Нидерланды королінің күйеу баласы болған тыңшы қазақ кім?

Sarbaz.kz редакторы
30/06/2023 - 15:08

Фото: Ғ.Б.Сәрсеновтің ашық дерек көзінен табылған жалғыз фото

Фото: Ғ.Б.Сәрсеновтің ашық дерек көзінен табылған жалғыз фото

РККА-ның Бас Барлау Басқармасының бастығы, екінші рангалы армия комиссары, генерал Ян Карлович Берзиннің жеке қабылдауынан кейін қазақ жігіті 1938 жылы құпия агент ретінде Мәскеуден соғыс өрті шарпыған Еуропа еліне жіберіледі. Ол Ғалихан Сәрсенов еді. Sarbaz.kz тілшісі тыңшының өмірбаянына тоқталып шықты.

Ғалихан Биахметұлы 1914 жылы Семей облысы, Зайсан уезі Көкпекті ауылындағы орта жүздің беделді биі Шегеден Сәрсеновтің отбасында дүниеге келген.

Әкесі Биахмет Сәрсенов Семей облысында қазақ балалары үшін мектеп ашып, «Семейдің Алтынсарині» атанған ағартушы болған.

Алаш қозғалысына атсалысып, «Алаш» партиясына алғашқылардың бірі болып өтеді. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен Семей қалалық ағарту ісін басқарады. Қазақ мектептері үшін физика мен математика оқулығын жазуды қолға алғанмен, дерті асқынып, 1921 жылы 22 тамызда 36 жасында қайтыс болады.

ТЫҢШЫЛЫҚҚА КЕЛУ ЖОЛЫ

Осындай текті отбасында тәрбиеленген Ғалихан Биахметұлы мектепті үздік бітірген соң 1930 жылдары қатарынан екі бірдей жоғары оқу орнында үлгеріп оқиды. Бұл өте сирек кездесетін жағдай еді. Бұл туралы тарихшы, журналист Бақытжан Абдул-Түменбай «Киелі Көкпекті» журналында жарық көрген мақаласында жазды.

Журналист және геолог мамандығын қатар алған Ғалихан Сәрсенов ағылшын, неміс, француз тілдерін де жетік меңгеріп шығады. Осы ерекше дарындылығымен барлау орындарының көзіне түсіп, оған мамандығы бойынша қызмет істеу бұйырмаған екен. Солардың ықпалымен Томбов қаласындағы РККА-ға қарасты әскери училищесінде оқып, ұшқыш мамандығын лейтенант шенімен 1938 жылы бітіреді. Сол қаладағы аэроклубта нұсқаушы болып уақытша жұмыс істейді. Оның бұл кезде сырттай тағдыры шешіліп жатқан екен.

Бұл кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен соң Еуропа елдеріне барлаушыларға деген сұраныс артады. Сол уақытта Ғалиханды Мәскеуге шақыртқан РККА-ның Бас Барлау Басқармасын 1924 жылдан басқарған екінші рангалы армия комиссары Ян Карлович Берзиннің өзі оны барлау қызметіне шақырады. Ян Карлович Кеңес әскерінің барлау негізін қалаған, аңыз адам еді. Кезінде Кеңес Одағының батыры Рихард Зоргенің (Рамзай) өзін әскери барлау қызметіне тартқан да осы Берзин деседі.

«1938 жылы Ғалихан Сәрсенов құпия агент ретінде соғыс өрті шарпыған Еуропа еліне жіберіліп, «Шалдың» өзі ғана байланысқа шығып тұрған. «Шал» дегеніміз Ян Карловичтің өзі еді. Осыдан-ақ қазақ барлаушысы Ғалихан Сәрсеновтің атқаратын миссиясы өте құпия болғандығын аңғаруға болады. Қазақтың әскери барлаушысы Сәрсенов туралы мәліметтен «өте құпия» гриф-бұрыш белгісі алынған жоқ. Тек бар білетініміз, Голландия елшілігінде аудармашы қызметін атқарып жүргенде тақтан тайдырылған корольдің ортаншы қызы Иока Мульдерспен танысып, үйленеді. Көп ұзамай Херат (Герат) есімді ұлы дүниеге келеді. 1944 жылы одақтастар әскерлері Голландияны азат ететіні белгілі болып, ұлты қазақ болған соң британ барлау орындары әшкерелеуі мүмкін деген күдікпен Ғалихан Сәрсеновті дереу Мәскеуге шақыртады. Өзімен бірге әйелі Иока мен екі жастағы Гератты алып келуіне орталық рұқсат бермеген», - деп жазады Бақытжан Абдул-Түменбай.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫ» ДЕГЕН ЖАЛАМЕН АТЫЛЫП КЕТТІ

Оның жазуынша, Мәскеуге келген соң өлім мен оттың ортасында басын қатерге тігіп жүрген қазақ барлаушысына «Түркістан легионымен байланысы бар» деп жала жабылып, 10 жылға ГУЛАГ-қа айдап жібереді.

«Ғалиханның өте білікті агент екенін білетін генерал Я.К.Берзин оған араша түсе алатын еді» дейді Бақытжан Абдул-Түменбай. Алайда Берзиннің өзін НКВД Ғалиханның шет елге кетуі бойынша 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атып тастаған екен.

Радиоэфирде «Шал» ретінде нұсқауды біраз уақыт басқа адамнан алып отырғанын Ғалихан білмеген. Байланысқа шығатын радистің міндеті тек шифрограмманы ғана алу мен жіберу-тін. 1944 жылға дейін Рихард Зорге де «Шалдан» шифрограмманы алып тұрды. Соғыс басталатын уақытын дәл көрсеткеніне «Шал» неге сенбейді деп қатты күйзелгенін жазушылар М және М Колесниковтар «Рихард Зорге» атты кітабында өте әсерлі етіп жазыпты.

1959 жылы халықаралық ұйым, елшілік арқылы әйелі Иока Мульдерс Ғалиханның 16 жастағы ұлы Гератпен Мәскеуге келіп, жұбайы туралы сұрау салғанда қазақтың есіл ері ГУЛАГ-та із-түссіз жоқ болып кеткен екен. Тіпті қай жерде жерленгені де белгісіз болған. Артындағы ұлы Герат әкесінің басына бір уыс топырақ та сала алмай, еліне қайтыпты.

«Міне, біз Кеңес барлаушысы Штирлиц туралы фильмді жатқа білеміз. Алайда өзіміздің қазақтың әскери барлаушысы Ғалихан Сәрсенов туралы, оның шетелдегі атқарған қауіп пен қатерге толы қызметі туралы біле бермейміз. РФ ФСБ-сының сыртқы барлау архивінде шаң басып жатқан оның ісін сұратып алдыру біздің қолдан келмеді», - деп түйіндеді Бақытжан Абдул-Түменбай өзінің мақаласын.

Нұрдуәлет Кәкіш

×

Редакция

$ 483.23  534.74  5.12