айтбек Нақышбеков жайлы жазбақ.

Ол алғаш кеңес әскерінің қатарына 1937 жылы Аягөз әскери комиссариатынан шақырылған-ды. Бұл жаппай репрессияның етек алып, әскерде ренессанс құлашын жайып, екінші бесжылдық соңында Қызыл армияны толық сауаттандыру мен басқару құрамының 70 пайызы жұмысшы-шаруалардан жасақталып, 75 әскери училищеге оқуға жаңадан шақырылған комсомол жастарды қабылдау жүргізіліп, әскери бөлімдердің техникалармен қайта жабдықталып жатқан кезі болатын. Сондай-ақ осы жылдың күзінде Беларусь әскери округінде Германияның әскери штабының генералдары мен офицерлері бақылаушы ретінде қатыстырылып, кең ауқымды жаттығу өткізілген.

Әскердің осындай қайта құрылу тұсында оның қатарына алынған бозбала Айтбек дүрмектегі көптің бірі емес, өзінің ширақтығын, зерделілігін аңғартқандығынан әскери мамандар оны бірден Тамбов жаяу әскерлері командирлерін дайындайтын училищеге жіберген. Әскери оқудың қиындығына мойымай, әрі азаматтық борышын өтеуімен ол мұнда да жақсы қырынан танылады. Өйткені сол кездегі мұндай әскери оқу орындарында оқитын өзге ұлт өкілдері, оның ішінде қазақ жігіттері саусақпен санарлықтай еді.

Уақыт жылжып өтіп жатты. Германия мен Италия, Испания республикасына интервенциялық әрекетін өрістетіп, Кеңес өкіметінің әскері Испания жеріне интернационалдық көмек негізінде интервенттермен соғысқа енген-ді. Ал 1939 жылы ақ финдер Кеңестер одағына, жапон импералистері Қиыр Шығыс пен Моңғол Халық Республикасының тәуелсіздігі мен бостандығына қауіп төндіріп, жарияланбаған соғыс ашқан-ды. Бұл кезде А.Нақышбеков қысқа мерзімде училищені бітіріп, лейтенант шенімен ақ финдермен жүргізіліп жатқан майдан даласына аттанады. Майданда ол өмір мен өлім арпалысқан сәттерді талай мәрте басынан кешірді. Бірақ осындай сынақтан өзінің екі жылдан соң неміс фашистерімен Смоленск түбіндегі ұрыстарда өтетінін білмегені анық еді.

Майдан даласындағы 39-армияның 1340 атқыштар полкінің 2-батальоны командирінің орынбасары, капитан А.Нақышбековтің жауынгерлік жолдары ұлы қолбасшы, Кеңес Одағының үш мәрте батыры Маршал Г.К. Жуковтың «Воспоминания и размышления» кітабындағы оқиғалар мерзімімен байланыстылығы орайлас.

Соғыстың алғашқы айларында, әсіресе, алғы шепте лейтенант Айтбек Нақышбеков тікелей қатынасқан майдан ұрыстары туралы Маршал Г.К.Жуков өз естелігінде былай дейді:

«Смоленское сражение занимает важное место в операциях лета 1941 года. Хотя разгромить противника, как это планировала Ставка, не удалось, но его ударные группировки были сильно измотаны. По признанию немецких генералов, в Смоленском сражении гитлеровцы потеряли 250 тысяч солдат и офицеров. 30 июля гитлеровское командование отдало приказ группе армий «Ценрт» перейти к обороне. Итоги Смоленского сражения, возросшая активность и сила сопротивления войск Северного, Северо-Западного фронтов, Балтийского флота и авиации знаменовали собой серьезную брешь в плане «Барбаросса».

Алғаш неміс басқыншыларына қайтара соққы беріп, қорғанысқа көшкен кеңес әскері сапындағы кейіпкеріміз уақытша тыныштық орнаған тұстарда есіне ел-жұртын алатын. Көз алдына соғыс қарсаңында танысып, жанұя құрған поляк қызы Елизаветаның бейнесін елестететін-ді. Әрі көңіліне жарының неке құжаттарына Нақышбекова Элизавета Савелейқызы болып жазылғандығы мен Аягөздегі ағасы Молдабектің әйелі Сәулеханмен таныстырып, келіншегін қолына табыстағанын медет тұтатын. Өкініштісі – ағасы Молдабекпен жүздесе алмағандығы. Ал ол кезде ағасы да әскерде еді.

Тыныштық бұзылды. Жау жақ атуын қайта үдетті. Жан-жақта жарылған мина. Әлгінде ғана тілдескен жауынгері мина шарықшағынан көз жұмыпты. Аянышты да ауыр көрініс.

«Шабуылға» деген бұйрық. Ол өз ротасын бастап алға ұмтылды. Неміс бекіністеріне дейін 150 метр қалғанда мұрттай ұшып, төбесі сөгілген қарды қауа құлағанын ғана біледі.

Кейін дала госпиталінде үш тәуліктен соң есін жиғанда сол жақ бүйірінен тиген қорғасын оқ іш-құрылысын паршалап бүлдірмесе де, айтарлықтай жарақаттаған. «Көрер жарығы, су ішерлігі бар екен» демей ме мұндайда үлкендеріміз.

Расында адамға жарық дүние қандай ыстық десеңізші. Оның үстіне елге барғанында ағайындарына «ағам Молдабектің баласы Мақсұтбекті соғыстан аман оралсам, қолыма аламын» деген уәдесі Айтбектің ойына оралды.

Ол үш айлық емделуден соң өзінің бөліміне қайтты. Бөлімдері жаңадан келгендермен толықтырылған. Полк басшылығы А.Нақышбековке капитан шенін беріп, 2-батальон командирінің орынбасары етіп тағайындады. Жаңа міндеттің жауапкершілігі де орасан. Мұны ол талай мәрте сезінді. Соның бірі кезекті шабуылдың ұрыс жүргізу тактикасын өзі жасап, жаудан маңызды атыс нүктелерін жоюдағы жаяу әскерді бастаған ерлігі үшін полк басшысы оның 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынылғанын жауынгерлер алдында жариялады. Бұл 1943 жылдың 21 маусымы болатын.

Қаhарлы соғыстың үшінші жылы. Кеңес әскерлері шабуылдарын үдеткен кезі. Нәтижесінде талай село мен қала фашистерден азат етілді. Сондай азат ету шайқасы Смоленск облысының Прегистин ауданында өрістетіліп, оған капитан А.Нақышбеков қызмет ететін полк батальондары қатысты.

Соғыс тәңірісі артиллерияның жау шептерін соққылауынан соң жаяу әскер шабуылға көтерілді. Батальонды алға бастаған командир ауыр жараланып, саптан шықты. Іргелілеуді тоқтатуға болмайтынын тез бағамдаған Айтбек тапсырманы орындауды жедел қолға алды.

Жауынгерлерді өзі бастап, жау бекіністерін басып алу үшін алға ұмтылды. Алайда қарсы шептегі жау пулеметі көмейінен оқ бүркіп, шабуылдаушыларды бір қадам алға бастырар емес. Оның көзін жоюға тапсырма алған екі жауынгер қаза болды. Мұны байқаған А.Нақышбеков олардың жанына көз ілеспес жылдамдықта жер бауырлай жетіп, танкіге қарсы қолданылатын гранатының екеуін едел-жедел ажал отын сеуіп тұрған нүктеге құлаштай лақтырды. Бірақ есіл ердің өзін жау оғы қырқып түсті.

Осылайша, ол өзін құрбан етіп, өзгелерге жол ашты. Ол жылы арқаның азаматы Айтбек Нақышбеков небәрі 25 жаста еді. Есіл ердің денесі неміс фашистерінен азат етілуіне өзі жол ашқан Смоленск облысының Селивонколь деревнясына жерленді.

Бейбіт заман. Осы мамыражай тіршілікке қол жеткізу жолында қаншама боздақ жанын пида етті десеңізші...

Бір ғана Шығыс Қазақстан облысынан 96282 жауынгер майдан даласында опат болды. Олардың есімдері ұрпақтар жадында мәңгі сақталары хақ. Соның бір дәлелі неміс фашист басқыншыларымен болған ұрыста қаза болған капитан Айтбек Нақышбековтің жоғарыда аталған марапаты 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордені 1991 жылдың желтоқсанында Аягөз қаласында тұратын мұрагері Бейсен Нақышбековке салтанатты жағдайда табыс етілді.

Сондай-ақ батыр ағаларын мәңгі есте сақтау мақсатында Нақышбек әулетінің үлкендері – майдангер Молдабектің шөбересінің атын Айтбек қойып, ұрпақтар сабақтастығы шынайылықта паш етілді.

Марат Жұмабаев,
Аягөз қаласы

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94