Бұрын ірі кәсіпкер болған Жақсыбеков мемлекеттік қызметтегі жолын 1997 жылы жаңа елорда әкімі болып бастаған
2009 жылдың 24 маусымында ҚР Қорғаныс министрі лауазымына Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. Қорғаныс ведомствосының басшысы лауазымында 5 жыл болған соң Жақсыбековтің орнына Серік Ахметов келді.
Бұрын ірі кәсіпкер болған Жақсыбеков мемлекеттік қызметтегі жолын 1997 жылы жаңа Астананың бірінші әкімі лауазымына тағайындалумен бастаған болатын. Көп ұзамай Индустрия министрлігінде және 2003-2008 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінің Басшысы болып жұмыс істегеннен кейін Жақсыбеков кенеттен Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Sarbaz.kz тілшісі Әділбек Жақсыбековтің Қорғаныс министрі ретінде нендей істерімен есте қалғанын тарқатады.
KADEX және Әскери-өндірістік кешенді дамыту
2010 жылдың мамырында KADEX-тің алғашқы жыл сайынғы қорғаныс көрмесі басталды. Алаңда 20 мемлекеттен 100-ден астам компанияның стендтері қойылды. 156 компания қатысқан дебюттік іс-шараның қорытындысы бойынша 66 миллион доллардан астам сомаға 10 келісімшартқа қол қойылды. Қорғаныс көрмесінің танымалдығы арта түсіп, 2012 жылы 23 мемлекеттен 253 қорғаныс компаниясы қатысты.
Қорғаныс көрмесі Қорғаныс министрлігінің әскери техника пулын кеңейтуге, отандық және шетелдік әскери-өндірістік кешен арасында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. Мәселен, «Қазақстан инжиниринг» пен шетелдік компаниялар арасындағы шарттардың сомасы KADEX-2012 қорытындысы бойынша 2 млрд долларды құрады.
2011 жылы Алматыда француздық Thales және Kazakhstan Engineering компаниясының бірлескен кәсіпорны ашылды. Зауыт қазақстандық армия үшін радиобайланыс құралдарын өндіріп, жеткізді. Біраз уақыттан кейін 2015 жылы Kazakhstan Paramount Engineering бірлескен кәсіпорны ашылды, ол «Арлан» жауынгерлік машиналарын шығаруды бастады.
Алайда 2020 жылдан бастап KADEX көрмесі өткізілмей қалды.
Алғашқы шеру
2013 жылы Қарулы Күштердің құрылғанына 21 жыл толуына орай Жақсыбеков жауынгерлік шеруді дайындау және өткізу туралы бұйрыққа қол қойды.
«Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қарулы Күштердің құрылғанына 21 жыл толуына орай 7 мамырда Гвардиялық гарнизонның құрамалары мен бөлімшелері базасында жауынгерлік шеру өткізіледі», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Бұл мемлекеттік мереке Отан қорғаушылар күніне орай құрылған алғашқы шеру болды. Арнайы алаңдарда қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері көрсетілді. Жауынгерлік шеруге 7 мың әскери қызметші, 400-ден астам жауынгерлік техника, 80 ұшақ пен тікұшақ қатысты. Шерудің ерекшелігі онда шеру де болып, жаттығулар да көрсетілді. Соның барысында жауынгерлік атыстар мен зымырандар ұшырылды.
Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы
Жақсыбековтің тұсында армияны кадрлармен кәсібилендіру де жалғасты. Осылайша, 2008 жылы құрылған әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы кеңейтіліп, қорғаныс ведомствосының басшылығы үшін ірі талдау орталығына айналды.
ГЛОНАСС Қазақстанда
2010 жылы Ресейдің Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков пен Әділбек Жақсыбеков ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келіссөздер барысында ГЛОНАСС жүйесін пайдаланудағы ынтымақтастықты және Қазақстанның зымырандық шабуыл және ғарыш кеңістігін бақылау туралы ақпараттық хабарлау жүйесіне қатысуын қоса алғанда, әскери-ғарыштық ынтымақтастық туралы бірқатар мәселелер қаралды.
ГЛОНАСС – ресейлік спутниктік навигация жүйесі. Жүйе Жердің кез келген нүктесінде қолжетімді азаматтық сигналдарды таратады, ақысыз және шектеусіз навигациялық қызметтерді, сондай-ақ арнайы қолдану үшін жоғары дәлдіктегі шифрланған сигналды ұсынады.