Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Жауапты іс-шараның өту барысымен танысу мақсатында біздің тілшіміз Ұлытау облысында болып, Сәтпаев қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы майор Амангелді Талғат Амангелдіұлымен кездесіп қайтты.
Ұлытау қасиетті өңір, шерте білсе – сыры көп, тыңдай білсе – мұңы көп. Қойнауы тұнған тарих. Қазақтың осындай киелі де, қасиетті өңірінде ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі Қаныш Сәтпаев атындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімді басқаруда жауапкершілік жеңіл болмаса керек-ті?
Сәтпаев қаласының қорғаныс істері бөлімі 1974 жылы Жезқазған облысы, Никольский қаласының әскери комссариаты болып құрылған және бірінші әскери комиссар болып Орта-Азия округінің әскери қолбасшысының бұйрығымен подполковник Холо Глеб Францевич тағайындалған.
1992 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атауы Сәтпаев қаласының әскери комссариаты болып және 2004 жылы Сәтпаев қаласының қорғаныс істері бөлімі болып өзгертілген. 1974 жылдан бері осы мекемені Г.Ф.Холо, Г.И.Адринский, Ж.М.Исенов, В.Н.Поршнев, Б.Г.Кариев, А.Д.Грудей, Д.Д.Ахматкулов, Р.Н. Шакерханов және Е.С. Уткельбаев деген офицерлер басқарған. Ұжым ардагерлері саналатын Крицкая Фарида Фуатовна, Глинкина Наталья Борисовна, Шайгозов Алмабек Мұқанұлы және Бегаева Гаухар Молдабергенқызы қатардан қалмай бүгінгі күнге дейін жемісті еңбек етуде.
Облыстық департамент шығарған қорытындыға қарасақ, біздің ұжымда жұмыс дұрыс жолға қойылған. Бұл – әрі мақтаныш, әрі үлкен жауапкершілік. Кейбір басшылар жаңа лауазымға тағайындалғанда істелініп жатқан жұмысты басқа жаққа бұрып жібереді. Өз басым оған қарсымын. Керісінше, бұрынғылардың озық тәжірибесін зерделеп, содан тәжірибе алу керек деп есептеймін. Күнделікті қызмет барысында жоғарыдан қойылған тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау үшін оны жетілдіріп отыру қағидатын ұстанамын.
Жалпы мен өз басым осы күнге дейін үшінші гарнизонда қызмет етіп келемін. Құрылым басшылықтарынан үйренгенім аз емес. Өткен жылдарда сала қызметінің қыр-сырын үйретіп, әр гарнизонда маған тәлімгер бола білген біраз офицерлерді атай кетейін. Мейрембеков Ерен Оқасұлы, Жетібаев Алмат Бекетайұлы, Агий Иван Петрович, Ермұханбетов Бауыржан Берліқожаұлы, Жұманов Ержан Нұртөлеуұлы және Кабулов Сапар Мұратұлы сияқты аға офицерлердің қасында қызмет ете жүріп, үйренгенім аз емес. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Ал Сәтпаевта, жалпы Ұлытау өңірінде қызмет атқаруға келсек, менің ойымша қай өңірде болсын біздің қызметтің талаптары бір. Оның негізгілері: жұмылдыру дайындығын арттыру, әскер түрлерін жастармен қамту және жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу. Әрине, орталық өңірде металлургия өндірісі дамыған, содан кейін жастардың бәрі сол жұмысқа тартылады, бірақ біз Ұлытау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, жастарды өз өмірлерін әскери қызметпен байланыстыру үшін оның тиімділігі мен жеңілдіктері жөнінде жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз.
– Әскерге шақыруды ұйымдастыру күрделі әрі жауапкершілікті талап ететін жұмыс, себебі әскерге шақырылған әрбір бала бір-бір отбасының тірегі, мақтанышы және жалғастырушысы. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында былай деп айтып өтті:
«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында ең алдымен темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрлымдар осы талапты орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты».
Мемлекет басшысының осы қағидаларын ұстана отырып, біз өз тарапымыздан алдын-ала зерделеу жұмыстарын, әртүрлі мемлекеттік органдарға тиісті сұраныстарды жіберіп, балалардың отбасылық жағдайын, медициналық тұрғыда жарамдылық деңгейін және психологиялық жағдайын тиісті мамандарды тарта отырып, әскерімізді Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» № 561-IV Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №620 қаулысына сәйкес сапалы толықтыру үшін жұмыс атқарудамыз. Айта кетсек, 2023 жылы Отан алдындағы борышын атқару үшін 217 бала жіберсек, 2024 жылы бүгінгі күнге 150-ден аса бала әскерге аттанды. Бұл көрсеткішті одан ары ұлғайту үшін қажетті жұмыстар жасалуда.
– Жалпы Ұлытау өңірі өзінің киелі жерлері мен тарихи ескерткіштерімен танымал, мысалы Алаша хан мазары, Жошы хан мазары тағы басқа киелі жерлер бар мұнда. Мен үшін осындай жерде қызмет ету мақтаныш, ал енді Сәтпаев қаласын алсақ, елі қонақжай, халқымыздың салт-дәстүрлері сақталған мекен. Оны да зор мақтанышпен ата аламын.
– «Біртұтас ел – біртұтас жер» қағидасын ұстана отырып, қызметімізде мемлекетіміздің өркендеуіне қосатынымыз таусылмасын. Дінмұханбет Қонаев атамыз айтқандай, «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих». Сол тарихқа өзіміздің жарқын бейнемізді қалдыру үшін мен ұдайы өз елімнің өркендеуі үшін қызмет еткенмін, ары қарай да қызмет етемін. Әрдайым Елді, Жерді сүйе білейік!
БІЗДІҢ АҚПАРАТ:
Майор Амангелді Талғат Амангелдіұлы, 1983 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында дүниеге келген.
Жансүгіров ауылындағы Е.Сиқымов атындағы орта мектебін (2000 ж), Алматы есептік-технологиялық колледжін (2000-2002 жж) «Кеден ісі» мамандығы бойынша бітірген.
Мерзімді әскери қызметін Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде (2002-2004 жж) атқарған.
2005 жылдан Алматы облысы Ақсу ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөліміне бөлімшенің есеп бойынша инспекторы болып жұмысқа орналасқан. 2007 жылдан келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылған. 2012 жылғы 26 мамырда ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «лейтенант» әскери атағы берілген.
Бұған дейін Ақсу ауданындағы, Талдықорған және Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы бөлім және басқармаларда қатардағы инспектордан бастықтың орынбасары лауазымына дейінгі барлық сатыда қызмет еткен.
2023 жылдың наурызынан Сәтпаев қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы. ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және т.б. мерейтойлық медальдармен марапатталған. Отбасылы, 4 қызы бар.
Сұхбатты жүргізген Марат ЖҮНІС-БЕК