АҚШ-тың құпия агентімен келіссөз жүргізген Оспан батыр

Дуглас Маккернан мен Оспан батырды не байланыстырды?

Нұрдәулет Кәкіш
02/08/2023 - 10:59
795

Америкалықтар мен қазақтарды ортақтастыратын тұлғалар тарихта да бар. Солардың бірі – Дуглас Маккернан. Маккернан жайлы дерек көп емес. Бірақ оның өмір жолында Оспан батырмен тоғысатын сәттер бар. Маккернанның өмірдеректерінен Оспан батырдың атын кездестіруге болады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Дуглас Сеймур Маккернан 1950 жылға дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің Үрімжідегі вице-консулы болған. Ағылшын тілінен транскрипциямен аударғанда оның тегі «Маккирнан» деп те айтылады. Ал кезінде оны Қытайдағы қазақтар «Мәкенан» деп атаған екен.

Дуглас Маккернан америкалықтар мен қазақтардың достық қарым-қатынасына көңіл бөліп, сол кезде Оспан батырмен келіссөздер жүргізген деседі. Ал Оспан батыр Исламұлының кезіндегі Шығыс Түркістан республикасының Алтай аймағын бірнеше жыл басқарғаны, оған дейін озбыр билікке қарсы шығып, мыңдаған қазақты қауіпсіз аймаққа көшіргені, Шығыс Түркістан республикасын тәуелсіз ел қылуды көксеп, сол жолда қаза болғаны тарихтан аян.

Журналист Қалиакбар Үсемханның айтуынша, Қасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітабында Оспан батыр мен Мәкенанның келіссөздері туралы мәлімет қамтылған.

«Мәкенан Қалибек хакімге 5 доллардың жартысын жыртып берген» деген ақпарат та әлі күнге дейін көпшіліктің аузынан түспей келеді.

Жалпы, Дуглас Маккернан туралы айта кететін болсақ, 1913 жылы Мексиканың астанасы Мехикода дүниеге келген. Үйіндегі бес баланың тұңғышы. Әкесі саяхатшы болған-ды. Сөйтіп бала күнінде отбасымен АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Стоутон қалашығына қоныс аударған. 1932 жылы Маккернан Массачусетс технологиялық институтына физика пәні бойынша оқуға түсіп, 1-курстан кейін оқудан шығып кетеді. Жастайынан әкесінің ісіне көмектесіп өскен еңбекқор жігіт өзі оқыған институтта зертханашы болып жұмыс істейді.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде ол майор шенінде АҚШ-тың Әскери әуе күштерінде қызмет етсе, 1942 жылдың басынан бастап Вашингтонда (Колумбия округі) офицер-криптосарапшы ретінде, одан кейін Аляскада метереологиялық офицер ретінде қызмет атқарады. 1943 жылдан бастап соғыс аяқталғанша Синьцзян провинциясының астанасы Дихуа (қазіргі Үрімжі) қаласында қызметте болады. 1947 жылдың ақпанында Маккернан Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) құпия тыңшысы болып жалданады. Алайда құпия агент екенін жалтару үшін ол АҚШ Мемлекеттік департаментінің Үрімжідегі консулдығында вице-консул лауазымына тағайындалады. 1950 жылы Қытайдың Тибет жақтағы шекарасында қасындағы серіктерімен бірге Қытай әскерінің қолынан қаза табады. Америка тарапынан Маккернан бастаған топты қорғауға алу жөніндегі хаты шекара бекетіне олар оқ құшқаннан кейін сәл кешігіп жетіпті.

Оспан батыр мен Дуглас Маккернан да Қытай әскерінің қолынан қаза тапты.

Ресми деректерге сүйенсек, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Орталық барлау басқармасы тарапынан әлі күнге дейін Маккернанның радиограмма жазбаларының құпиясы толық ашылып, жарияланбаған. Ал күнделігі 1990 жылдары жарияланған. Алайда жарияланбас бұрын ол құжатқа көптеген түзету енгізілген көрінеді. Сол күнделігінде Кунь-Лунья тауының бөктерінде Хүсейн деген қазақтың үйінде қыстап шыққаны туралы дерек көрсетіліпті.

Тегтер

×

Редакция

$ 449.88  486.64  4.83