Атом бомбасы: Эйнштейннің өкінішіне айналған жобаны білесіз бе?

Ғалым: «Ғылым адамдарға пайдадан гөрі зиянын алып келеді» деген екен

Нұрдәулет Кәкіш
15/08/2023 - 15:29

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Бүгінде аты «данышпан» сөзінің синониміне айналған ғалым Альберт Эйнштейн туралы сөз болғанда қазір көпшіліктің ойына бірінші салыстырмалылық теориясы оралса, екінші еске түсетін нәрсе – атом бомбасы. Осы жобаға қатысқаны үшін Энштейн қатты өкінген деседі. Бұл туралы KazUnite халықаралық порталы жариялады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Эйнштейннің атом бомбасын ойлап табуға қатысқандығы сарапшылар тарапынан әлі күнге дейін мақталып та, датталып та жатады.

«1939 жылы Лео Сцилард бастаған венгриялық ғалымдар нацистік Германияда әлемдегі тұтас қалаларды, тұтас елдерді жойып жібере алатын жойқын қару – атом бомбасы жасалады» деген сыбыстан сескеніп, АҚШ билігіне дабыл қағып, хат жазады.

Бірақ хат діттеген жеріне жетпей, елеусіз қалады. Бұдан кейні ғалымдар хатты жеткізіп, АҚШ назарын осы мәселеге аудару үшін сол елдегі беделді ғалымдарды пайдалануды көздейді. Кей құжатта бұл:

«Эдуард Теллер, Йюдин Вигнер, Лео Сцилард және Эйнштейн фашистік Германияның атом бомбасын жасауға дайындалып жатқанын ести тұра, ондай қуатты қарудың алдымен АҚШ-та жасалуы керегін президентке айтып жеткізуді біздің жауапкершілігіміздегі іс деп түсінді», – деп баяндалады.

Қалай болғанда да, жоғарыда аты аталған ғалымдар мен Албьерт Эйнштейн ақылдаса келе, олар АҚШ президенті Рузвельтке:

«АҚШ атом бомбасын Германиядан бұрын жасауы керек, оған біздің ғалымдардың әлеуеті жетеді, сіз бізге жағдай жасаңыз, тапсырма беріңіз», деген ұсыныспен хат дайындайды.

Оған ең беделді ғалым, физик Эйнштейннің қолын қойғызып, презеидентке жолдайды. Осылайша, Эйнштейн 1939 жылғы 2 тамыз күнгі АҚШ президентіне жазып, қол қойған хатымен әлемде атом бомбасын жасауға түрткі болған адам ретінде де тарихта қалды.

Көп ұзамай, АҚШ президенті ғалымды қабылдап, оның ұсынысын мақұлдап, «Манхэттен» жобасын қабылдатады. Жоба бойынша Америкада бір топ ғалым атом бомбасын жасауға жұмылдырылады. Олар өндіріске қажет барлық ғылыми деректермен, қаражатпен, бар жағдаймен қамтылады.

«Эйнштейннің өзегін өртеген өкініш дәл осы Рузвельтке жазылған хатқа қол қоюы еді. Хатқа қол қойған сәтте-ақ ол өзінің өмір бойы ұстанып келген бейбітқұмарлығына, өзінің соғысты жау санаған принципіне қарсы келді. Ал атом бомбасы тарихта бір ғана түймешені басу арқылы тұтастай бір қалаларды, бір елді адамдарымен, барлық техникаларымен қоса қырып-жоюға мүмкіндік тудырды. Қазірге дейін сол қаруды кезеніп, әлем халқының үрейін тудырып отырған елдер бар», - деп жазады KazUnite.

Атом бомбасының осынша қуатын, оның елді қорғауға ғана емес, елді талқандап, миллиондаған адамның өмірін бір-ақ сәтте жалмауға жұмсалатынын кеш ойлаған ғалым сол хаты үшін өзегі өртене өкінгенін айтады жақындары. Албьерт Эйнштейн дүниеден өтерінен сәл бұрын, 1954 жылы:

«Мен сол бір хатқа қол қойғанда үлкен қате жасадым» деп налыпты.

Содан соң 1955 жылы Эйнштейн Британия ғалымы Бертрент Русселмен және басқа да ғалымдармен бірігіп, атом бомбасының қаупін баса көрсеткен манифестоға қол қояды. Бірақ бұл кезде әлемдегі ең қуатты елдердің саяси тұлғалары мақсатына агрессиялық жолмен-ақ жеткісі келсе, атом бомбасына сүйенуге болатынын түсінген деседі.
1933 жылы Эйнштейн Калифорния технология институтында студенттермен кездесу кезінде:

«Ғылым көбіне адамдарға пайдадан гөрі зиянын алып келеді» деген екен.

Бұл жөнінде «Эйнштейн: оның өмірі және ғалам» деп аталатын кітапта баяндалады.

Эйнштейн – өмірінде жүздеген кітаптар мен мақалалар жазған ғалым. Олардың арасында 1905 жылы жасаған салыстырмалылық теориясы, 1916 жылғы жалпы салыстырмалылық теориясы, 1926 жылғы броундық қозғалыс теориясы бойынша зерттеулері, 1938 жылғы физика эволюциясы ерекше бағаланады. Осының арасындағы салыстырмалылық теориясы үшін Эйнштейн 20-ғасырдағы әлем ғылымының ең озық ғалымдарының біріне айналды.

KazUnite дерегінше, ғалымның бүгінгі инновация мен технологияға біршама арқау болған ғылыми еңбектерін айтпағанда, сәтсіз болған және аяқталмаған, яғни шешімі табылмаған теориялары да көп. Мысалы, өмірінің соңғы жылдарында ашамын деп қатты құлшынған «Барлық нәрсе» теориясы (Theory of everything) аяқсыз қалған. Ал біраз еңбектері мен теориялары қазірге дейін пікірталас тудырып келеді. Бір айта кетерлігі, өзі жасаған кей теорияларға кейін ғалымның өзі де қарсы шығып отырған. Осындай қарама-қайшылықтарға қарамастан, Эйнштейннің зияткерлік жетістіктері мен өзіндік ерекшелігі оның танымалдылығын арттырған. Ол бұқаралық мәдениет саласында да кейіпкер болған.

Әзілкештігімен, тіпті аңғалдығымен талай карикатураға да арқау болған. Сөйте тұра, оны танымалдылығы «Эйнштейн» сөзін «данышпан» сөзінің синонимі ретінде қабылдайтындай дәрежеге жеткізді.

Тегтер

×

Редакция

$ 488.45  529.19  5.04