«Қанша тырыссақ та, доңыз етіне үйрете алмадық»: америкалық әйел асырап алған қазақ балалары туралы

Америкалық ана неліктен Қазақстаннан бала асырап алу туралы шешім қабылдағанын түсіндірді

Нұрдәулет Кәкіш
04/09/2023 - 16:57

Қазақ баласын бауырына басып, өсіріп жеткізген америкалық ана бастан кешкен қиын да қызықты сәттері туралы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі KazUnite халықаралық порталына сілтеме жасап.

Америкалық ана неліктен Қазақстаннан бала асырап алу жөнінде шешім қабылдағанын былайша түсіндірді:

«Күйеуімізбен отасқаннан кейін он бір жыл балалы бола алмадық. Жасым қырыққа толғанда бала асырап алу туралы ойлай бастадық. Көп ел менің жасымдағы адамдарға бала асыруға рұқсат бермеді. Ал Қазақстанда ол кезде бала асырап алушылардың жасына қатысты шектеулер болмады. Екінші себебі, таныстырамыз бен достарымыздың арасында Қазақстан мен Ресейден бала асырап алғандар көп еді. Олардан Қазақстаннан бала асырап алу процесі туралы біліп, танысқаннан кейін осындай шешімге келдік», - дейді.

Джейннің (есімі өзгертілген) ата-анасы 1951 жылы Филипиннен АҚШ-қа көшіп барған. Ол АҚШ-та дүниеге келіпті. Туғанынан ана тілін білмей, ағылшын тілінде сөйлеп өскен.

«Балалардың фотосын көргенде Диас бірден көзіме түсті. Бет, әлпеті бізге, яғни филиппиндіктерге келеді. Диастың бұйра шашы әкеме қатты ұқсайды. Әдетте асырап алушы ата-ана мен бала бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан бала асыранды екені қатты білініп тұрады. Біз Қазақстаннан бірден екі бала асырап алғандықтан, екі бауырды жақындастыруда да қиындықтар болды. Бірі қазақша ғана түсінсе, енді бірі орыс тілінде сөйлейтін. Тіл мәселесі басында екеуінің жақсы тіл табысуына кедергі болды. Филиппиндіктердің басты тағамы – тауық пен доңыз еті. Бірақ Диасты да, Әлияны да қанша тырыссақ та, доңыз етіне үйрете алмадық. Екеуі әлі күнге дейін доңыз етін жемейді», - дейді ол.

Ал Диастың есімін не үшін Джеймс деп өзгерткенін америкалық анасы былай деп түсіндірді:

«Ең алдымен Диастың есімін Джеймс деп өзгерттік. Себебі біз Сан-Диего қаласында тұрдық. Сан-Диего Мексикамен шектесетіндіктен, онда мексикалықтар мен латын америкалықтар өте көп. Ал испан тілінде Диас сөзі «өлім» деген мағынаны білдіреді. Сол себепті Диасқа басқа есім береміз деп шештік. Бірақ оған Диас деген есім көбірек ұнайды. Біз өткерген қиындықтардың тағы бірі – Диаспен коммуникация құру еді. Ол ағылшынша түсінбейтін. Сондықтан бастапқыда ымдап сөйлесетінбіз. Бірақ уақыт өте келе, жағдай түзелді».

Балаға шыққан тегін білуі маңызды екенін өз тәжірибесінен біліп өскен ол сондықтан да Диастың өз мәдениеті мен тарихы туралы білгенін қалағанын айтады.

«Біздің ортада қазақтар болмады. АҚШ-тың кітап дүкендерінде Қазақстан тарихы туралы кітап табу қиын еді. Саяхаттағанда Алматы туралы кітап тапқанда қатты қуандық. Онда Алматының суреттері көп еді. Диас 18 жасқа толғанда оған туу туралы куәлігін бердім. Онда биологиялық анасының аты-жөні жазылған. «Биологиялық анаң туралы тек осы ғана ақпарат бар» дедім. Оның өзінің шыққан тегі туралы жақынырақ білуі маңызды екенін түсініп, оған қолдау білдірдім. Мен үшін баламның бақыты маңызды», - дейді Джейн.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Диастың сұхбаты жарияланған болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88