«Толқынмен таласып, талай жорыққа шықтым»: Әскери-теңіз күштерінің күнделікті өмірі

«Айдында апталап емес, айлап жүрдік»

Sarbaz.kz редакторы
25/08/2023 - 16:26

ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінде шебер-старшина ретінде қызмет еткен Айдаулет Ордабаев  басынан кешкен оқиғалармен бөлісті. Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта борышын буырқанған Балтықтан бастап, қарт Каспийде қайралған ардагер теңізші кеңінен толғады.

«Арманым Аралдан басталды»

Аралда тудым, Аралда (Қызылорда облысы, Арал қаласы) өстім. Жағасын сағалаған сан баланың бірімін. Кезінде Арал қандай еді?! «Аралым – айдын шалқарым» деп жырлайтындай еді. Ондағы ата-кәсіп – балық шаруашылығы.  Әр отбасының азығы десек болады. Жұртпен қатар біз де солай күнелттік. Әкемнің тағы бір кәсібі – кеме құрастыратын. Жағажайда тұралап қалған талай кемеге «жан бітірді». Бесаспап болатын. Өзімше көргенімді қайталайтынмын. Бірдеңені шұқылап, жөндегенсеймін.

Нағашы атам да осал болмады. Ол кісі – азаматтық кеменің капитаны. Екеуін өнеге тұттым. Айналам да әсер етпей қоймады. Жағажайдағы теңізшілерге де ұқсағым келді. Киім киісі ерекше. Күндеп емес, айлап теңізде жүреді.

«Жағасында жүріп, буырқанған толқынды көремін. Сол толқынмен бір тербелсем. Желкен керген кемемен теңізді шарласам» деген ой тамызығы мазалайтын еді мені.

Қол созым жерде...

Он сегізге келдік. Әскерге шақырту алдық. Ауданнан тексерістен өттік. Одан облыс аттандық.

Қызылорда облыстық әскери комиссариаты. Біртіндеп әр кабинеттен өтіп келеміз. Ең соңында әскери комиссардың өзі қабылдайды. Ол межеге де жеттік. Кезегім келіп, кірмесім бар ма?! Сөйтсем, кезінде көрші болған адамның алдынан бір-ақ шықтым. Көре салысымен мені таныды.

«О, көрші» деді маған бірден. – Сенің әскерге баратын шағың келген екен ғой. Өскен екенсің» деді. «Дәл солай, жолдас полковник!» дедім.

«Мен сені білемін. Қайда, неге қызығатыныңды. Сен әскери-теңіз күштеріне барасың!, деді салған жерінен. Тартынбадым, бірден: «Отан қайда шақырса, сонда барам!» деп жауап қаттым. «Үш жылға барасың. Қорықпайсың ба?!» деді. Қорықпайтынымды білдірдім. Сәт түсіп тұрғанда, табандылық танытқан жөн. Солай, қол созым жерден мақсатқа біртабан жақындадым.

Кронштадт қарсы алды

«Біз Кронштадтанбыз» (Мы из Кронштадта) деген фильм бар. 1936 жылы түсірілген деседі. Балтық теңізшілерінің жанқиярлық ерлігі хақында. Біз соны көріп, өстік. Бірақ оны көзбен көріп, борышымды сол жерде өтеймін деген ой «үш ұйықтасам түсіме кірмеген» еді. Сол жерге жіберілдім.

Бұрын білмесем де кинодан таныс боп қалғаны бар. Жатсынбадым. Қала құшақ жая қарсы алды. Ол жерде оқу орталығында мамандандым. Атомдық суасты қайықтарының химигі атандым. Радиация деңгейін үнемі өлшейтінбіз. Шегінен асып, жоғарылаған кезін көрмедім. Соған шүкіршілік деймін. Солай алты ай өте шықты.

Мақсатқа жеткізген Мурманск

Оқу орталығын бітіргеннен кейін бізді Солтүстік теңізге (Мурманск) жіберді. Онда 6-шы сүңгуір қайық дивизиясы орналасқан еді. Мерзімді қызметімді сонда жалғастырдым. Матрос болдым. Одан аға матрос атандым. Кейіннен старшиналыққа (алдымен  ІІ дәрежелі, одан кейін І дәрежелі старшина) жеттім. Экипаж құрамында тапсырмаларды бұлжытпай орындадық. Тәжірибе жинақтадым. Ысылдым. Толқынмен таласып, талай жорыққа шықтым.

Күні кеше еді, осы теңізді аңсағаным... Күні кеше еді, тәтті қиялға ерік бергенім... Арманым мақсатқа айналғаны осы емес пе?! Асаудай толқыған дарияда жүрек тыншыды. Дегеніме қол жеткізгеніме шүкір еттім. Осылай 3 жылдың қалай аяқталғанын білмей қалдым.

Әкем батасын берді

Аман-есен әскери борышымды өтеп, елге келдім. Туған-туыспен бір қауышып, қайтадан кері оралу ойда бар еді. Алайда...

Кеңес үкіметінің іргесі ыдырады. Біз қызмет еткен Кеңес әскері құрамының жігі үзілді. Кеңес елдері өз алдарына тарап жатты. Екі ортада не істерімізді білмедік. Сөйтіп, еріксіз ауылда қалдым. Саудаға көштім. Болмады. Басқа істі көрдім. Ол да қолдан келмеді. Келмегенде, жүрек тартпады. Көңіл шіркін, баяғы теңізде.

Әкем де оны сезіп жүрді. Бірде бәріміз теледидар тамашалап отыр едік. Арналардың бірінен Ақтауды көрсетті. Онда әскери-теңіз күштері құрылып жатыр екен. Қуанып кеттім. «Өз еліміздің теңіз күші болады» деп, мәз-мейрам болдық. Сол мезетте: «Әкетай, мен сол жаққа барамын» дедім. Ол кісі бетімнен қақпады. Батасын берді. Пойызға билет алып, Ақтауға жол тарттым.

«Батаменен ел көгереді» дейді. Марқұм әкемнің батасы күні бүгінге дейін алға жетелеп жүр.

Ақтауға бірден ғашық болдым

Бағанағы берген хабардан тыңдағаным болмаса, Ақтауды өмірі көрмегенмін. Мінген пойыз сол бағытты алып бара жатыр. Бір кезде тоқтады. Түскен бетте теңізді іздеймін ғой. Олай қараймын, былай қараймын. Көрінбейді. Танитын адамым да жоқ. Не істеу керек?

Жолыққан адамнан жөн сұрадым. «Ақтау деген осы ма, теңіз қайда?», деп. Сөйтсем, мен түскен жер – Маңғыстаудан ол 15 км жерде әрірек орналасқан екен. Таксимен бағытты алдым.

...Ақтаудың көркі алыстан көз тартты. Бірден ғашық болдым. Көрікті, тап-таза, әсем қала. Теңіз жағасында орналасқан. Іздегенімді тапқандай күй кештім. Сөйтіп, сондағы әскери бөлімге бардым. Ондағыларға жолығып, жөнімді айттым. Қуана қабыл алды.

«Кемедегінің жаны бір»

Осылай еліміздің әскери-теңіз күштеріндегі қызметімді бастадым. Көп ұзамай кеменің боцманы болып тағайындалдым. Боцман – барлығына жауапты. Ол жоғарғы палубаға, кемедегі тәртіпке, тазалыққа, тіпті сыртқы келбетіне де жауап береді. «Боцман қандай, кемесі де сондай болады» деп бекерге айтылмаған.

«Кемедегінің жаны бір» деп жатады. Өте дұрыс айтылған. Айдынды шарламас бұрын оны түйсінеміз. Әрқайсымыз (экипаж) жауапкершілікті жақсы білеміз. Айлап сапарлағанда күннің қолайсыздығын елең етпейтініміз де бар. Тапсырма аты тапсырма. Бұлжытпай орындау – біздің міндетіміз.

Біздің бір күніміз

Біздің күнделікті өміріміз қызыққа толы өтті. Бір күнімізді сөз етейін.  

Таң мезгілі. Жеке құрам ұйқыдан тұрады. Денені шынықтырады. Кемені кішігірім жинақтаймыз. Негізі кеме экипаждары күніне 3 рет кемелерді тазалайды. Таңғы ас ішілген соң кемедегі жалауды көтереміз. Бұл біз үшін маңызды сәт. Оған әр кеменің экипаждары қатысады. Мұнан кейін кемеге көшеміз. Оның қару-жарағына, техникасына, механизміне мән береміз. Барлығын қолмен айналдырып жіті тексереміз. Теңізге шықпай тұрып кілтипанын қараймыз. Болып жатса, жөнделеді. Одан соң сабақтар басталады.

Түскі мезгіл. Түскі астан кейін адмирал сағаты. Жеке құрам (вахтадан басқа) бір сағат демалады. Кейін әрқайсысы өз міндетіне кіріседі. Мысалы, сабақтары барлар сабаққа кіріседі, кезекші кезекшілігін атқарады. Кешкі мезгілде (астан соң) жалаулар түсіріледі.

Бір айта кетерлігі, әр кемедегі іс қоңырау соғылумен білдіріледі. Мысалы, «экипаж сапқа тұрғызылсын, экипаж сабаққа кіріссін, кемедегі шағын жинауға кіріссін» дегендерді қоңыраудың сүйемелімен естейміз.

Теңізде тербелген тіршілік

Арманым мені алдамады. Алыс елдерге апарды. Талай теңіз портын көрдім. Айлап сапар шектім. Баренц теңізі арқылы Норвегия елінде жорықта болдым. Атлант мұхитының алабына еніп, кіші Азия мен Еуропа құрлығын байланыстырып жатқан Қара теңізді шарладым. Қара теңіз бен Эгей арасындағы байланыстырушы буын – Мәрмәр теңізінде болдым. Қара және Мәрмәр теңіздерін жалғастыратын су айдыны Босфор бұғазында болдым. Оның жағалауында Түркияның Ыстанбұл қаласы орналасқан.

Ресей Федерациясының еуропалық бөлігінің оңтүстігінде орналасқан Азов теңізінде тербелдім. Ол Еділ-Дон каналы арқылы Каспий, Балтық және Ақ теңіздермен жалғасады. Балтықтан бастап Каспийге келгенімді ілгеріде айттым. Олар да шарлаған теңіздер тізбегінде.

Толқынды тулатқан дауылды өткердік. Нөсерлете жауған жаңбырын да елемедік. Айдында апталап емес, айлап жүрдік. Жер көріп, ел танығаныма шүкір деймін. Теңізде тербелген тіршілігіме ырзамын.                                            

Ешкімнен кем емеспіз

Қазақстанның ең жас әскери күші – теңіз күші. Құрлық әскерінің немесе Әуе қорғанысы күштерінің базасы бізде баяғыдан бар. Ал әскери-теңіз күштерінікі болмаған. Тәуелсіздік алғаннан бастап қолға алынған жүйе.

Содан да болар, кейбір мемлекеттер бізге сенімсіздікпен қарайтын. Әрине, олар бірнеше ғасыр бойы дамып келе жатыр. Алысқа кетпей, көршілес Ресейді алайық. Ол елдің теңіздегі әскері сонау Петр заманынан бері бар. Кеңес кезіндегі әскери қызмет барысында көзім көрген. Бірақ біз де осал емеспіз.

2006 жылы Оңтүстік Кореяға кемелерді қабылдау үшін бардым. Кәрістер «қазақтар дым білмейді» деп ойлады. Олардың қойған сұрақтарына нақты жауап бердім. Одан кемелерде қалай жұмыс істеу керектігін жіпке тізгендей жіптіктедім. Тіптен көрсетіп бердім. Ауыздарына құм құйылды. Таңданыстарын жасырмады. Артында бәрі қол шапалақтап, қолымнан алды. Осылай біз де ешкімнен кем емес екенімізді дәлелдедік.

Сұхбаттасқан Рима Әбеуова

Тегтер

×

Редакция

$ 523.17  550.06  4.93