«Мен енді қоңырат болдым»: Тоқаевпен тілдескен африкалық студент қазақ тілін қалай үйренгенін айтты

Әлеуметтік желі арқылы танылған Элиша Феррейра – SDU University-дің 4-курс студенті

Жанель Нұрболатқызы
25/09/2023 - 22:30

Жуырда әлеуметтік желіде елімізде оқып жатқан анголалық студенттің Мемлекет басшысымен қазақ тілінде тілдескен сәтінен бейнежазба тарады. Көпшілікті тәнті еткен бұл видеода шетел азаматы өзін «Қоңыратпын» деп таныстырады. Қазақ жерінде білім алып жүрген студент елімізге қалай келгені, қазақ тілін қалай үйренгені жайында Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта әңгімелеп берді.

Әлеуметтік желі арқылы танылған Элиша Феррейра – SDU University-дің 4-курс студенті. Ол халықаралық олимпиадада жүлдегер атанып, оқу грантына ие болған.

«Ангола елінің астанасы – Луанда қаласынан келдім. «Математика» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бірінші курс пандемияға тап келіп, онлайн форматта оқуға тура келді. Кейін оқуым Қаскелеңдегі кампуста жалғасты», – дейді ол.

Элиша бала күнінен математика ғылымына үйір болып, оқушы кезінде әртүрлі деңгейдегі білім додаларында үнемі жеңіс тұғырынан көрінген. Мектепті аяқтағаннан кейін шет елде оқуды мақсат етіп, халықаралық олимпиадаларға қатысқан. Кейіпкеріміз білім грантын жеңіп алғанға дейін Қазақстан жайлы мүлде естімегенін айтады. Соған қарамастан, білімге құмартып, қашанда жаңа мүмкіндіктерге ұмтылып жүретін ол құрлық асып, туған елінен жыраққа кетуге бел буған.

«Отбасымызда білім алуға ерекше мән беріледі. Әкем, үлкен әпкем – дәрігер, ағам  – инженер. Мені математикаға баулыған ағам. Қазір ол Қытайда білім алып жатыр. Мен оны үлгі тұтамын.  Ағам секілді шет елден білім алуды көздеп, халықаралық олимпиадаларда бағымды сынап көрдім. Грантты жеңіп алған кезде мектептегі мұғалімім SDU туралы айтып берді. Жаңалықтардан Ауғанстан, Пәкістан елдерінде қақтығыс көп болатынын естіп-көрген соң, «стан» деген жалғауы бар аймақтар қауіпті деп ойлаушы едім. Сол себепті бастапқыда қорыққаным рас. Шынымды айтсам, барғаннан кейін өліп қаламын деп ойладым (күліп).

Ата-анам – өмірге көзқарасы өзгеше, жаңашылдыққа құштар жандар. Олар маған: «Ештеңеден қорықпа. Бар. Білім ал. Сен ойлағандай қауіпті жер болса қайтып келесің» деді. Оның үстіне өзім де ізденіп қарасам, SDU-да бірнеше тіл – қазақ, орыс, түрік тілдерін меңгеріп алуға болады екен. Соның барлығын ескеріп, Қазақстанда білім алу туралы шешім қабылдадым. Мұнда алғаш күннен-ақ қатты ұнады. Мен келгенде күз мезгілі болатын. Ондай суықты өмірімде көрмегенмін. Кейін қарды көріп, одан әрі аң-таң болдым», – дейді студент.

Элиша Қазақстанға келгенге дейін төрт тілде сөйлей алған. Кейін өзі әуелде мақсат еткен үш тілді меңгерген. Айтуынша, оған қазақ және орыс тілдерін үйрену қиынға соққан. Дей тұрғанмен шынайы ықыластың шекарасы жоқ екені белгілі. Ол бірден еркін сөйлеп кете алмаса да, алған бетінен қайтпай, бүгінде көздеген мақсатына жете алды.

«Менің елім ұзақ жылдар бойы Португалияның отарында болды. Сондықтан барлығымыз африка тілдерімен қатар португал тілін де білеміз. Сондай-ақ мектеп кезінен ағылшын тілінде де сөйлей аламын. Қазақстанда алдымен түрік тілін үйрендім. Оған түрік досым себепкер болды. Мен ағылшын тілінде сөйлесем, ол үнемі түрік тілінде жауап беретін.

Ал қазақ тілін үйренуді футбол ойнап жүріп бастадым. Командадағы жігіттер тек қазақ тілінде сөйлейтін. Ең бірінші «Пас берші! Доп берші!» деген сөздерді жаттап алдым. Одан соң бірте-бірте орыс тілін де меңгердім. Бірақ орыс тілін үйрену өте қиын болды. Әсіресе, жұрнақтары мен жалғаулардың қолданылуын түсіне алмай қиналдым. Ал қазақ тіліндегі ә, қ, ғ, ө, ұ, ү дыбыстарын дұрыс айта алу үшін көп жаттықтым. Тілдерді меңгеруіме өз елімнің көптілді екені әсер етті деп ойлаймын. Өз басым сөйлеу барысында қате жіберуден қысылмаймын. Яғни кейде сөзді дұрыс айтпасам да, талпынып сөйлей берсем болғаны. Өйткені тіл үйренуде практика өте маңызды. Грамматиканы кейін де түсініп алуға болады», - дейді полиглот жігіт.

Сөз арасында кейіпкеріміз үш жыл ішінде екі ел арасында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтарды байқағанын да айтып берді.

«Қазақ халқы – өте қонақжай. Қонаққа барғанда тойып тұрғанымды айтсам да, алдыма тамақтың түр-түрін үйіп қояды. Бізде де қонаққа зор құрмет көрсетіледі. Тағы бір ұқсайтын жері, менің жерлестерім секілді қазақтардың басым көпшілігі ақкөңіл, ақжарқын екен. Мені көргенде: «Қара бала қазақша сөйлейді» деп мәз болады. Алғаш рет осында келгенде дене шынықтыру пәнінен беретін ағайым да маған:

«Ой, сен Қоңыратсың. Өзімізсің» деп жақын тартқан еді. Маған да оның осылай қалжыңдағаны ұнап қалды. Одан бөлек, қазақ халқының бір дастарқан басында төрт көзі түгел болып тамақтануы да бізге ұқсайды. Қазақстанда үлкендер тамақ ішуді бастамайынша кішілер тамаққа қол тигізбейді екен. Қонақта алдымен үлкендер тамақтанып алады, ал кішкентайлар артынан ішеді. Жалпы, айта берсең ұқсастықтар көп. Бірақ қазақтардың жылқы етін жейтіні таңқалдырды. Біз жылқыны қадірлейміз. Біздің жақта оны ешкім жемейді», – дейді ол.

Элиша Қазақстандағы үш жылдың арқасында қазақ елін бауырлас халық ретінде қабылдайтынын, бірақ алдағы уақытта Африкаға қайта оралып, өз еліне қызмет етуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Қазақстан үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Бірнеше тіл меңгердім, өзге елдің мәдениетімен таныстым, көптеген жақсы адамдарды жолықтырып, достастым. Сондай-ақ ерекше оқиғалардың куәсі болдым. Соның ішінде Президентпен кездесуімді ешқашан ұмытпаймын. Қасым-Жомарт Тоқаев SDU University базасындағы халықаралық кеңсені аралағанда түсіміз, түріміз әртүрлі болғанымен, бірлігіміз жарасқан орта екенімізді көрсеткіміз келді. Топтастарыма Мемлекет басшысының алдында мемлекеттік тілде сөйлегім келетінін айттым. Олар да қолдады. Жасыратыны жоқ, алғашында қатты қобалжыдым. Бірақ Президент «Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеп жүргенімде бір мәрте Ангола астанасы Луанда қаласына іссапармен бардым»  деп, өз оқиғасымен бөлісе бастағанда қобалжығаным басылды.

Міне, осының барлығын ескере отырып, қазір ойласам, Қазақстанда оқу туралы шешім қабылдағаныма қуанамын. Алғысым шексіз. Бұйыртса оқуды аяқтаған соң туған еліме пайдамды тигізгім келеді. Балаларға математика пәнінен дәріс бермекпін. Қазақстанды сағынатыным сөзсіз», – дейді ол.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88