4 қазан – Зымыран әскерлері және артиллерия күні

Артиллерия – соғыс тәңірі!

Sarbaz.kz редакторы
04/10/2023 - 17:45

Фото Думан Құрманғалиев

Фото Думан Құрманғалиев

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі Құрлық әскерлерінің негізгі міндеттеріне қарсы келген жауға тойтарыс беру үшін әскерлердің ұрыстық әзірлігіне қолдау көрсету, еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету, мемлекеттік шекараны қорғау, бітімгерлік және басқа да берілген тапсырмаларды орындау кіретіндіктен, құрамындағы бірнеше әскер түрлерінің ішіндегі Зымыран әскерлері және артиллерия күшінің алатын орны ерекше. Sarbaz.kz осы орайда бұл күннің шығу тарихына кеңінен тоқталып өтпек.

Тарих беттерінде жазылып кеткеніндей, Кеңестік дәуірдегі Зымыран әскерлері және артиллерия күнінің аталып өтуі сонау 1942 жылдың 19 қарашасы күнінен бастау алады. Дәл осы күні, Ұлы Отан соғысының (1941-1945 ж.ж.) белең алған кездегі Волга өзенінің бойындағы Сталинград шайқасында гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы Кеңес әскерінің зымырандық әскер мен артиллерия күшінің қуаттылығы маңызды рөл атқарады. Ұрыс қимылдарындағы фашистерге үрей туғызған ВМ-13 «Катюша» жауынгерлік көлігінің абыройы асқақтап, атақ-даңқы жер жарады. Әсіресе, Курск доғасындағы жаумен бетпе-бет келген шайқаста «Артиллерия – соғыс тәңірі!» деген лайықты атқа ие болған Кеңес әскерінің артиллерист-жауынгерлері немістердің бетін қайтарады. Осылайша, Кеңес әскерінің құрамындағы артиллерия әскерлері күшінің гитлерлік неміс басқыншыларының шабуылына қарағанда әлдеқайда басым болғандығына анық көз жеткізе аламыз.

Осының бәріне көз жеткізіп, ....дей тұрғанмен де бүгінгі күнде қазақ халқының тарихында  батыр бабаларымыздың  зеңбіректік күштерді ертеректе жауға қарсы қолданыла білген жөніндегі тың деректердің пайда болуына аз-кем тоқталу керекпіз. 

Есімі көпшілікке танымал ақындарымыздың бірі Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасындағы:

Ат сайлап, қылыш қайрап, сарбаз ерлер,
Зеңбірек атанға артқан найзагерлер,
Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай.
Алатау берік қорған, жұмақ жерлер....» - деп шумақ тіркестерімен келтірілгеніндей, жаугершілік заманда қазақ жауынгерлерінің атан түйенің үстіне зеңбірек немесе отты қаруды орнықты бекітіп, жаумен шайқасқанын білуге болады. Жалпы қазақ тіліндегі «зеңбірек» атауының пайда болуын зерделесек, тіл мамандары осы атаудың парсы тілінен келіп жеткендігін тілге тиек етуде. Өйткені, тарихта алғашқы зеңбірек қосынын өмірге әкелген парсы халқы болып саналады.

1770 жылы парсылармен соғысқан орыс генералы Сергей Тучков: «Зеңбірек орнатқан түйелі керуен құм мен шөлге қарамай, қажет тұсқа жетеді. Тоқтаған соң оны үстіндегі адам бұйдасынан тартып шөктіреді. Содан кейін әлгі кісі бұйданы тастап, зеңбіректі аузынан оқтап, білте тұтатып атады» - деп, жазба қалдырғаны бар.

Парсылар осы қару түрін өз тілімен «Замбурак» деп атаған болатын. Осы ретте, қазақ халқы бұл сөз тіркесін өз тіліне бейімдеп, «зеңбірек» деп атап кетсе керек....

Атан түйеге артқан зеңбірек қазақта да болған. Қазіргі уақытта оның нұсқасы Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында қазақ, орыс, қытай, жапон, неміс, итальян, швед, ұйғыр және өзбек халықтарының ұсталары жасаған саны мыңға жуық жәдігерлер қатарында тұрғаны анық. Қазақтар қомына зеңбірек орнатылып бекіген түйенің өркеші мен бүйірін атқылаған зеңбірек оғының от жалыны шарпып кетпес үшін қалың киізбен орап, әр атқан сайын киізді сулап отырғандығы жайлы мәлімет те бар.

Тағы бір дерек көзіне жүгінсек, 1938 жылы түсірілген қазақ киноматографистерінің тұңғыш туындысы болып саналатын «Амангелді» фильмінде түйе үстіне орналасқан зеңбіректі пайдаланып, жауға қарсы соғысқан сарбаздар бейнесін ежелгі көшпенділердің далалық соғыс өнерінің жаңа заманға лайықталған бір көрінісі болса керек.

Артиллерист-жауынгерлердің қатарынан Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың ішіндегі қазақстандық Махмет Қайырбаевтың есімін ерекше атағанымыз жөн.

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 16 жасқа енді толған Махмет соғысқа баруға ерікті ретінде өтініш бергенімен, жасы толмағандықтан әскер қатарына алынбайды. Бір жылдан кейін қайтадан өтініш берген Махмет Қайырбаев 1942 жылдың тамызында Бұхараға эвакуацияланған Подольск артиллериялық училищесіне оқуға жіберіледі де, жылдамдатылған курс бойынша тез арада бітіріп шығады.

Әскери артиллерияның жас маманы Махмет Қайырбаев Ұлы Отан соғысына 1943 жылдан бастап, майдан даласындағы ұрыстың нағыз қызған шағында кіріседі. Кеңес әскерінің құрамындағы Басқолбасшылық Резервінің 17-ші танкіге қарсы ататын артиллериялық жеке бригадасының 712-ші жеке танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкінің взвод командирі лауазымына тағайындалып, неміс басқыншыларына қарсы ұрыс іс-қимылдарына қатысады. Қазақ жауынгері Махмет Қайырбаев соғыс кезіндегі жылдам әрі шапшаң қимылымен Смоленск түбіндегі шайқас кезінде ерекше көзге түсіп, небәрі 18 жасында Александр Невский орденін алғаш рет кеудесіне тағады.

1944 жылдың тамызында совет әскері Прибалтика жағалауында шабуылға шығып, Шяуляй қаласының маңында фашист әскерін қоршауға алады. Фашистер өз полктерін қорғап, Кеңестік армия дивизияларының Балтық теңізіне барар жолын кесу үшін бірқатар танк шабуылын жасайды.

1944 жылдың 19 тамызында Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағында болған ұрыста фашистік неміс әскері танкімен шабуылға шығып, Кеңес әскері қорғанысын бұза жарып, қалаға басып кіруге ұмтылады. Осы кезде Шяуляй қаласының батысында немістердің қоршауында шайқасып жатқан батареялардың біріне қазақстандық батыл артиллерист-жауынгер Махмет Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен көмекке келеді. Жедел іс-қимылға кірісіп кеткен артиллерист-жауынгерлер аға лейтенант М.Қайырбаевтың басшылығымен жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, бір батальон әскерінің көзін жояды. Кескілескен шайқаста немістердің Шяуляй қаласына өтуіне жол берілмейді. Осы ұрыс қимылындағы көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы үшін Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы (№6367) Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, аға лейтенант Махмет Қайырбаевқа Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етіледі.

Соғысты Махмет Қайырбаев шығыс Пруссияда, Кенигсбергте аяқтайды. Аға лейтенант М.Қайырбаев соғыс бітісімен, Ф. Дзержинский атындағы Артиллерия академиясына оқуға жіберіледі, алайда мұрағаттардан репрессияланған әкесінің ізін іздей бастағандықтан оны жылдам академия қабырғасынан шығарады. Далалық әскери округінің (бұрынғы Түркістан) артиллериялық полктерінің біріне қызметке жібереді. Бірақ мұнда да көп қызмет етпейді, денсаулығына байланысты 1946 жылы запасқа шығарылады.

1946 жылдан бастап 1957 жылдың наурызына дейін М.Қайырбаев Павлодар облысының Бесқарағай, Успен (Лозов) және Ақсу (Ермак) аудандарында жауапты хатшы, төраға орынбасары, аудандық атқарушы билік төрағасы лауазымдарында жұмыс істейді. Тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысып, сол кездегі Ермаков ауданында «Пограничник» астықты совхозын салады.

Махмет Қайырбаев 1996 жылдың 12 шілдесінде мәңгілік мекеніне аттанып, өмірден өтеді. Батырдың денесі Павлодардағы мұсылман зиратында жерленген.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1997 жылдың 26 қарашасындағы №35 бұйрығына сәйкес, артиллерист-жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың есімі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 28738 әскери бөлімінің 1-ші артиллериялық дивизионының 1-ші артиллериялық батареясының жеке құрам тізіміне мәңгілікке тіркелген. Аталған әскери бөлімде Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың жеке құжаттары, кітаптар және кереуеті қойылған. Әскери бөлім басшылығы мен барлық жеке құрам батыр ерлігін әр кез естен шығармай, ерлікке кір келтірмей, жоғары қолбасшылық қойған жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындап келеді.

Тәуелсіз Қазақстан әскерінің негізгі отты күші болып саналатын Зымыран әскерлері мен артиллерия саласы осы тарих қойнауынан қалған сара жолдың ізін өшірмей, бүгінгі күнде қарқынды дамып келеді. Зымыран әскерлері және артиллерия Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күнінен бастап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы әскер түріне енгізілген болатын. 

1998 жылы жалпы бағыттағы күштердің құрылуына орай, Зымыран және артиллерия әскерлерінің Басқармасы құрылды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2000 жылғы 4 қазандағы Директивасына сәйкес, Зымыран және артиллерия әскерлерінің Басқармасы өз алдына дербес әскерлер тегінің түрі ретінде құрылды. Дәл осы күн - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Зымыран және артиллерия әскерлерінің құрылған күні болып саналады. 

Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі қаулысын жүзеге асыру мақсатында, Зымыран және артиллерия әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің ұрыстық құрамына енді.

Зымыран және артиллерия әскерлері – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамындағы жоғары ептілік пен дәлдікті талап ететін жеке әскер түрі. Әскер тактикалық зымырандардың құрамаларынан, гаубицалық, зеңбіректік, реактивті және танкіге қарсы қолданылатын артиллериядан, артилллериялық барлаудан, минаатқыш және танкіге қарсы бөлімшелерден тұрады. 

Нағыз артиллерист болуды армандаған әскери қызметші жоғары білімді болуы тиіс, оған ғылымды білуі ауадай қажет. Ең бастысы – математиканы жетік білгені абзал, өйткені тез арада есептеп шығару оның басты қаруы болып саналады. Артиллерия – бұл кез келген іс-қимылды топтасып атқаратын әскер түрі болғандықтан, берілген тапсырмаларды орындау кезінде әр маман иесі берілген бұйрыққа бірден кірісіп кетеді.

Мәселен, барлаушы – қарсыластың бағытын біліп, орналасқан орнын бірден анықтаса, топогеодезист – өздерінің ұрыстық тәртібінің бағытын белгілеп береді. Метеоролог – атыс кезіндегі ауа райының құбылуын есепке алса, есептегіш мамандар белгіленген нысанаға дәл көздеп тигізуді есепке алады. Ал байланыс торабы – орудиядан оқ атуды атқаратын ұрыстық есептоптың еш кедергісіз байланысқа шығуын қамтамасыз ететіні сөзсіз.   

Халықаралық оқу-жаттығулар мен Қазақстан жеріндегі ұйымдастырылып өткізілген оқу-жаттығуларына белсенді қатысып жүрген Зымыран әскерлері мен артиллерияның жеке құрамы жоғары деңгейде жауынгерлік және дене даярлықтары бар екенін көрсетуде.

Жыл сайынғы Халықаралық «Армия ойындары» сайысында да Тәуелсіз Қазақстан армиясының намысын қорғап жүрген артиллерист-жауынгерлер алдыңғы қатардағы орындардан көрініп жүр.  

2022-2023 оқу жылын табысты аяқтау жолында зымыран әскерлері мен артиллерияның алдында жауынгерлік әзірлікті арттыру, жауынгерлік және жедел дайындықты жетілдіру бойынша жауапты міндеттер тұр.

Жақында ғана «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында өткен «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде:

«Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық, және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!» - деген болатын.

Осы ретте, Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының мәртебесін көтеру мен жауынгерлік даярлықтағы әзірліктерін жақсартуда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі отты күші болып саналатын - Зымыран және артиллерия әскерлерінің аянбай тер төгіп, алдыңғы қатардан ерекше көзге түсіп, толағай табыстарға жете беретігіне сенім мол.

лейтенант Думан Жұмашұлы
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Тегтер

×

Редакция

$ 443.16  480.39  4.94