Гарвард ғалымы: Халықаралық ғылыми айналымда Қазақстан жайлы тарихи ақпараттар өте аз

Ол тарихтың болашаққа деген маңызы туралы айтты

Нұрдәулет Кәкіш
02/08/2023 - 11:09
112
Фото ашық дереккөзден
Фото ашық дереккөзден

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, АҚШ-тың Гарвард университетінде ғылыми зерттеуші Нұрлан Кенжеахмет қазақ халқының тарихты туралы ақпарат халықаралық ғылыми айналымда өте аз екенін мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Тарихты көп оқысақ, ата жауымызды іздеп кетеміз» деген – жалпы, меніңше, қате пікір. Қазіргі қазақ жері дүние жүзі бойынша тоғызыншы орында тұр, ал халқы 19 миллион ғана. Не үшін? Тарихты білмесек, мұның себебін қалай білеміз? Тарихты білмесек, осы ұлан-байтақ жерімізді қалай сақтап қаламыз!? Көрші елдер жерімізге көз алартып отырса, не істеуіміз керек? Қазақ жерінің осынша кең болу себебі көшпенділік мәдениет, көшпелілік өмір салты қазақтан соған сай кең жерді қажет еткен. Әр ру бір-бір жайлауды иемденген. Бір рулы елдің қыстауы, жайлауы, күзеуі болған. Отырықшылар жерге байланып, аз жерден көп өнім алу жолдарын іздесе, көпшенді халық малға жайлы жер іздеген. Бұрынғы ата-бабаларымыз көп жерді иемденіп, қуатты мемлекет болғаны сондай, Қытай олардан қорғану үшін Ұлы қорғанын салған. Меніңше, тарихты білмесе, адам бар нәрсесінің мәнін де, бағасын да білмейді», – деді тарих ғылымдарының докторы.

Сонымен қатар ол тарихты білу қазаққа өзін-өзі сақтап қалу үшін, елінің амандығы мен жерінің тұтастығын қорғау үшін керек екендігін атап өтті.

«Осы бағытта аз да болса септігімді тигізгім келеді. Мақсатым – қазақтың бұрынғы территориясын, бұрынғы серілік-ақсүйектік қоғамын әлемге оң жағынан таныстыру. Оны жайдан-жай ешкім мойындамайды. Оны мойындату үшін ағылшын тілінде монография шығаруың керек. Оған азулы елдердің мықты-мықты ғалымдары пікір жазуы қажет. Сол жарияланған соң ғана бүкіл дүние жүзі назар аудара бастайды. Қазір халықаралық ғылыми айналымда Қазақстан жайлы тарихи ақпараттар өте аз. Сондықтан қайта бізге қазақ тарихы жайлы көбірек зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халықаралық деңгейде жариялау керек», – деді Нұрлан Кенжеахмет.

Тегтер

×

Редакция

$ 449.88  486.64  4.83