Ол бүгінде қаржы саласы бойынша АҚШ-тағы әлемдік Schlumberger компаниясының вице-президенті
Әлемдік ірі компанияда жұмыс істеу үшін таныстың болуы шарт емес. Бұл туралы Еуропа, Африка елдерінде жұмыс істеген, бүгінде АҚШ-та қаржы саласы бойынша әлемдік Schlumberger компаниясының вице-президенті Нұржан Оңалтаев KazUnite тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Нұржан – Жетісай қаласындағы №6 орта мектепте оқыған қазақтың қарапайым баласы. Мектеп бітіргеннен кейін KIMEP-ке оқуға түсіп, Атырауда екі жыл жұмыс істеген.
«Атыраудан кейін Алжирге жұмыс бабымен көштім. Қаржы саласында қызмет етемін. Отбасын құрғаннан кейін жарыммен Парижге көштік. Екі қызым сонда дүниеге келді. Балаларым Францияда балабақшаға барды, мектеп табалдырығын да сонда аттады. Еуропадан кейін Африкадағы Конго еліне қоныс аудардық. Конгода үш жыл жұмыс істедім. Онда да қаржы саласының маманы болдым. Қазір АҚШ-та Schlumberger компаниясында қызмет етемін, қаржы мәселесі бойынша вице-президентімін.
Schlumberger – мұнай саласындағы ең ірі компанияның бірі. Онда жүз мың адам жұмыс істейді. Бірнеше елде филиалдарымыз бар. Қазақстанның да бірнеше қаласында кеңсесі орналасқан», – дейді Нұржан Оңалтаев.
Ол әлемдік компанияларда жұмыс істеу үшін таныстың болуы шарт емес екенін, еңбектенсең, талпынсаң, «аға-көкесіз» де кез келген жерде қызмет атқаруға мүмкіндік бар екенін айтады.
«Америкалық менен көбірек біледі немесе еуропалықтың істеген жұмысын мен істей алмаймын деген ойдан арылып, алға қарай талпыну қажет. Көптеген елдің азаматтарымен еңбек еттім. Қазір де шетелдік азаматтар қол астымда жұмыс істейді. Барлық адамның мүмкіндігі бірдей. Тек еңбек пен талпыныс керек. Орта білім болсын, жоғары білім болсын, сабақты жақсы оқу керек. Бұл дегеніміз тек өткен тақырыпты жаттап, айтып беріп, жақсы баға алу емес. Тақырыпты және оның логикасын түсіну маңызды. Кейде Қазақстаннан «жұмысқа орналастыр» деп хабарласады. Мені Қазақстан компаниясында жұмыс істейді деп ойласа керек. Адам талпынса, кез келген компанияға жұмысқа таныссыз-ақ тұра алады. Әлем бойынша компаниялар өте көп.
Тағы қосарым, көбіне адам сағат тоғыздан алтыға дейін кеңседе отырып, жұмыс уақыты біткенде үйіне қайтуға асығады. Алайда жақсы нәтижеге жету үшін басқаларға қарағанда көп жұмыс істеу қажет. Жұмысты жақсы көріп істеу өте маңызды. Әлемдік ірі компанияда жұмыс істеу үшін өзгелерден бөлектеніп тұру керек. Мәселен, департаментте он адам болса, оның ең үздігі сен болуың керек», – дейді Schlumberger компаниясының вице-президенті.