Америкада жүк көлігін жүргізу ең табысты сала ма?

GTOF Logistics LLC консалтингті компания жетекшісі Дина Вахидовамен сұхбат

Нұрдәулет Кәкіш
12/09/2023 - 16:23

АҚШ-тағы қазақтардың көпшілігі бүгінде трак жүргізіп, күн көріп жүр. Жұмыстың бұл түрінің қандай тиімді әрі қиын тұстары бар? Оның талаптары қандай? Жүк көлігін тізгіндеу үшін қанша қаражат қажет? Осы және басқа да сұрақтар бойынша Sarbaz.kz тілшісі GTOF Logistics LLC консалтингті компанияның жетекшісі Дина Вахидовамен сұхбат құрды.

– Дина Нарбайқызы, қазіргі таңда АҚШ-тың қай қаласында тұрасыз? Кәсібіңіздің қандай ерекшелігі бар?

– Қазіргі таңда мен Пенсилвания штатының Филадельфия қаласында тұрып жатырмын. Бастапқыда Нью-Йорк қаласында тұрдым. 2022 жылдың наурыз айында Филадельфияға көшіп келдім. Қазір шағын кәсібіміз бар. Трак, яғни жүк тасымалымен айналысатын компанияларға, әсіресе жұмысын енді бастап жатқан компанияларға, осы сала бойынша бизнес бастағысы келетін адамдарға құжат дайындау, ресімдеу жағынан түрлі қызмет көрсетеміз.

– АҚШ-та тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды? Кәсіпті қалай, неден бастадыңыз?

– АҚШ-та тұрып жатқаныма 3 жылдан асты. Бұған дейін әртүрлі жұмыс істедім. Яғни саудамен де айналыстым. Филадельфияға көшіп келген соң жүк тасымалымен айналысатын компанияға жұмысқа орналастым. Бұл компанияға жұмысқа қабылдауда ағылшын тілінде жақсы сөйлейтіндігім және компьютерді жақсы меңгергенім, Қазақстанда кадр ісін жүргізудегі тәжірибем ескерілген сияқты. Жұмысқа тұрушылардың құжаттарының АҚШ заңдылығына, стандартқа сай келуін, оны қай жүйеде тексеру керектігін – бәрін осы компанияда жүріп үйрендік. Мен үшін бұл тың сала болатын. Дегенмен әріптестерімізден тынбай үйреніп, 3 айдан кейін өз бетімше жұмыс жүргізуді игеріп кеттім.

Жалпы, жүк тасымалдау компаниясының өзіндік қағидалары бар. Сол қағидаларды мұқият қарап, жүргізушілерді жұмысқа қабылдауда құжатының Америка заңдылығына қаншалықты сай келетінін бағамдауды, бұрынғы жұмыс орындарында ереже бұзушылық болған-болмағанын тексеруді үйрендім. Онымен қоса, сақтандыру компанияларымен жұмыс жүргіземіз. Өйткені коммерциялық трактар үлкен көлемдегі көліктер болғандықтан, оны сақтандырусыз жүргізуге болмайды. АҚШ заңдылығына сәйкес, әр компанияның өзіндік сақтандыру саясаты болады. Соның барлығын әр жүргізушіге папка дайындап, қадағалап отырамыз. Бұдан бөлек компанияның салықтары бар. Сонымен қатар үлкен жүк көліктері жолда жүру үшін АҚШ-тың рұқсатнамалары болуы керек. Әр үлкен ақылы жолға кейбір штатта салық ай сайын, тағы бір штаттарда 3 айда бір рет белгілі бір мөлшерде төленеді. Жүк көліктерінің қай штаттың қай жолымен жүргені нақтыланып, уақыты келгенде Көлік департаментіне есеп тапсырылады. Осы жұмысты да қадағалауды меңгердім.

Жұмысқа әбден дағдыланған соң өз кәсібімізді бастадық. 2022 жылдың қыркүйек айында өз компаниямды аштым. Қазір осы салада жұмыс істеп жүрген мамандарға құжат ресімдеу, салық төлеу, айыппұлдары болса, оны да өтеп беру бойынша қызмет көрсетеміз.

– Жалпы, Америкада кәсіп бастау үшін не істеу керек? Сіздер бизнес бастағысы келетін азаматтарға қандай қызмет көрсетесіздер?

– Америка Құрама Штаттарында бизнес бастау үшін ең алдымен сол бизнес жөнінде білім керек деп ойлаймын. Өйткені не істеу керектігін білмесе, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби маман болмаса, қиын болады. Ал компания ашу бойынша құжат жағы аса қиын емес. Себебі оның бәрі онлайн түрде жүргізіледі. Көп жағдайда құжат тапсыру жеңілдетілген. Егер құжаттары заңға сай, дұрыс болса, еш қиындық болмайды. Әрине, кәсіп бастауда қаржы мөлшерінің де рөлі зор. Бірақ қандай кәсіп бастайды, соған байланысты. Мысалы, менің кәсібім аутсорсинг компаниялар қатарына жатады. Сондықтан көп шығынды қажет етпейді. Тек басында заңға сәйкес, белгілі бір сомадағы жарнаны төледік, ол аса көп қаржы емес. Қазір ешқайда бармаймыз, арнайы зат сатып алмаймыз. Кеңседе отырып, интернет немесе телефон арқылы байланысқа шығып, шағын компанияларға қашықтан да ақылы қызмет көрсетеміз. Қызмет көрсетілетін компаниялардың құжаттары дұрыс болса, ешқандай кедергі болмайды.

Ал егер біздің сала бойынша компания ашқысы келетіндер болса, оларға да қызмет көрсете аламыз. Ең бірінші кезекте АҚШ заңдылығы бойынша арнайы шешімдерді алуға кірісеміз. Одан кейін кеңсе таңдайды. Сақтандыру компаниясымен байланыс орнатып, жүк көліктерінің санын көрсетуі керек. Трак санына қарай оларға қанша жұмысшы қабылдау керектігі, жалпы жұмысты қалай жүргізу қажеттігі бойынша кеңес береміз. Кейін салықты, сақтандыруды қалай төлеу керектігін үйретеміз. Сонымен қатар енді ашылған компаниялар балансындағы трактарды тіркеу керек болады. Осы сұрақ бойынша қайда барып, не істеу керектігі жөнінде жол сілтейміз. Көп жағдайда жүк тасымалымен айналысатын компаниялардың мұндай жұмыстармен шұғылдануға уақыты тапшы болғандықтан, біздің қызметімізге жүгінеді. Олармен келісімшартқа отырып, жұмыс істейміз.

– АҚШ-та бизнеске бет бұрған қазақтар қатары көбейіп келе ме? Осы уақытқа дейін сіз қанша адамның кәсіп бастауына себеп болдыңыз?

– Қазіргі таңда АҚШ-та қазақтардың ІТ, тазалық, сұлулық салоны сияқты түрлі салада бизнес бастап жатқаны туралы жиі естимін. Ол, әрине, қуанышты жағдай. Бірақ жүк тасымалдау қызметі бойынша компания ашу жөнінде қазақ қандастарымызға әзірге қызмет көрсеткен жоқпын. Жалпы, қыркүйектен бері осы сала бойынша 6-7 компанияның ашылуына, оның әрі қарай жұмыс жүргізуіне қызмет көрсетіп келеміз.

– Бұған дейін Қазақстанда да бизнеспен айналыстыңыз ба? АҚШ пен Қазақстандағы бизнес жүргізу ісіндегі айырмашылық туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақстанда бизнеспен айналысқан жоқпын. Мемлекеттік компанияларда жұмыс істедім. Жеке кәсібімді ашу ойымда болған жоқ. Тек елде бизнес бастаған досымнан құжаттар мен төлемдерге қатысты қандай қиындықтар бар екенін естідім. Сондықтан екі елдегі айырмашылық туралы нақты айта алмаймын. Дегенмен аса қатты айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Қай жақта да білікті болу маңызды. Қай елде болсын, кәсіп бастау үшін белгілі бір мөлшерде қаржы қажет. Дей тұрғанмен Америкада бизнес бастау, жеке кәсіппен айналысу Қазақстанға қарағанда біраз жеңілдеу сияқты.

– Алда қандай жоспарыңыз бар? Қандай жетістікке жетуді мақсат тұтып отырсыз?

– Әрине, арман-мақсатымыз көп. Бизнеске келсек, клиенттеріміздің санын қазіргіден де көбейтіп, АҚШ-тағы, соның ішінде Филадельфия қаласындағы жүк тасымалдау саласындағы ірі компаниялармен келісімшартқа отырып, иық тіресе жұмыс істегіміз келеді. Соған мақсат қойып отырмыз.

– Америкадағы қазақтардың көпшілігі бүгінде трак жүргізеді. Бұл тіршіліктің қандай тиімді және қиын тұстары бар? Бұл жұмыспен айналысу үшін не істеу керек? Талаптары қандай? Қанша қаражат қажет?

– Иә, дұрыс айтасыз, қазіргі таңда АҚШ-та трак жүргізетін отандастарымыз көп. Бірақ трак жүргізу жұмысы оңай емес. Сонымен қатар бұл жұмыстың жақсы жағы да, минустары да бар. Жақсы жағын айтсақ, жүк көлігін жүргізу арқылы көптеген штатқа барып, ел көріп, жер көру мүмкіндігіне ие болады. Ал минус жағы – дұрыс әрі уақытылы тамақтану режимінің, уақытылы ұйқы режимінің бұзылуы. Тамақты өзімен бірге алып шығады немесе жол-жөнекей «трак стоптарда» тамақтанады. Содан кейін ұзақ уақыт бойы бір орында қозғалмай отыру да денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Жолда өте мұқият болуы керек. Қыстыгүні кей жол тайғақ болады. Таулы жерлерде жүк көлігінің ауып кету ықтималдылығы бар. Жаздың күндері ауа райы өте ыстық штаттарға баруы немесе басып өтуі мүмкін.

Бұл жұмыспен айналысу үшін ең алдымен АҚШ-та жұмыс істеуіне рұқсат етілетін құжаты болуы керек. Одан кейін медициналық анықтама алуы тиіс. Онда қан құрамы мұқият тексеріледі. Қаны таза, яғни ішімдік немесе есірткінің белгісі болмауы керек. Денінің сау болуы өте маңызды. Өйткені жүк көлігінің жүргізушісі өзіне ғана емес, қоршаған ортасына да зиянын тигізбеуі керек. Сондықтан да денсаулығы қатты тексеріледі. Коммерциялық жүргізу лицензиясы болуы керек. Оны алу үшін арнайы мектепке барып, тренингке қатысады, емтихан тапсырады. Шарттары қысқаша осындай. Осылайша, біліктілігін арттырған соң ғана жүргізуші жұмысқа қабылданады. Рұқсат алу үшін белгілі бір сомада ақша төлейді. Курс ақысы шамамен 2-3 мың доллар болады. Әр адамның қабылдау деңгейіне қарай курс 2 апта немесе 1 ай оқытылады. Басында теория бойынша, кейін практика жүзінде емтихан тапсырады. Трак жүргізушілерімен диспетчерлік топ та жолға шығады. Жолда көлік істен шығып, тоқтап қалған жағдайда жүргізуші сол диспетчерлік топтың көмегіне жүгінеді. Дегенмен оларды шақыртқан кезде де ақаудың неден болып тұрғанын білуі керек. Оның бәрі курс кезінде толық үйретіледі.

– Жалпы, АҚШ-та қандай кәсіп түрімен айналысу тиімді?

– Бұрын трак саласында жұмыс істеу өте тиімді деп жиі айтылатын. Қазіргі таңда адамның бейіміне қарай кез келген салада бизнес жүргізуге мүмкіндік бар. Достарымның айтуынша, бүгінде ІТ, трейдинг сияқты салалар бірінші орында.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88