Соғыстағы қиыншылық, азат еткен қалалар: майданда зеңбірекші болған ардагер естеліктерін бөлісті

103 жастағы соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдин майдан шебіндегі ең қиын жерлерге жіберілетін артиллерия дивизиясында қызмет еткен

Нұрдәулет Кәкіш
09/05/2024 - 09:33

Фото Әбдіғали Қаймолдиннің жеке мұрағатынан

Фото Әбдіғали Қаймолдиннің жеке мұрағатынан

«Бір снарядтан жауынгерлердің жартысынан көбін жер жастандыратын». Жеңіс күні қарсаңында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, 103 жастағы ақсақал Әбдіғали Қаймолдин сұрапыл соғыстағы естен кетпес естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

1941 жылы мектеп бітірген Қаймолдин генерал-майор Герсимовтың басшылығымен құрылған 105-дивизиямен майданға кетеді.

«16 жасымызда комсомол қатарына кіргізді, содан кейін соғыста жүрдік. Бізде балалық шақ болған жоқ. Соғыста оңайшылық болсын ба?! Ату үшін қаншама сағат дайындаласың. Бір жерден екінші жерге заттарды қоясың. 4-5 сарбаз отырған жерге жаудың бір снаряды келіп түссе, жауынгерлердің жартысынан көбі сол сәтте-ақ тіл тартпай кететін. Аман қалса, біреуі ғана қалады, әйтпесе ол да жоқ», – деп еске алды ардагер.

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылдың 30 маусымында қазіргі Абай облысының Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Бүгінде Семей қаласында тұрады. Соғыстың алғашқы жылында-ақ майданға аттанған жас сарбаз танкке қарсы артиллерияда зеңбірекші, оқтаушы, кейіннен командир болған.

Әбдіғали Қаймолдин соғыс жылдары Маршал А.Василевскийдің басшылығымен 1-ші Украина, 3-ші Беларусь, Балтық жағалауы майдандары мен Харьковті азат етуге қатысқан. Кейіннен майдан шебіндегі ең қиын жерлерге жіберілетін артиллерия дивизиясында қызмет еткен.

«1942 жылдың маусым айында Воронеж қаласына жіберілдік. Соғыс қай жақта өршіп жатса, бізді сол жаққа жіберетін. Сталинград шайқасында да, Мәскеу түбінде де, Харьков қаласында да болдық. Көп жердегі кескілескен шайқасты көзбен көрдік», – деді ғасыр жасаған соғыс ардагері.

1947 жылы құпия нысанды қорғау үшін Семей ядролық сынақ полигонына шақырылады.

Әскери қызметі аяқталысымен партияда және мемлекеттік органдарда еңбек етті. Семей облыстық КОКП комитетінде, кейін Жаңасемей және Новопокровка аудандық атқару комитеттерінде қызмет істеді. 1977-1982 жылдары Түрксіб совхозының партком хатшысы болды, осы жерден зейнеткерлікке шықты.


Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Бейбіт күннің қадірін соғыстың дәмін татқандар ғана біледі. От пен оқтың ортасында жүрген сол күндер еш уақытта ұмытылған емес. Енді мұндай зұлмат соғыс болмаса екен деп тілеймін! Ұрпақтарымыз бейбіт күнде ғұмыр кешсін», – деп ақ батасын берді Әбдіғали Қаймолдин.

Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі, батылдығы, жанқиярлығы мен соғыстан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендері тапсырылған болатын.

Оған дейін соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94