Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің тарихы мен бүгінгі жай-күйі қандай?

Әскери-теңіз күштері Қазақстанда жасалған «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа» және «Маңғыстау» атты 4 зымыран-артиллериялық кемемен қаруланған

Аян Кайырбаев
08/05/2024 - 14:35

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның Әскери-теңіз күштері – еліміздегі Қарулы күштердің ең кішкентай бөлімі. Қазір бұл әскерде 3 мыңға жуық адам қызмет етеді. Әскери-теңіз күштерінің құрылу тарихы мен олардың мақсаты туралы Sarbaz.kz материалында оқи отырыңыз.

Әскери-теңіз күштерінің қарулы күштердің бір тармағы ретінде қалыптасуын 3 кезеңді бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең осы әскердің пайда болып, жасақталуымен ерекшеленді. 1993 жылы 2 сәуірде Президент «Әскери-теңіз күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл жеке құрамды даярлау мен кемелерді сатып алудың бастапқы нүктесі болды. Әскери қызметкерлер бізге сыйға тартылған кемелерді меңгеріп, экипаждарды оқытып, жаттықтыруды бастаған еді.

1997 жылы Әскери-теңіз күштері жағалау күзетімен біріктіріліп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. 2003 жылы мемлекет басшысы «Қарулы Күштердің үш қызметтік құрылымын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Әскери-теңіз күштерінің екінші туған күні деуге болады. Осылайша ӘТК қарулы күштердің толыққанды үшінші тармағына айналды. Осы сәттен бастап кадрларды қалыптастыру, теңіз институты, кемелерді алу және оларды дамыту мәселесі қайтадан көтерілді.

Үшінші кезеңнің басын 2011-2012 жылдар деп санауға болады. Себебі ол кезде отандық заманауи «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі Әскери-теңіз күштерінің құрамына қызмет көрсетуіне кірісті. Осы сәттен бастап Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметкерлері оны дамыту үшін Каспий теңізінде қарқынды жауынгерлік дайындық пен жүзуді бастады.

2013 жылы «Орал» зымыран-артиллериялық кемесі Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштерінің құрамына қабылданды. Жаңа заманауи кемелердің болуы 2014 жылы қазақстандық экипаждардың «Каспий теңізіне» алғашқы сапарын жүргізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар теңіздегі дағдыларын жаттықтырды.

Осы кезеңде кемелердің экипаждары Махачкала облысында қатты дауылға ұшырап, теңіз жағдайында өздерін сынап көрді. Бұл сапар теңізшілерге нағыз теңіз саяхатының не екенін түсіндірді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның әскери теңізшілері Каспий теңізінің қазақстандық секторында еліміздің аумақтық тұтастығын және мемлекетіміздің мүддесін қорғауда қызметін жалғастырып келеді.

Қазіргі кезеңде Әскери-теңіз күштерінің құрамына әртүрлі бөлімшелер кіреді: теңіз жаяу әскерлері, арнайы күштердің бөлімшелері, жағалаудағы байланыс бөлімшелері және қолдау бөлімшелері.

Қазақстан жүзу қауіпсіздігі үшін теңіздегі жағдай туралы түрлі ақпарат беріп, аймақтағы басқа елдермен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.

Әскери-теңіз флотына әскери кадрларды дайындау үшін жуырда Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында теңіз факультеті ашылып, онда штурмандар мен механиктер даярланатын болады. Кадрлардың басым бөлігі әлі де шетелдік әскери университеттерде білім алуда.

Әскери-теңіз күштері Қазақстанда жасалған «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты 4 зымыран-артиллериялық кемемен қаруланған. Сонымен қатар әскери теңізшілердің қарамағында «Жайық» және «Табиғат» гидрографиялық кемелері, «Алатау» рейдтік мина тасушы кемесі, «Қайсар» диверсияға қарсы катері бар.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені мүмкіндігінше жұмыс істейді. Мысалы Оралдағы «Зенит» зауытында Әскери-теңіз күштері үшін кемелер жасалды. Оның күшімен флот қажеттілігі үшін бірнеше катер жасалды. Осы орайда, қозғалтқыштар мен қару-жарақтарды әлі де шетелден сатып алатынымызды баса айтқан жөн. Бүгінгі таңда біздің тапсырысымыз бойынша «Зенит» зауытында сыйымдылығы 750 тонна болатын заманауи көп функционалды көмекші кеме жасау жұмыстары жүргізілуде, оның құрылысы 2025 жылы аяқталуы тиіс, – деді ҚК Бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов.

Қазақстан жаңа теңіз технологияларын қолдануда заман талабына сай дамып келеді. Мысалы келешекте Әскери-теңіз күштерінің қарамағында 4 экипажсыз кеме, сонымен қатар қайықтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарынан тұратын теңіздегі экипажсыз жүйелер болады.

Тегтер

×

Редакция

$ 490.84  536.88  5.04